«Amanat» партиясының жұмысы жылдан-жылға дамып, еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады. Бұрнағы күні аталмыш партияның облыстық филиалы ағымдағы жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, сайлауалды бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірлік «Жол картасының» орындалу барысымен бөлісті.
«Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бүгінгі таңда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Жол картасы» бойынша барлық тармақтар партия фракциясының 134 мүшесінің бақылау-ында екенін айтты. Яғни, кешенді жоспар барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына бекітілген.
— Мәслихаттардағы 189 мандаттың 148-і «Amanat» партиясының депутаттарына тиесілі, бұл 78,9 пайызды құрайды. Есепті кезеңде фракциялардың 52 отырысы өтіп, онда 156 мәселе қаралды. Өткізілген отырыстарда тиісті мемлекеттік органдарға 224 ұсыныс жолданды. Біздің партияның мәслихаттардағы артықшылығы туралы хабардар ете отырып, партия мүшелерінің аудан әкімдері мен ауылдық округ әкімдерін сайлауға белсенді қатысуын атап өткім келеді. Осылайша, 2023 жылы Шарбақты, Железин, Ақтоғай сияқты үш ауданда аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Онда партия кандидаттары айтарлықтай жеңіске жетті. Биыл 31 ауылда сайлау өтіп, партия мүшелерінің барлығы жеңіске жетті. Жалпы, 2021 жылдың басынан бері біз 118 ауыл әкімін сайладық. Ағымдағы жылдың 28 қазанында облыс басшысы мен партияның Орталық аппаратының басшысы М.Ж.Оспановтың қатысуымен сайланған ауылдық округтер әкімдерінің тұңғыш форумын ұйымдастырдық, — деді И.Теренченко.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы «Amanat» партиясының депутаттары өңірде құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізіп, құрылыстың сапасы мен тапсырылу мерзімін назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Айтуынша, биыл білім саласында 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, жүргізілді. Ал денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 медициналық нысанның құрылысы жоспарланды. Оның ішінде 23 фельдшерлік пункт, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 дәрігерлік амбулатория. Бүгінгі таңда 8 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беру актісі рәсімделуде.
— Бұл нысандардың салынуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш екенін ерекше атап өткім келеді. Мәселен, Ертіс ауданындағы Қызылағаш ауылындағы фельдшерлік пункттің құрылысы облыс орталығынан 140 шақырым жерде орналасқан. Осыған байланысты ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қол жеткізуі біршама қиындаған. Қазір мұндағы медициналық орталықтың құрылысы 100 пайыз аяқталды. Бұдан басқа, қалған учаскелерде де жұмыс жалғасуда. Жыл соңына дейін 20-дан астам нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы перзентханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен партияластарымыз бұл нысанды күрделі жөндеудің барлық сатысында мониторинг және бақылау шараларын жүргізді. Қазір болашақ аналарға жайлы әрі жақсы жағдай жасалған, — деді ол.
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де «Amanat» партиясының басты бағыттарының бірі екенін атап, бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын айтты. Мәселен, биыл Павлодар қаласындағы «Достық» шағын ауданында
4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы ауданы 32,8 мың шаршы метрді құрайтын 396 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер 2025 жылы пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта аталған шағын ауданда 112 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Жастар» шағын ауданында қазіргі таңда жылу жүйелері (блокішілік желілер) бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Ауылдық жерлерде де бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жыл соңында Железин, Ақтоғай аудандарында көпқабатты тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Өз кезегінде партияның облыстық филиалының жауапты хатшысы Айнұр Мұхамедьярова филиал жанындағы қоғамдық кеңестер мен қоғамдық қабылдаулардың жұмысын қорытындылап, есепті кезеңде 7430 өтініш қабылданып, оның 66 пайызы оң шешімін тапқанын жеткізді.
