Депутаттар тұрғындар тілегіне ден қояды

Шіл 24, 2025

Осыдан тура екі жыл бұрын тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы облыстық мәслихаттың жаңа құрамы жасақталған болатын. Аз уақыт аралығында өкілетті биліктің жұмысы толығымен жаңғыртудан өтіп, дамудың жаңа бағытын белгіледі. Бұл кезеңде нақты не өзгерді? Депутаттардың екі жылдық ісіне сайлаушылар қандай баға береді? Осы және өзге де мәселелерді саралап көрдік.

Мәселелер шешімін табуда

Алдымен VIII шақырылған депутаттық құрамның қатарында бір емес, бірнеше партия өкілі барын атап өту керек. Олардың қатарында «Аmanat», «Ақ жол», Қазақстанның халық партиясы, «Respublica», «Ауыл» саяси ұйымдарының өкілдері бар. Өзін-өзі ұсынған кандидаттар да көпшіліктің сенімінің арқасында басым дауысқа ие болып, депутат атанды. Жалпы, 32 депутат саяси ұйымның мүшелігіне, сол партияның саясаты мен бағытына қарамастан, ортақ мүдде – өңір дамуын ілгерілету мен тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түріп, мәселелерін шешу жолында бірлесе еңбек етуде. Ол үшін тұрақты 7 комиссия да құрылды. Атап айтқанда, экономика және бюджет, экология және қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен әлеуметтік қорғау, азаматтардың, шағын және орта бизнес өкілдерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз ету, аграрлық мәселелер, құрылыс, өндіріс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жастар мен спорт мәселелерін қамтитын арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Белгілі бір саланың өзекті мәселелері де алдымен осы тұрақты комиссияларда жан-жақты қаралып, сараланады. Депутаттар тарапынан сұрақ тудырған, келіспейтін тұстары бар мәселелер болса, жауапты басқармаларға қайта пысықтауға жіберіледі. Егер тұрақты комиссия өкілдерінің талқылауынан соң оң бағаға ие болса, мәслихаттың сессиясына шығарылып, барлық депутаттың қатысуымен қаралады.

Айталық, таяуда экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында құзырлы басқарманың 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетіне өзгерістер енгізуге қатысты ұсынысы «май шаммен» қаралды. Комиссия мүшелері әр жобаның тұтас қоғам үшін қаншалықты маңызды әрі пайдалы екенін електен өткізіп, сол жобаға қомақты қаржы бөлудің қаншалықты негізді екенін санады. Себебі, депутаттардың ұстанымы – мемлекеттік қазынадағы қаржының әрбір тиыны тиімді пайдалануы тиіс. Жиын соңында комиссия құрамындағы азаматтар әр жобаға шынымен қаржы бөлмеске болмайтынын алға тартып, мәселені сессия қарауына жіберді. Өз кезегінде бұл отырыс барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук қазынадағы қаражаттың бүгінгі жай-күйін баяндап, алдағы уақытта қомақты соманы бағыттау жолдарын ұсынды. Олардың қатарында әуежайды жаңғырту, Павлодар ауданы Бірлік ауылындағы жаңа мектепті сатып алу, оқушыларды мектепте тегін тамақтандыру, Ақтоғай ауылындағы балабақшаны қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету,  төтенше жағдайлар департаментіне өртке қарсы мониторинг жүргізу жұмыстарын қаржыландыру сынды маңызды мәселелер бар. Депутаттар тарапынан бұл ұсыныстар қолдау тауып, оның нәтижесін қарапайым жұртшылық уақыт оздырмай көретін болады. Міне, тұрақты комиссиялар, мәслихат сессиялары отырысы барысындағы жиындар осындай іргелі істердің шешім табуы мақсатында өтеді.

Тұрақты комиссиялармен қатар, облыстық мәслихат жанынан депутаттық топтар құрылды. Олар да сан түрлі саланы қамтиды. Бұл топтың құрамындағы депутаттар белгіленген бағыты аясында түрлі кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сала мәселесіне тереңінен бойлайды.

