Павлодар облысының әкімдігі мен ERG компаниясы соңғы 20 жыл дересінде бірлескен әлеуметтік жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Ірі компанияның қаржы бөлуі нәтижесінде өңірде тұрғын үйлер, емдеу мекемелері салынып, қалалардағы аулалар абаттандырылды. Басқа да ауқымды жұмыс атқарылды. Ал биыл қомақты қаржы қайда жұмсалмақ?
Аймақ басшысы Асайын Байханов пен Eurasian Resources Group Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның аясында осы жылы аталмыш компания Павлодар облысында әлеуметтік жобаларды іске асыруға 3,7 млрд теңге қаражат бөлді.
— 20 жылдан астам уақыт бойы жыл сайын Еуразиялық топпен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша меморандумдар жасап келеміз. Соңғы 3 жылда ERG компаниясы облысты дамытуға шамамен 9 млрд теңге бөлді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 30 жобаның 17-сі аяқталды. Олардың жалпы сомасы 1,7 млрд теңгені құрады. Eurasian Resources Group су тасқыны кезінде де шетте қалмай, Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында зардап шеккен отбасыларына көмек көрсетті. Бірде-бір отбасы қолдаусыз қалған жоқ және бұл қысқа мерзімде жасалды, — деп атап өтті А.Байханов.
Меморандумды іске асыру аясында Ақсу қаласын абаттандыру, 16 аула аумағын жөндеу, Астана, Әуезов және Ленин көшелеріндегі жарықтандыруды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, балаларға арналған ерте араласу оңалту орталығы жөнделіп, өңірдегі ауруханалар үшін қымбат медициналық жабдықтар сатып алынды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 600 млн теңге болатын тағы 13 жоба бар. Олар осы жылдың мамыр айында аяқталады.
Биыл да қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағыт-талған. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау саласын қолдау, Ақсу қаласында бассейн салып, саябақты жаңғырту, Ы.Алтынсарин атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізу сынды бірқатар маңызды жобаны алға тартты.
— Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан, ERG өзінің барлық міндеттемелерін орындауда және әлеуметтік бағдарламаны белсенді іске асыруда. Біз Павлодар облысының әкімдігімен меморандумға білім, денсаулық сақтау және спорт салаларына баса назар аудара отырып қол қоямыз, – деп атап өтті директорлар кеңесінің төрағасы, ERG бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов. Меморандум аясында ERG тобы «ERG мектебі», «ERG колледждер үшін» жобаларын іске асы-руды жалғастырады. Осы бағытты дамыта отырып, Ақсу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепті күрделі жөндеуге 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Оқытушылардың біліктілігін арттыруға, халықаралық тағылымдамаларға, Ақсу колледждерінің материалдық-техникалық базаларын дамытуға 200 млн теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Сондай-ақ, топ Екібастұздағы «Ерекше үй» балаларды түзету орталығына да қолдау көрсетуді жалғастырады.
2025 жылы бірлескен ота жасауды қоса алғанда, шетелдік мамандардың жетекші қазақстандық дәрігерлерді оқытуына бағытталған «ERG — дәрігерге» бірегей жобасы іске қосылады. Осы мақсатқа
150 млн теңге бөлінді. Меморандум аясында Ақсу қаласында «Tugan Qala» бастамасының 15 жоба-
сын іске асыруды қаржыландыру көзделген. Бұл — сарапшылардың көмегімен қала тұрғындарының өздері жасаған және бастамашы болған абаттандыру бойынша жобалар. Осы мақсатқа 135 млн теңге бөлу жоспарлануда. Бюджет есебінен 11 жобаны іске асыру жоспарлануда, оған 8,7 млрд теңге көзделген. Қаражат қалалардың аула аумақтарын абаттандыруға және жөндеуге, Павлодардағы Лермонтов көшесін және Екібастұздағы «Шахтер» саябағын қайта жаңартуға жұмсалады.
Аймақ басшысы Асайын Байханов компания өкілдеріне ұсынылған жобаларға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.