Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын елімізде саяси жаңашылдық енгізіліп, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын мажоритарлық-пропорционалдық жүйе аясында сайлау басталған-ды. Сол тұста тұрғындар таңдаған кей депутаттар жұмыс орнын ауыстыруына байланысты мандатын тапсырды. Енді олардың орнына жаңадан депутаттар сайланбақ.
Атап айтқанда, облыстық, Павлодар қалалық және Успен аудандық мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді. 8 желтоқсан күні аталмыш аудан-қала азаматтары кандидаттардың қатарынан сенім білдірген үміткерлеріне дауыс бере алады. Сондай-ақ, Павлодар және Успен аудандарының тұрғындары облыстық мәслихатқа №14 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша депутатты таңдайды.
Бүгінде саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелерінен кандидаттарды ұсыну, азаматтардың өзін-өзі ұсынуы басталды. Депутат атануға ниетті тұрғындардың 8 қараша күні сағат 18.00-ге дейін жергілікті сайлау комиссияларына өтініш беруге мүмкіндігі бар. Сонымен бірге тиісті құжаттар тапсыруы тиіс. Өз кезегінде тиісті округтік сайлау комиссиясы 11 қазаннан 13 қарашаға дейін мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркейді.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Яғни, 13 қараша күні сағат 18.00-ден 7 желтоқсан күнгі сағат 00.00-ге дейін тұрғындармен жүздесіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы бағдарламасын таныстырып, өзіне дауыс беруге үгіттей алады. Ал 8 желтоқсан күні сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін Павлодар қаласы, Павлодар ауданы мен Успен аудандарында дауыс берушілердің таңдау жасауы үшін сайлау учаскелері жұмыс істейді.
Атап өтерлігі, мәслихат депутаттығына кандидат тіркелгенге дейін және оның Конституциямен және осы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін жергілікті атқарушы органдардың шотына депозит ретінде заңнамасында белгіленгендей ең төмен жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын салуы тиіс. Биыл ең төмен жалақы 85 мың теңгені құрап отыр. Егер кандидат мәслихат депутаты болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша сайлаушылардың кемінде 5 пайыз дауысын жинаса, сома қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда жарна қайтарылмай, республикалық бюджет кірісіне айналады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.