Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысы алғашқы жартыжылдықта мемлекет қазынасынан қарастырылған қаражатты игеру көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. Бюджеттің орындалу көрсеткіші мен барлық базалық макрокөрсеткіштерде оң өзгерістер байқалады. Дей тұрғанмен, кейбір кәсіпорындардағы өнімділік көлемінің азайғаны тағы бар. Бұған не себеп?

 

Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында қаралды. Алдымен аймақ басшысы жаңадан тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева мен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұратты таныс-тырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук өңірдің басты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық индикатор 103,5 пайызды құрап, нақты көлем индексі 102,5 пайызға жетті. Өңдеу секторындағы өсім 7,4 пайызды, электрмен жабдықтау саласындағы көрсеткіш 2,7 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласының көлемі 4,7 пайызға ұлғайса, өңір экономикасының өсім қарқыны 114,8 пайызды көрсетті. Жалпы, жыл басынан бері аймағымызға 395 млрд теңге инвестиция тартылды.

Десе де, Баянауыл, Ертіс, Аққулы және Шарбақты аудандарында өндіріс саласындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесов Баянауыл ауданындағы көрсеткіштердің төмен болуын тау-кен саласындағы кейбір істің уақытша тұралап тұруымен байланыстырды.

— «Майқайың алтын» комбинаты қазіргі уақытта тек кен өңдеумен айналысуда. Ал «Майкөбен-Вест» компаниясының өніміне сұраныс төмендегелі тұр. Олар биыл Ресейге көмірді бұрынғыдай көлемде экспорттай алмай қалуы мүмкін. Себебі көршілес мемлекет басқа кәсіпорынның көмірін алуды ойластырып отыр, — деді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжанов аталған аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің азаюын былтыр құрғақшылық болуы- мен түсіндірді.

— Ертіс ауданында ұн өндірісі 42,3 пайызға, Шарбақтыда жарма шығару көлемі 36,5 пайызға азайды. Бұған өткен жылы қуаңшылық салдарынан шикізаттың аз көлемде жиналуы себеп болып отыр. Енді тамыз айында екі аудандағы кәсіпорындар да өз қуаттылығына шығуы керек. Биылғы өнімді ескере отырып, өнімділікті арттыратын боламыз, — деді басқарма басшысы.

Бұл ретте аймақ басшысы мәселелерді тек анықтаумен шектеліп қалмай, олардың түйінін тарқатуға да көмектесу керек екенін айтты.

— Неге ресейлік кәсіпорындар біздің көмірден бас тартуы мүмкін? Осы сауалдың байыбына барып, талдап, саралау керек. Мәселені анықтаумен ғана іс бітпейді. Кез келген кәсіпорын мол көлемде табысты түрде еңбек етуді қалайды. Егер олардың көрсеткіші төмендесе, демек оның салмақты себебі бар. Сол себептің тереңіне үңіліп, салдарының алдын алу керек, —
деп жүктеді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәметкен Бипау қазынадағы қаржыны пайдалану барысына тоқталды. Айтуынша, 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс бюджетіне 186,1 млрд теңге көлемінде кіріс кірді. Сөйтіп, табыс жоспарлы көрсеткіштен 8,7 млрд теңгеге асыра орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда түсімдердің өсімі 30,3 млрд теңгені құрады. Бірінші жартыжылдықтағы бюджеттің орындалу көрсеткіштері бойынша Павлодар облысы өзге өңірлердің қатарында бірінші орыннан көрінді. Осы орайда аймақ басшысы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жұмысын жоғары бағалады. Ержан Тоқтарханов жетекшілік ететін департаменттің жүйелі қызметі нәтижесінде салықтық түсімдер жоспардағыдан әлдеқайда көп түсті.

Ал осы кезеңде бюджеттің жоспарлы шығысы 260,9 млрд теңгені құраған болатын. Бұл жоспар да толығымен орындалды. Енді екінші жартыжылдықта тағы 319,9 млрд теңгені игеру керек. Атап өтерлігі, бюджеттің ауқымды бөлігі өңірдегі мектептерді жөндеуге жұмсалмақ. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, биыл аймақтағы 35 білім беру нысанын күрделі жөндеу жоспарланған. Осы уақытқа дейін Екібастұз қаласында екі, Ақтоғай мен Аққулы аудандарында бір-бір мекеменің жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 31 нысандағы жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Асайын Байханов білім беру мекемелеріндегі істің барысын жіті бақылау керек екенін ескертті. Әсіресе, 30-40 жыл жөндеу көрмеген шалғай елді мекендердегі мектептердің мәселесін басты назарда ұстау керек. Оқушылар жаңа оқу жылында жөндеуден өткен, дайын білім ордаларына баруы тиіс.

Жиын соңында аймақ басшысы бюджеттің әр тиынының сұрауы бар екенін тағы бір мәрте еске салып, қазына қаржысын тиімді пайдалануды тапсырды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.