— Жалпы партияластарымыздың жұмысы туралы айтып кетсек, фракциямен қатар филиалымызда 2024 жылғы жағдай бойынша 9 Өңірлік кеңес жұмыс істеді. Нәтижесінде биыл 42 отырыс өтті, 95 мәселе қаралды, 136 ұсыным әзірленді. Оның ішінде «Жол картасын» іске асыру мәселелері және оны орындамау тәуекелдері қаралып, талқылауға шығарылды. Кейбір кеңестердің отырысына Мәжіліс депутаттары да қатысып отырды. Кеңес барысында білім мен денсаулық, экология, мәдениет, партиялық бақылау, жастардың жұмысы, аймағымыздың дамуы, ауылшаруашылық мәселелері қозғалып, олардың шешу жолдары қарастырылады. Айтып кеткендей, партиямыз жастарға көп көңіл бөледі. Партияның бір қанаты әйелдер болса, екіншісі – жастар. Яғни, — «Жастар рухы». Биылғы жылы «Таза Қазақстан», «ТазаLike» жобалары аясында 40-тан астам экологиялық акциялар, 1000-ға жуық адамды қамтитын диалог алаңдары өткізілді. Сондай-ақ, «Менің елім — менің тілім» жобасы аясында тұрақты негізде «Сөйле» қазақ тілі спикинг клубы жұмыс істейді, бүгінгі таңда мұнда 200-ден астам адам білім алуда. Партиялық жобалардан бөлек семинар-тренингтер, акциялар, қайырымдылық шаралар, байқаулар, кездесулер өтті. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында партияның ұйымдастыруымен ауқымды іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізілді, —
деді Айнұр Абылайқызы.
Бұдан басқа, «Amanat» партиясы облыстық филиалының жауапты хатшысы қазіргі уақытта өңірде 49 мыңға жуық партиялықтар бар екенін айтты. Оның 215-і бастауыш партия ұйымдары болса, 17-сі — ірі кәсіпорындар. Тоқсан сайын, партия депутаттары мемлекеттік органдармен бірігіп, барлық ірі кәсіпорындарда азаматтарға қабылдау жүргізеді.
— Жалпы облыс бойынша әр 13 филиалда жеке кестеге сәйкес депутаттарымыз, мемлекеттік мекеме басшылары, әкім, әкім орынбасарлары жеке қабылдауларын өткізіп отырады. Ағымдағы жылдың басынан бері облыстық қоғамдық қабылдауларына 7 430 өтініш келіп түсті, оның 66,3 пайызы оң шешілді, 33,7 пайызы қолданыстағы заңнама шеңберінде түсініктеме алды. Партия филиалдарында бекітілген кестеге сәйкес мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды қабылдап, өтініштерін тыңдайды. Есепті кезеңде 5 860 адам қабылданды. Өтініштердің тақырыбы көбінесе елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек заңнамасына қатысты, — деді А.Мұхамедьярова.
Жиын барысында «Amanat» партия-сының облыстық филиалына қарасты әйелдер қанатын басқарып отырған Света Сағындыққызы аталмыш партияның көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейдегі бағдары айқын және даму барысы дараланған шынайы демократиялық үдерістерге сай келетін партия екенін атап өтті. Өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасап, әрқашан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүргенін тілге тиек етті.
– Біз – түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің тоғысатын, үндесетін алаңымыз. Біздің партия әр адамның құқығы мен бостандығын қорғап, ортақ құндылықтармен, ұлттық мүддемен және бір болашақпен біріккен қоғамды қалыптастырады. Біздің партия мемлекеттің міндеттерін алмастырмайды, бірақ халықтың сұранысына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсынады. Бүгінгі таңда партияның бір қанаты әйелдерге арналған. Себебі соңғы кезде әйелдердің қоғамда, билікте, отбасында алар орны айрықша айқындалып келеді. Бұл бағытта партия әйелдер қауымына өз кәсібін бастауға, оқуға, тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалардың арқасында әйелдер қауымы кәсіпкерлік саланы да жақсы меңгеріп келеді, — деді ол.
А.МҰҚЫШЕВ.