Павлодар облысында Венгрия елшілігінің өкілдігі жұмысын бастады. Аталмыш өкілдік біздің өңірмен қатар, Абай және Шығыс Қазақстан аймақтары үшін қызмет көрсетеді.
Құрметті консулдықтың ашылуына Венгрияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона арнайы келді. Бүгінде Қазақстан мен Венгрия елдері арасында түрлі салада мығым байланыс орнаған. Мемлекеттер арасындағы ықпалдастық жыл өткен сайын дамып келеді. Әсіресе, сауда, экономика, мәдениет, білім бағыттарында бірлескен жұмыстар бар.
Ендігі ретте облыс орталығында елшілік өкілдігінің ашылуы елдер арасындағы байланысты одан әрі нығайта түспек. Венгрияның құрметті консулының міндеттеріне сауда, экономикалық, инвестициялық, туристік, мәдени және ғылыми байланыстарды дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ Венгрия азаматтарының мүдделерін қорғау кіреді.
Кабинеттің салтанатты ашылуына қатысқан Венгрияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона бұл өкілдіктің жұмысы екі елге де тиімді болатынын алға тартты.
— Елшіліктің негізгі кеңсесі Астана қаласында орналасқандықтан, шыны керек, кей кезде өңірлердегі соңғы оқиғалардан тыс қалып қоятын кездер болады. Біздің азаматтар қандай да бір қиын жағдайға тап болып жатса, құрметті консулдарымыз оларға көмек көрсете алады. Бұл – бір. Екіншіден, өкілдіктің іске кірісуі елдер арасындағы әріптестік арттыра түсеріне сенімдімін. Бұл ретте жергілікті кәсіпкерлер үшін, өңірлік экономиканы дамыту үшін тың серпін береді деп үміт-тенемін, — деді ол.
Қазіргі уақытта Венгрия мемлекетінің ел көлемінде 5 құрметті консулы бар. Біздің аймақта бұл қызметке Әділ Шаяхметов тағайындалды.
— Павлодар – экономикалық, инвестициялық, индустриялық тұрғыдан қуатты өңірлердің бірі. Мұнда Венгрия елшілігінің ашылуы тегін емес. Біздің жұмыс екі ел арасындағы достық әрі экономикалық, әлеуеттік «көпірдің» берік болуына бағытталады. Бұл бағыттағы ісіміз оң нәтижесін береді деген ойдамын, — деп атап өтті Ә.Шаяхметов.
Шара соңында тараптар Павлодарда Венгрияның құрметті консулы кеңсесінің ашылуы ортақ тарихы бар екі мемлекеттің арасындағы тұрақтылықты нығайтып, бірлескен ынтымақтастықты дамытуға серпін береріне сенім білдірді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.