Бүгінгі таңда аймағымызда құрылыс пен коммуналдық шаруашылық мәселелері аса өзекті. Көпшілік құрылысын көптен күткен әлеуметтік нысандар, салынуы сиырқұйымшық-танып кеткен ғимараттар, тозған инженерлік инфрақұрылым бар. Осы сынды қордаланып қалған мәселелердің оң шешімін тауып, халықтың жайлы жағдайда өмір сүруін басты назарға алатын топтың бірі – облыстық мәслихат жанындағы құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссия өкілдері. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты Александр Толмачевпен саладағы күрмеулі жайттар, депутаттар мен сайлаушылар арасындағы байланыс туралы аз-кем тілдесудің сәті түсті.

— Александр Николаевич, білуімізше облыстық мәслихаттағы мандатыңыз – алғашқы депутаттық тәжірибеңіз. Бір жарым жылдан астам уақыт аралығында бұл бағыттағы қызметтен қандай ой түйдіңіз?

— Шынымен, бұған дейін жауапкершілігі зор, салмағы ауыр депутаттық мандатты иеленген емеспін. Дей тұрғанмен, аз уақыт аралығында депутат болу қандай да бір артықшылық, жоғары дәреже емес, нағыз қиын еңбек екеніне көзім жетті.

Депутаттардың жұмысы кең ауқымды. Олардың қатарында түрлі құқық бұзушылықтың алдын алу, аулаларды абаттандыру, тұрғындардың мәселелерін шешуге көмектесу және тағы басқалары бар. Мұның барлығы ерекше назар аударуды, көп уақыт бөлуді талап етеді. Әр мәселенің тереңіне үңіліп, зерделеп, мониторингтен өткізіп, талдау керек. Кейде қосымша тексерістер жүргізіп, депутаттық сауалдар дайындаймыз. Осы іспетті жұмыстар қызықтырып, жігерлендіреді. Әсіресе, депутаттық қызметтің нәтижесінде сайлаушылар мен жалпы қоғам үшін қандай да бір пайдам тиген кезде қуанып қаламын.

Осы орайда депутаттық тәжірибемді бірнеше жобамен толықтырғаныма тоқталып өтейін. Менің бастамаммен «AQSU MALL» сауда – ойын-сауық орталығында «Кітап – Аманат» жобасы жүзеге аспақ. Бүгінде ғимаратты жабдықтау ісімен айналысып жатырмыз. Жоспар бойынша, келесі жылдың қаңтар айында тұрғындарға есігі айқара ашылады. Бұл жоба отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, адамдарды кітап оқуға тарту, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдау мақсатында қолға алынды. Мұнда ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырып, жаңа кітаптарды талқылауға да болады.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының амбассадоры және меценаты ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беремін. Партия «Бочча» бойынша фестивальдерді жиі өткізеді. Паралимпиадалық спорттың бұл түрі тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың өзін көрсетуге, құлшынысын оятуға оң әсер етеді.

Тағы бір маңызды жоба – Ақсу қаласындағы ойын-сауық саябағын қайта қалпына келтіру. Бүгінде бұл жоба облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. Бюджет бекітілген соң қажет қаржы бөлініп, ақсулықтар мен қала қонақтарына тамаша тарту жасалады деп ойлаймын.

Осы орайда әріптестерімді ерекше атап өткім келеді. Олардың басым бөлігі – қызметімен «жанып-күйіп» тұрған бастамашыл азаматтар. Депутаттар тобы өздері сайланған аумақтардың мүддесін қарастырып қана қоймай, сайлаушылардың мәселелерін назардан тыс қалдырмауға тырысып жатады. Қоғамдық қызметті атқарып жүрген осындай жандардың еңбегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

— Сіз мүшелік ететін құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссия қандай түйткілдердің түйінін тарқатуға атсалысты?

