Бизнесті бірлесіп дамытпақ

Сәу 24, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Алдағы уақытта біздің өңірде хорватиялық компаниялардың қатары көбеюі мүмкін. Екі тарап облыс аумағында бірлескен бизнес жүргізіп, сауда көлемін арттыру мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Хорватия Республикасының біздің мемле-кеттегі елшісі Рефик Шабанович өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімдігінде өткен кездесу барысында Павлодар облысы мен Хорватия Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов дипломатқа өңірдің экспорттық мүмкіндіктері, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары және өңірдің перспективалы бағыттары туралы айтты. 2024 жылы Павлодар облысының Хорватиямен сыртқы сауда айналымы 6,9 млн АҚШ долларына дейін өсті. Сауданың басым бөлігін алюминий экспорты және вулканизацияланған резеңкеден жасалған бұйымдар импорты алады. Рефик Шабанович өзі өкілдік ететін ел сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ, дипломат сәуірдің соңында Астанада өтетін Қазақстан-Хорват бизнес-форумына өңірдің бизнес-қауымдастығын шақырды. Оған экономиканың түрлі секторынан 28-ден астам шетелдік компания қатыспақ.

— Біз барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Жергілікті билік қолдауының арқасында ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатамыз деген үміттеміз, —
деп түйіндеді Рефик Шабанович.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.