Қазір көп ауылдың ішкі жолдарының жөнделгенін көресіз. Бұрын шаңы көкке ұшып жатқан көшелердің өзінде тас жол жатыр. Тас қараңғы көшелердің біразы жарықтанып, тұрғындардың жүріп-тұруына жайлы жағдай туғызды. Кезінде қаланың аулаларында кездесетін балалар ойын алаңдарын да ауылдық елді мекендерден аңғаруға болады. Шалғайдағы ауылдарда балалар бұрынғыша шаңдата доп қумайды, жасанды жасыл алаңда асыр салады.
Халқы көбейсе, қазынасы қампаяды
Міне, осындай игіліктердің аймақ ауылдарына жетуіне мүмкіндік беріп отырған түрлі бастама, бағдарлама бар. Бір елді мекен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін көрсе, енді бірі облыстық бюджеттен бөлінетін бонустық трансферттің нәтижесінде түрленіп жатыр.
Айта кетейік, биылғы облыс қазынасын қалыптастыру кезінде облыс әкімі Асайын Байхановтың бастамасымен аймақтың үш қаласы мен 10 ауданына бонустық трансферт бөлінді. Барлығы 7,7 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаражатты бөлуде аудан-қала әкімдеріне еркіндік берілді. Яғни, олардың жобалар таңдауына да дербестік берілді. Ең басты талап әлгі жобалар ауылдардағы жылдар бойы қордаланып келе жатқан, тұрғындардың сұрап, тілеп жүрген мәселелерін шешуі тиіс. Сонымен бұл 7,7 млрд теңге аудан-қалаға қалай есептелді?
— Бонустық трансфертті есептеу кезінде барлық бюджетке бір ғана тәсіл қолданылды. Трансферттің мөлшері аудан-қаладағы тұрғындардың санына және көші-қонға байланысты болады. Мәселен, ауданға көшіп барғандар көбейсе, сәйкесінше, трансфертке бонус қосылады. Ал, керісінше, аудан-қала тұрғындарының саны кемісе, қаржы да шегеріледі, — дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.
Демек, аудан-қала басшылығы ауылдарда тұрғындар санының артуына мүдделі болуы тиіс. Бұл дегеніңіз, жайлы өмір үшін жағдай жасауға күш салуы қажет. Халықтың үдере көшуінің алдын алғаны абзал.
Биыл қай аудан-қалаға облыстық бюджеттен қанша трансферт қарастырылғанына тоқталсақ, Ақтоғай ауданына 333,7 млн теңге бөлінсе, Аққулыға 378,7 млн теңге қарастырылған. Баянауыл ауданына 675,2 млн теңге, Железин ауданына 412,9 млн теңге, Ертіс ауданына 414,4 млн теңге бөлінген. Май ауданының кем-кетігін түгендеуге облыс қазынасынан 308,1 млн теңге жұмсалса, Павлодар ауданына 769,8 млн теңге бағытталыпты. Тереңкөл ауданы тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыруға 554,3 млн теңге қарастырылса, Успен ауданына 376,3 млн теңге жұмсалған. Шарбақтыда көпшілік сұраған жобаларды жүзеге асыруда облыс бюджетінен трансферт түрінде 499,7 млн теңге бөлінген. Үш қала да құр қалмады. Облыс орталығында бірқатар жобаларды іске асыруға 1 млрд 127 млн теңге, Екібастұздың еншісіне 912,8 млн теңге, ал Ақсу қаласына 904,9 млн теңге берілген.
Қай ауылды қарық қылды?
Бұл трансферт есебінен елді мекендерде не өзгерді? Басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, 7,7 млрд теңге облыстағы барлық ауылдық елді мекендердің үштен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік берген. Нақтысы, бонустық трансферт қаржысына аймақтың 124 ауылында оң өзгерістер орын алды. Айта кетейік, облыста барлығы 352 ауыл бар.