Айталық, «Enbek» депутаттық тобының басты мақсаты – еңбекті қорғауды, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, еңбек заңнамасы сақталуын қатаң қадағалау. Бұл топтың бастамасымен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі ақпараттық шаралар өтті. Еңбек ұжымдарымен өткен осындай кездесулердің барысында 240-тан астам адам қамтылып, оларға әлеуметтік қорғау, қауіпті жағдайда жұмыс істеу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

Аталмыш депутаттық топтың жетекшісі Раушан Даумованың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбекті қорғау мәселесі аса өзекті. Сондықтан депутаттар тұрғындармен тікелей кездесіп, тілдесіп, олардың көкейіндегі мәселелерді білуге баса мән береді. Еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылар құқығын қорғау, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті күшейту бойынша шараларды да қарастырады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеу үшін жайлы жағдай жасау, техникалық және орта кәсіптік білім беру аясында мамандарды дайындау бойынша 20-дан астам ұсыныс қабылданды.

— Еңбек қауіпсіздігін қорғау, азаматтарға жұмыс орнында жайлы жағдай жасау, олардың ақысын «жемей», керісінше еңбекті лайықты бағалау қай кезде де өзектілігін жойған емес, жоймайды да. Себебі тұтас елдің дамуы осы жұмысшы мамандықтар атқаратын еңбектің нәтижесіне тікелей байланысты. Дей тұрғанмен, бұл ретте жұмысшы әйелдердің құқығын қорғау мәселесін ерекше атап өткім келеді. Әсіресе, әйелдерге қатысты еңбек заңнамасын қолдану, жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді жұмыстан шығаруға жол бермеу, балаларды үстеме жұмыстарға, демалыс және мереке күндеріндегі, түнгі уақыттағы жұмыстарға жібермеу, балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді және басқа да адамдарды жұмысқа тартуға жол бермеу, мұндай істерге олардың жазбаша келісімі болуын бақылау, қызметтік іссапарларға жіберу кезінде жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар адамдарға кепілдіктер беру, еңбекті қорғау және қауіпсіздік, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу мәселелеріне басымдық береміз. Осы мақсатта нақты сектор кәсіпорындарындағы әйелдердің еңбек жағдайлары бойынша рейдтер мен тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі. Соның барысында еңбек жағдайларымен, арнайы киіммен қамтамасыз ету, жеке қорғану құралдарының болуы, тамақтану бөлмелерінің, әйелдер гигиенасы бөлмелерінің жағдайларын тексеру сынды жағдайлар назарға алынады, — дейді Раушан Даумова.

Бұл ретте сандарды сөйлетер болсақ, соңғы шақырымдағы мәслихат депутаттары іске кіріскелі облыстық мәслихаттың 19 сессиясы өтіп, 150-ден астам мәселе қаралды. Тұрақты комиссиялардың 40-тан астам отырысы да ұйымдастырылды. Оның 20-сы кеңейтілген форматта өтіп, 100-ден астам мәселе талқылауға шығарылды.

Сайлаушылардың өтініштері негізіндегі мәселелерді шешу үшін депутаттар әлеуметтік қорғау, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, экология, көлік және тағы басқа бағыттарды қамтитын 200-ден астам депутаттық сауал жолдады. Ал осы жылдың алғашқы тоқсанында тұрақты комиссия өкілдері Парламент Сенатының қарауына да 12 депутаттық сауал жіберді. Онда Бюджеттік кодексте өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты ұсыныстар қамтылған.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын облыстық мәслихат та ұстанады. Соның аясында соңғы екі жыл бойы әр аптаның жұма күні облыс, аудан-қала әкімдіктерінің ғимаратында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл да — депутаттар мен тұрғындардың арасын байланыстыратын алаңдардың бірі. Осы күнге дейін жалпы 175 қабылдау өтіп, 338 азаматтың талап-тілегі тыңдалды. Қабылдау кезінде қаралған 360 мәселенің жартысынан астамы оң шешімін тапты. Демек, бұл бағыттағы жұмыс өз жемісін беруде.

Жаңғырту жолы

Елімізде өкілетті билік – мәслихаттар құрылғалы дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Сол арқылы мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін нығайта түсті. Алғашқы жылдары мәслихат қызметі жергілікті жердегі негізгі мәселелерді шешуге ден қойса, кейін өңірлік даму бағдарламаларын дайындау мен оның орындалу барысын бақылайтын да болды. Ал бүгінде жергілікті басқарудың маңызды элементіне айналды. Мәслихат жұмысы өңірді дамытумен шектеліп қалмай, ашық және есеп беретін биліктің қалыптасуына әсер етіп келеді. Мұндай жүйе еліміздің заманауи саяси принциптеріне сай болып отыр.

