Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Биылғы Жолдау «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбын арқау етті. Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.
Кәсіптік білім беру саласының өкілі ретінде жолдаудағы негізгі мәселелерге тоқталып өтейін. Президент атап өткендей, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Сондай-ақ, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Облыс орталығындағы ақпараттық технологиялар колледжінің ұжымы осы бағытта жұмыс істеуде. Біздің мақсат – білім беру жүйесінде студенттер үшін үш бейінді біріктіру. Яғни, техни-калық, ақпараттық және құзіреттілік бейінмен бірге жұмыс істеуді қолға алудамыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біздің басты мақсатымыз да – осы. Бұл ұстаным «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Бұл тақырыпты әріптестерімізбен талай мәрте қозғаған болатынбыз. Әсіресе, нақты экономика секторын-дағы әлеуметтік серіктестерімізбен талқыладық.
Президент білім ордаларында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет екенін атап өтті. Біздің колледжде осы мәселеге де ерекше назар аударылады. Бұл ретте елімізде жүйелі тәсіл қажет екеніне қосыламын.
Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуі тиіс. Президент келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керектігін атап өтті. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуын тағатсыздана күтетін боламыз.
Серік ЖАРТЫБАЕВ, Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінің директоры.