Нақты сандарға келсек, бонустық трансферт есебінен жыл соңына дейін аймақта 43 ауылдық елді мекенде барлығы 82 шақырымдық ауылішілік жол жөнделеді. 32 ауылда балалар ойын алаңы орнатылады. 11 ауылдық елді мекенде футбол алаңдары ашылады. 19 ауылдың демалыс аймақтары, саябақтары мен скверлері, аулалық аумақтары абаттандырылады. 31 ауылдың жарықтандыру жүйелері жөнделіп, көшелеріне жаңа шамдар орнатылады. Тағы 24 ауылдық елді мекенде су құбырлары мен жылу желілерін күтіп ұстауға, жөндеуге дәл осы бонустық трансферттен қаржы жұмсалады.
Бір ғана Тереңкөл ауданын алайық, аудан орталығында, Әулиеағаш, Қоржынкөл, Тамырлы, Фурментьевка, Береговое ауылдарында ауылішілік жолдар салынады. Жаңабет, Октябрск елді мекендерінің көшелері жарықтандырылса, аудан орталығы – Тереңкөл ауылында шағын футбол алаңы салынады. Кейбір елді мекендерде бұрын-соңды асфальті болмаған көшелерге тас жол төселмек. Мәселен, Береговое ауылында Мир, Гагарин, Лермонтов көшелеріне жалпы ұзындығы
3 шақырымнан астам асфальт төселмек.
— 1989 жылы Береговое ауылына көшіп келдім. Содан бері Мир көшесінде тұрамын. Біздің көшемізде ешқашан асфальт болған жоқ. Жаңбыр жауса, ойлы жерлерге су жиналып, балшық езіліп, жүруімізге қиындық туғызатын. Ылғи осы мәселені ауылдастарымыз көтеріп жүрді. Енді қазір асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Өркениеттің жемістері елді мекенімізге жетіп жатқанына қуанамыз, — дейді ауыл тұрғыны Қайырбай Тоқтасов.
Ал Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылында бонустық трансфертке биыл 4 көше жарықтандырылмақ. Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы ауылда жолдар жөнделіп, төрт көшеге жарықшамдар орнатылады. Қазіргі таңда С.Елубаев және Қожамжар көшелеріне барлығы 1,4 шақырымдық ұзындыққа жарықтандыру жүйесі тартылған. Тағы Жағалау және Астана көшелеріне 1 шақырымдық жолға жарықшамдары орнатылады.
— Сахабиден Елубаев көшесінде 2007 жылдан бері тұрамын. Бұрын шамдар әр бағанның басында, арасы алшақ, көшеміз күңгірт тартып тұратын. Қазір жаңа жарық бағандары мен шамдар орнатылып, көшеміз қаланікінен кем түспейді. Адамдар кейде кешқұрым автобустан түсіп, ауылға кіргенде көшеміз жап-жарық. Адаспай үйіне жетеді. Қауіпсіздік жағынан да өте жақсы болды, — дейді Қожамжар ауылының тұрғыны Мұратбек Мәнейұлы.
Осындай ірілі-ұсақты қуаныш аймағымыздың 124 ауылында жыл соңына дейін орын алады. Ауылдан адамдардың көшпеуі үшін жайлылық қажет-ақ. Ауыл – алтын бесік. Сондықтан, бюджет қаражаты да қазақтың күретамыры – ауылдарға ажар беру әлі де жалғасуы тиіс. Қазіргі таңда 2025-2027 жылға арналған облыс бюджеті қалыптастырылуда. Облыстық басқарма басшылығы бонустық трансферт түріндегі бастама алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Келесі жылы қалалық бюджеттер облыстан қарастырылған бонустық трансферттерді тек ауылдық аймақтарға бағыттауы тиіс. Жалпы, бұл оң тәжірибе қала-аудан әкімдеріне тұрғындар үшін маңызды мәселелерді шешуге айтарлықтай көмек болады деп болжануда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.