Осы орайда екі жыл бұрын жасақталған Павлодар облыстық мәслихаты толығымен жаңғыртылғанын баса атап өту керек. Жұмыс жүйесі заманауи талаптарға сай өзгерді. Алдыңғы қатарлы технологиялар енгізіліп, ақпараттық қамтамасыз ету оңтайландырылып, функционалдық мүмкіндіктер аясы кеңейді. Бастысы, депутаттар тұрғындарға ашық бола түсті.

— Депутаттар тұрғындармен кездесіп, тілдесудің түрлі тәсілін қолданады. Жекелеген қабылдаулар, жүздесулерге басымдық беріледі. Жауапты аумақ сайлаушыларынан қандай да бір шағым түссе, шешімін таппай жатқан мәселе болса, мәслихат өкілдері уақыт оздырмастан сол жерге барып, жергілікті жұртшылықпен кездесіп, мәселенің мән-жайын біледі. Біліп қана қоймай, шешу жолдарын көппен бірге қарастырады. Кейде қандай да бір түйткілдің түйінін тарқату үшін мамандар, қоғамдық сарапшылар, үкіметтік емес сектор өкілдері тартылады. Бұл да – мәслихат жұмысындағы жаңа тәжірибе. Бұл ретте депутаттық корпустың біліктілігін арттыруға да мән беріледі. Ол үшін Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалы, «Аmanat» партиясы саяси менеджмент академиясы түрлі дәріс ұйымдастырады. Дәрістер барысында сала үздіктері депутаттармен бар білім-біліктілігімен бөліседі. Осы бағыттағы істердің барлығы оң нәтижесін беріп жатқанына қуаныштымыз, — деп атап өтті облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко.

Тағы бір атап өтерлігі, жаңғыртудың аясында бірмандаттық депутаттар да, партиялық тізім бойынша мандат иеленген депутаттар да округтерге бекітілген. Оған қоса, депутаттарды алмастыру үрдісі енгізілген.

Қуантарлығы, Павлодар облыстық мәслихатын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың тәжірибесі өзге өңірлерде де жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі күнде Астана қаласының, Шығыс Қазақстан облысының мәслихаты, біздің аймақтағы аудан-қалалық мәслихаттар осы жаңғыртудың оң тұстарын жұмыс барысында пайдалануда. Демек, облыстық мәслихаттың қазіргі бағыт-бағдары, міндет-мақсаты, тұтасымен алғанда қызмет жолы үлгі болуға тұрарлық.

— Облыстық мәслихатты жаңғырту жүйесі азаматтардың мүдделерін жылдам әрі нәтижелі түрде қорғауға оң әсер етті. Сондай-ақ, депутаттар мен сайлаушылар арасындағы байланысты айтарлықтай нығайтты. Осылайша, қоғам үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыру қажет екенін көрсетті.

Жалпы, еліміздегі мәслихаттар мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Олардың өкілдік органнан өңірлерді дамытудағы мықты құралға айналуына дейінгі жарқын жол мемлекеттік демократияландыру мен басқару тиімділігіне деген талпынысын білдіреді. Ертеңгі күні де мәслихаттардың рөлі одан әрі күшейіп, қызметі ашық болып, азаматтардың мүддесіне бағытталады. Мұндай қызмет еліміздің тұрақты дамуы мен әр өңірдің өркендеуіне оң әсер етері сөзсіз, — деп түйіндеді И.Теренченко.

Тұрғындармен тілдесу маңызды

Жаңғырту аясында енгізілген жаңашылдықтардың бірі – Павлодар қалалық мәслихатының бастамасымен 2ГИС мобильді қосымшасында облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының жеке картасының пайда болуы. Онда әр депутаттың байланыс нөмірі, азаматтарды қабылдау уақыты көрсетілген.

