Депутаттардың демеуін күтеді

Шіл 10, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Еліміздің Парламент депутаттары кезекті каникулға шығып, өңірлерді аралауға аттанды. Олардың бір легі аймағымызға келіп, аудан-қалалардағы әлеуметтік нысандардың жөндеу, құрылыс жұмыстарымен танысты. ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесті.

Кездесу барысында өңір басшысы облыстың тұрақты даму деңгейін көрсетіп отырғанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз өндірістерді жаңғыртуға және инвес-тициялар тартуға баса назар ауда-рудамыз. Тек бірінші жартыжылдықтың өзінде өңірге 305 млрд теңгеден астам қаражат тартылды – бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Негізгі бастамаларға тоқталсақ, инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долла-рынан асатын жаңа электрометал-лургиялық кәсіпорын салу, 12 және 15 млрд долларға қытайлық инвесторлармен индустриялық мегажобаларды іске асыру, Ертіс арқылы өтетін көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, трамвай паркін жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын ұлғайту бар.

Ағымдағы жылы инженерлік инфра-құрылымды жаңартуға ерекше басымдық берілді. 30 шақырымнан астам жылу желілеріне күрделі жөндеу, сондай-ақ жылу магистральдарын салу және реконструкциялау бойынша төрт жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар, облыс әкімі Екібастұздағы ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдарын қайта жаңартуға республикалық бюджеттен
6 млрд теңге бөлу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отырғанын атап өтті.

Бұдан басқа аграрлық сектордағы субсидиялар бойынша берешек мәселесі де өзекті болып отыр. Бүгінгі күні ол шамамен 19 млрд теңгені құрайды.

Кездесу барысында сумен жабдықтау және денсаулық сақтау мәселелері де қозғалды. Өңір №1 қалалық аурухананы реконструкциялауға, су құбыры желілерін жаңғыртуға және ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге өтінімдер жолдады.

— Бұл жобалардың барлығы – тұрғындардың нақты сұраныстары. Аталған сұрақтарды тұрғындар көшпелі кездесулер кезінде бірнеше мәрте көтерген болатын. Біз өзекті мәселелерді шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз және осы бастамаларды республикалық деңгейде ілгерілетуде сіздердің қолдауларыңызға сенеміз, — деді депутаттарға Асайын Байханов.

Кездесу соңында облыс әкімі депутаттарға өңірге келіп, аймақты дамытуға қолдау білдіргендері үшін алғысын айтты.

Кездесуге дейін бір аптаға жуық уақыт Сенат және Мәжіліс депутаттары елді мекендерді аралағанын айтқан едік. Мәселен, сенатор Ернұр Әйткенов облысқа сапарын Баянауыл ауданынан бастап, мұнда бірқатар білім, спорт нысандарын, мәдени ошақтарын аралап, хал-ахуалымен танысты. Сапар соңында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы ақпарат беріп, ең өзектілеріне тоқталды. Жергілікті депутаттар халықтың көкейіндегі сұрақтарды Сенат өкіліне жеткізді. Бұдан бөлек, Шарбақты, Успен, Тереңкөл, Железин аудандарында салынып, жөнделіп жатқан әлеуметтік нысандарды, егіс алқаптарын аралап, жағдайларымен жақын танысты. Сондай-ақ, Екібастұз қаласында бой көтеріп жатқан ферроқорытпа зауытының қазіргі аяқалысын көріп қайтты.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы өңірімізде С.Торайғыров атындағы орталық кітапхана ұжымымен кездесті. Жүздесуде Парламент қабырғасында қабылданған негізгі заң жобаларының мән-маңызы туралы баяндады. «Кітапхана ісі туралы» заңның қажеттілігіне тоқталды. Мәдени орда мамандарының ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады. Кезекті кездесуін сенатор «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өткізді. Арнайы аймақ ұжымымен кездесіп, бұйымтайларын тыңдады. Жалпы, мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижелері туралы ақпарат алды. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақтың проблемалық сұрақтарын шешуді өз деңгейінде көтеруге атсалысатынын мәлім етті.

Мәжіліс депутаттары да аймағы-мыздың ауылдарын аралап, маңызды жобалардың жөндеу, құрылыс барысын тексеріп шықты. Мәселен, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT»  партиясының өкілдері Жарқынбек Амантайұлы мен Вера Ким Павлодар, Тереңкөл аудандарында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Павлодар ауданында Ертіс өзенінің арнасын тазарту, мектеп мен мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына назар аударды. Ал Павлодар қаласында №1 өртке қарсы мамандандырылған бөлімшеге барып, мекеменің материалдық-техникалық ахуалына мән берді. Бөлімнің жеке құрамымен кездесті. Олар екі өзекті мәселені алға тартқан. Біріншісі, нысанға күрделі жөндеу қажет, екіншіден, мамандар тапшылығы бар көрінеді. Сондай-ақ, депутаттар Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантайұлы және Вера Ким Ақсу қаласына арнайы барды. Дауылдан кейін қалпына келтіру шараларына көңіл бөлді. Ауылдық аймағында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңында болды. Қалқаман ауылындағы элеваторға аялдап, жоба-жоспарларына құлақ түрді. Н.Әшімбетов Атамекен ауылына барып, ұн тартатын кешеннің бүгінгі ахуалын көрді. Мұнда жуырда тәулігіне 300-350 тонна ұн өндіретін тағы бір кешен іске қосылмақ. Депутат Павлодар қаласында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады.

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының өкілі Нұргүл Тау аймағымызға сапары барысында Павлодар қаласындағы №1 ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Мердігер нысанды биыл желтоқсан айының соңына дейін аяқтайтынын айтқан. Депутат жөндеу барысын өз бақылауына алатынын атап өтті. Облыс орталығындағы 600 орынға арналған жайлы мектептің де құрылысын көрді. Нысан құрылысы екі аптаға кешігіп жатқан көрінеді. Халық қалаулысы партияның облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш-талабын тыңдады.

Ал Мәжіліс депутаты, Жалпы-ұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Ажар Сағындықова Баянауыл ауданында Сабын-дыкөл көлінің демалыс аумағы мен жаңа спорттық кешеніне барды. Сонымен қатар, Мұса Шорман ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жай-жапсарына назар аударды. Мұнда санитарлық нормалардың сақталмайтыны байқалған. Жергілікті тұрғындар экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірген. Депутат Павлодардағы «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған «Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту: сын-қатерлер мен шешімдер» атты дөңгелек үстелге қатысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Павлодар қаласындағы «Дағдарыс» орталығының жұмысымен танысты. Ұжымның мұнда тұрып жатқан азаматтарының ойларын тыңдады.

Осылайша, облысқа табан тірегін ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жайына қанықты. Ал көтерілген мәселелерді назарға алды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.