Аудан әкімдері сайлауының өтуіне санаулы күн қалды. Бұл саяси науқанға қатысатын үш ауданның бірі – Шарбақтыда дайындық жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Юлия Масальскаяның айтуынша, учаскелер 15 қазан күні іске кіріскен. Бүгінде барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде.
— Шарбақты ауданында 27 сайлау комиссиясы құрылған. Олардың құрамында 147 адам бар. Дауыс беру шарасы
26 сайлау учаскесінде өтеді. Оның бесеуі — аудан орта-лығында, ал қалғандары елді мекендерде орналасқан. Жалпы, әкiмдер сайлауын өткiзу жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес 20 қазаннан бастап сайлау учаскелерiнде сайлаушылардың тiзiмдерiмен танысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, дауыс беру күнi мен орны туралы ақпарат беру жұмыстары қызу жүргізілуде, — дейді Юлия Анатольевна. Сонымен қатар, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың да саяси шараға белсенді қатысуына айрықша мән берілген.
— Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыру мақсатында олардың учаскелерге кедергісіз кіріп-шығуы үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Мәселен, сайлау өтетін ғимараттар пандустармен және тактильді бағыттаушы жолақтармен жабдықталған. Мүгедектер арбасын пайдаланатын жандарға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар және компьютер, құлаққап, 6 есе үлкейткіш әйнек, Брайль шрифті бар трафарет сынды арнайы құралдармен жасақталған бұрыштар дайындалуда, — дейді аудандық сайлау комис-сиясының төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, өңірде дауыс беру үшін ерекше жағдайды қажет ететін 32 сайлаушы бар. Қазіргі таңда аудан әкіміне үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарымен қызу айналысуда. Яғни, олар елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда.
Н.ШОДЫР.