— Кез келген тұрғын 2ГИС қосым-шасында өз үйінің мекенжайын жазса, сол учаскеге жауапты депутатқа байланысты ақпараттар, яғни телефон нөмірі, қоғамдық қабылдауды қай уақытта және қайда жүргізетіні, әлеуметтік желілердегі парақшасының сілтемесі көрсетіледі. Бұл – бірінші кезектегі жұмыс. Екінші бағыттағы жұмыс — жасанды интеллектті пайдалана отырып, тұрғындардың сұрақтарына тез арада жауап беру. Ол үшін жылыту маусымының басталуы, ескі ағаштарды кесу, қоғамдық көлікпен тегін жүру тәртібі, жалдамалы және жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді алу сынды жиі қойылатын сұрақтар мен оларға жауап дайындалды. Құрғақ жауаппен шектелмей, заңнамалар, құқықтық-нормативтік актілерге сілтемелер де көрсетілді. Тұрғын депутатқа хабарласқан уақытта ол жиында, қоғамдық қабылдауда болып, телефон тұтқасын бірден көтере алмауы мүмкін. Сондай кезде сайлаушының сұрағына сол мезетте жауап беру үшін 24/7 режимінде жұмыс істейтін жасанды интеллект көмекке келеді. Әлбетте, жасанды интеллект сауалдың бәріне бірдей жауап бере алмас. Кейде жеке сипаттағы тұрмыстық сұрақтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда депутаттың өзі мүмкіндікке қарай мәселені реттеп береді.

Жалпы, озық технологиялар дамыған жаһандану заманында әрқайсысының оңтайлы тұсын пайдаланған артық болмас деп ойлаймын. Ол тұрғындарға да, депутаттарға да қолайлы болса, құба-құп. Мәслихат депутаттары сайлаушылармен қоғамдық қабылдауда да бетпе-бет жүздесіп, талап-тілектеріне құлақ түруге әзір. Оған қоса, әр депутат өзі жауапты округті аралап, жұртшылықпен жүздесіп, толғандырған мәселелерді бірлесе шешіп жатады. Қысқасы, біз әрқашан ашықпыз, — дейді Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин.

Бұл ретте Қобланбек Қожин облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар мен бизнес өкілдері, тұрғындармен арадағы байланыс мәселесіне де тоқталды.

— Мәслихат тарапынан шағын және орта бизнес, өндіріс, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көп көмек көрсетілуде. Айталық, депутаттардың бастамасымен салықтың бір түрі 4 пайыздық мөлшерлемеден 2 пайызға дейін азайды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, субсидия беру кезінде мәселені қарайтын комиссия құрамында да біздің депутаттар бар. Өз кезегінде бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, демеушілік көмек көрсетіп, әркез қолдау жасап жататыны қуантады. Әлеуметтік нысандар құрылысы, қайырымдылық шаралар сынды игі істердің жанынан табылып жатады. Ал депутаттар бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын, облыс орталығындағы жол жөндеу, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңарту, аулаларды абаттандыру сынды маңызды істерді бақылап, үнемі мониторинг жүргізеді, — деп атап өтті Қ.Қожин.

Аудан-қалалық, облыстық мәслихат депутаттары тұрғындармен үнемі байланыста. Ол үшін WhatsApp мессенджерін де пайдаланады.  Бұл да – жаңғырту аясындағы бастамалардың бірі. Халықпен жұмысты оңтайландыру үшін осындай тетік іске қосылды. Бұл «WhatsApp-депутат» жүйесі арқылы сайлаушылар мен депутаттар арасында жылдам байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Өткен жылы аталмыш мессенджер арқылы 12 өтініш қабылданды.

Сонымен қатар, прокуратурамен бірлесіп іске қосылған «Halyk Tumar» мобильді қосымшасы да облыс тұрғындарына қандай да бір құқықбұзушылық туралы тез арада хабарлап, оған қатысты мемлекеттік органдардың әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.

