8 желтоқсан күні Павлодар облыстық, Павлодар қалалық және Успен аудандық мәслихаттарының шығып қалған депутат-тарының орнына басқа азаматтарды сайлау өтті. Сөйтіп, тұрғындардың басым бөлігінің қолдауына ие болған кандидаттар мандаттарға ие болды.
Облыстық мәслихат депутаты №14 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша таңдалды. Бұл округке Павлодар және Успен аудандары кіреді. Сайлаушылар тізіміне барлығы 25 694 азамат енгізілді. Оның ішінде 14757 сайлаушы учаскеге келіп, таңдау жасады. Ал 390 адам үйде дауыс берді. Облыстық мәслихаттағы орыннан үмітті ретінде екі азамат тіркелді. Бірі – Павлодар ауданының бұрынғы әкімі, «AMANAT» партиясынан сайлауға түскен Николай Дычко, екіншісі – өзін-өзі ұсынған Геннадий Костюченко.
Бюллетень алған екі ауданның азаматтарының қатарында 767 адам «Барлығына қарсы» бағанына белгі қойды. 11 473 сайлаушы Николай Дычконы қолдаса, 1895 дауыс беруші Геннадий Костюченконы таңдады. Сөйтіп, тұрғындардың басым дауысына ие болған павлодарлық Николай Дычко облыстық мәслихат депутаты атанды.
Сол сияқты бұл күні Павлодар қалалық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына №10 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайлау өтті. Мұнда сайлаушылар тізіміндегі 10 990 адамның 2967-сі учаскелерге келіп, бюллетень алды. Тағы 181 адам түрлі себепке байланысты үй жағдайында таңдау жасауды құп көрді. Мұнда да депутаттық орынға екі адам «таласты». «AMANAT» партиясы ұсынған Тимур Серікпаевты 2327 адам жақтады. Өзін-өзі ұсынған Азамат Төлепбергеновті 500 адам таңдады. Көпшіліктің қолдауына ие болған «ИНЭК Қазақстан» ЖШС учаске бастығы Тимур Серікпаев Павлодар қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Сонымен қатар, 8 желтоқсанда Успен ауданының тұрғындары №10 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутатын анықтады. Аталмыш ауданда 1022 азамат дауыс беруге құқылы. Сайлау күні оның 621-і учаскелерде, 14-і өз үйінде бюллетень белгіледі. Оның ішінде 8 сайлаушы «Барлығына қарсы» бағанына белгі қойды. Сайлаушылардың 71 дауысы өзін-өзі ұсынған Елена Жежеряның есебіне жазылды. «AMANAT» партиясы ұсынған Наталья Теплаяға 537 адам дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша «Галицкое» ЖШС бас бухгалтерінің орынбасары Наталья Теплая аудандық мәслихат депутатының мандатын иеленді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.