Бюллетень үлгісі жарияланды

Ақп 26, 2026

Елімізде 15 наурыз күні жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты республикалық референдум өтетіні белгілі. Орталық референдум комиссиясы саяси науқанды әзірлеу мен өткізу күнтізбесін бекітіп, сайлаушыларға ұсынылатын бюллетень үлгісін жариялады.

Орталық референдум комиссиясы бекіткен күн-тізбеге сәйкес, 12 ақпаннан 14 наурызға дейін сайлауалды үгіт-насихат өтеді. Ал 27 ақпаннан 4 наурызға дейін қайда және қашан дауыс бере алатыны туралы ресми түрде хабарланады. 14 наурыз – тыныштық күні. Бұл күні үгіт-насихат жүргізілмейді. 15 наурыз – дауыс беру күні. Дәл осы күні елдің басты заңын қабылдауға қатысты дауыс беріледі. Көпшіліктің таңдауын білу үшін учаскелер таңғы 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық болады. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмовтың айтуынша, референдум 15 наурызда 9 799 учаскеде өтеді. Сонымен қатар, 632 учаске әскери бөлімде, демалыс үйлері мен санаторийлерде, стационарлық емдеу мекемелерінде, тергеу изоляторларында және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері жанында жұмыс істейді.

Тұрғылықты жерін уақытша өзгерткен азаматтар есептен шығару куәлігі арқылы дауыс бере алады. Оны жазбаша өтініш берген жағдайда учаскелік комиссиядан алады.

— Құжатты дауыс беру күнінен 15 күн бұрын, яғни 27 ақпаннан бастап 14 наурызға дейін сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады. Бір елді мекен шегінде басқа учаскеде дауыс бергісі келгендерге мұндай куәлік берілмейді. Құжаттың бес таңбалы серия нөмірі бар. Ол жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейді және көшірмесі берілмейді, — деді А.Айманақұмов.

Бүгінде жалпыхалықтық дауыс беруге арналған бюллетеньдердің ресми нысаны бекітіліп, көпшілікке ұсынылды. Бюллетеньде сайлаушыларға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген нақты сұрақ қойылған. Дауыс берушілер өздері қолдайтын жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қоюы қажет. Бюллетеньде азаматтардың таңдауы үшін «Иә, қабыл-даймын» және «Жоқ, қабылдамаймын» деген екі нұсқа берілген.

Орталық референдум комиссиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы көру қабілеті нашар азаматтардың өз бетінше таңдау жасауы үшін Брайль қарпімен жазылған арнайы трафаретті мақұлдады.

Биылғы республикалық референдумға мемлекеттік қазынадан 20 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник хабарлады.

— Референдумға арналған шығыстарды Қаржы министрлігімен пысықтағаннан кейін 20 млрд 778 млн 515 мың теңгеге тоқтадық. Бұл қаражаттың Орталық референдум комиссиясы мен Сыртқы істер министрлігі арасында бөлінетіндігін атап өткім келеді. Сыртқы істер министрлігі белгіленген қызметтер үшін 123 млн 634 мың теңге алады. Жалпы, референдумға бөлінген қаражаттың шамамен 75 пайызы аумақтық комиссия мүшелерінің жалақысын төлеуге жұмсалады, — деді комиссия мүшесі.

Айта кетейік, дауыс беру қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылып, хаттамамен рәсімделеді. Ресми нәтижелер дауыс беру күнінен бастап жеті күн ішінде, яғни 2026 жылғы 21 наурызға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.