ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданының депутаттары білім алып, біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ, оларға мәслихатта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары жан-жақты түсіндірілді.
Депутаттарды облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко оқытып, өз тәжірибесімен бөлісті. Сабақ барысында ол:
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс екенін, бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отырғанын атап айтқан болатын. Мемлекет басшысы сол себепті мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу және өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға тартты. Бүгінгі күні алдымызға қоятын міндеттер — халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастырып, мәслихаттың ашықтығы мен айқындығын көрсету, – деді.
Облыстық мәслихат төрағасының айтуынша, барлық деңгейдегі депутаттар үшін ай сайын тұрақты түрде заң сағаты өткізіледі. Сонымен қатар, бұл жолғы дәріс барысында татуласу орталығының басшысы, сот жүйесінің ардагері Мария Иванова депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң талаптарын түсіндірді.
Кездесуде сондай-ақ, облыстық мәслихат пен облыстық прокуратура арасында бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылғаны туралы айтылды. Облыстық прокурату-раның басшысы Денис Өтебаев «HALYK TUMAR» мобильді қосымшасын енгізу және оны іске қосу бойынша әзірленген пилоттық жоба туралы баяндап берді. Ал Илья Теренченко жастарды саяси қызметке дайындау, саяси мәдениетті дамыту және оларды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі үшінші депутаттық топтың құрылғанын мәлім етті.
Өз тілшіміз.