— Мемлекеттік басқарудың заманауи шарттары өкілетті органдар қызметінің алдына да жаңа талаптар қояды. Басты бағыттардың қатарында ашықтық, цифрландыру, шұғыл кері байланыс пен азаматтардың белсенді қатысуы бар. Дәл осы принциптер облыстық мәслихат жұмысының негізімен астасып жатыр. Әсіресе, ашықтық – тек заң нормасы емес, қоғамдық сенімді нығайтудың маңызды құралы. Осыны назарға ала отырып, бүгінде сессиялар жаңа әрі кеңейтілген форматта өтуде. Тұрақты комиссиялардағы мүшелікке қарамастан, барлық депутат бюджетті талқылауға қатысып, ұсыныстарын енгізе алады. Сонымен қатар, барлық сессия мен тұрақты комиссия отырыстары көпшілік назарына ұсынылып, олар тікелей эфир форматында таратылады. Күн тәртібіндегі мәселелер, шешімдер жобасы мен қорытынды құжаттар қолжетімді. Бастысы, азаматтардың өтініштері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі, — деп атап өтті облыстық мәслихат аппара-тының басшысы Альмира Құсайынова.

Депутаттардың ашықтығын, байланысқа әзірлігін жергілікті тұрғындар да байқап отыр. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Асылбек Сәрсембаев өз учаскелік округіне жауапты қалалық депутатты, облыстық мәслихат депутаттарын да жақсы білетінін алға тартты.

— Қазіргі уақыт – көзі ашық, көкірегі ояу, саяси өмірден хабары бар азаматтардың уақыты. Өзім зейнеткер болсам да өңірде орын алып жатқан оқиғалар, соңғы жаңалықтарды қалт жібермеймін. Азаматтар әкімдік, мәслихат алдына қандай да бір талапты қоймас бұрын өздері саяси тұрғыдан сауатты болуы керек деп
ойлаймын.

Мәселен, біз осыдан біраз уақыт бұрын тұрғындармен ақылдаса келе депутатымыз Қобланбек Қожинге Усолка шағын ауданы аумағындағы аулаларда жол қозғалысына шектеу қоятын белгілер орнатуда қолғабыс етуді сұрадық. Бұл өтінішіміз назарсыз қалмады. Сол сияқты өзге тұрғындар да депутаттар алдында қоғам үшін қажет өзекті мәселелерді көтеріп, кейін шешімі табылып жатқанын көріп жүрміз. Меніңше, халық пен мәслихат арасындағы байланыс осындай болуы керек. Екі тарап бір-біріне құлақ аса білсе, ортақ мәмілеге келсе, көптеген күрмеулі іс те шешілер еді, — дейді ол.

Тағы бір павлодарлық – Айгүл Әбдуалиева депутаттар қатарында жастар мен әйелдерге басымдық беріліп, арнайы квота қарастырылғанын құптады.

— Бұрындары депутат дегеніміз – жасы 50-ге таяп қалған ер азамат болатын еді. Менің санамда депутаттың бейнесі солай сақталып қалыпты. Ал қазіргі таңда облыстық, қалалық мәслихат қатарында жастардың да, әйел адамдардың да барын көріп, қуандым. Меніңше, мәслихатта осындай алуандылық болуы керек. Қазіргі жастарды көпшілік сынның астына алып, тәрбиесіне қатысты ескертулер жасап жатады. Ал олардың қалауын, қызығушылығын сол жас депутаттар жақсы түсінеді. Сол арқылы жеткіншектердің бос уақытты өткізуіне жағдай жасай алады. Соңғы уақытта әйел адамдарға қатысты зорлық-зомбылық көбейіп тұрғаны көңілге қаяу түсіреді. Мұндай жағдайда да әйел адамның жанын әйел ғана түсінеді. Бұл бағытта жұмыс істейтін арнайы депутаттық топтың болуы – жақсы бастама. Жалпы, кейінгі кезде депутаттардың халыққа жақынырақ болуды қалайтыны аңғарылады. Бұрынғыдай тек кабинетте отырмай, ел арасына шығып, тұрғындармен тілдесіп, жеке қабылдап жатады. Мұның барлығы өз нәтижесін береді деп ойлаймын, — дейді тұрғын.

Иә, бүгінде облыстық, аудан-қалалық мәслихат депутаттары неғұрлым ашық болуға тырысып, тұрғындардың талап-тілегін ескеруге ден қойып жатады. Құрылыс алаңдарына, жөнделіп жатқан нысандарға барып, жаңадан жүзеге асып жатқан жобалардың жай-жапсарын тексереді. Еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, көптің көкейінде жүрген мәселелерді назарға алады. Жаңғыру жүйесінің нағыз көрінісі осындай болса керек. Облыстық мәслихат депутаттары алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіре түсуге бейілді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.