— Біздің комиссия салаға қатысты көптеген мәселені қарастырады. Әсіресе, жылыту маусымына дайындыққа, жылу желілерін жаңғырту мен апаттық жағдайларды жоюға көп көңіл аударылды. Жылу көздерін жаңғырту мен жаңадан салу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл шаралар өңірді жылумен қамтудағы қуат тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

Жолдар мен коммуникацияларды жөндеу сапасын бақылау да маңызды. Комиссия отырыстарында коммуналдық шаруашылық нысандарын дұрыс пайдаланбау, бұл мәселені цифрландыру мен тарифтерді оңтайландыру арқылы шешу де қаралды. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде ірі жобалардың шатқаяқтап қалуына жол берілмей, бірнеше инфрақұрылымдық жоба іске қосылды.

— Депутат әрі құрылыс саласының өкілі ретінде саладағы қандай өзекті мәселелерге назар аударар едіңіз?

— Құрылыс саласында оның дамуына тежеу болып отырған мәселелер баршылық. Сондай проблемалардың бірі – ескі коммуникациялар мен әбден тозығы жеткен инженерлік желілер. Соның салдарынан су, кәріз, электр энергиясы желілері жүктемені көтере алмай жатады.

Тағы бір маңызды мәселе – «сұр» құрылысшылар. Облыс аумағында сенімді құрылыс компаниясын табу қиын. Кейбірінің тиісті рұқсат қағаздары мен кепілдіктері болмаса, енді бірі міндетіне селқос қарайды. Кей кездері техникалық бақылау өкілдері олқылықтарға көз жұмып, оның соңы сапаға кері ықпалын тигізеді. Осы сынды күрмеулі жайттар аз емес.

Меніңше, инвестициялық климаттың жақсаруына ден қойып, жергілікті құрылыс компанияларын қолдауға мән берген дұрыс. Кешенді көзқарас қана тұрақты дамуға жетелейді.

— Сіз әріптес депутаттармен бірге елді мекендерді аралап, жұрт алдына жиі шығасыз. Көпшілікті қандай мәселелер толғандырады? Қандай шағымдар түсіріп, нендей көмек сұрайды?

— Тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізу үшін ауыл-аймаққа барып тұрамыз. Мұндай сапарлар көпшілікті не алаңдататынын жақсы түсінуге, біздің бірінші кезекте қандай жайттарға баса мән беруіміз керек екенін аңғаруға ықпал жасайды.

Сайлаушылардың сауалдарының басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты. Кейбір елді мекендерде судың сапасы төмен. Жаңадан су құбыры тартылғанымен, мердігерлердің немқұрайлығы салдарынан ауызсу сапаға сай болмай жатады. Ауылдық жерлерде дәрігерлер тапшылығы мен медициналық қызметке қолжетімділіктің қиындығы да өткір тұр.

Таяуда ірі қалақұраушы кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері маған депутат ретінде базынасын айта келді. Маршруттық автобустың қозғалысы кестеге сәйкес келмейтініне шағымданды. Тасымалдаушы компанияға депутаттық сауал жолдаған соң мәселе шешілді. Осы және өзге де сауалдарды қарастыруға әркез дайынбыз.

— Сіздің депутаттық аумағыңыз – Ақсу қаласында жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер аз емес. Олардың қатарында қалалық қазандықты пайдалануға беру, мұз аренасының құры-лысы және тағы басқалары бар. Күрмеулі жайттар қалай шешілуде?

— Мұз сарайының қазығы 2021 жылдың сәуірінде қағылған еді. Сол тұста бұл екіжылдық жоба екені айтылды. Алайда әлі күнге дейін қолданысқа тапсырылған жоқ. Бүгінде мұздатқыш құралдар жеткізіліп, әрлеу жұмыстары аяқталды. Бірақ Еуропадан мұз құюға арналған құрал-жабдықтың қашан жеткізілері белгісіз. Осы жылдың соңына қарай немесе келесі жылдың басында көптен күткен спорт нысаны ел игілігіне тапсырылуы тиіс.

Қалалық қазандыққа келер болсақ, биыл көктемдегі сынақ жұмыстарынан соң технологиялық ақаулар анықталды. Мердігер мен техникалық аудит өкілдері күл шығару жүйесін өзгерту мүмкіндігін қарап жатыр. Бұл шаралар өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Келесі сынақтар жоба өзгертіліп, қайта мақұлдаудан өткен соң ғана жүргізіледі. Бұл төртінші сынақ болмақ. Қазандық әу баста белгіленген параматерлерге жетпегенше тапсырыс беруші оны қабылдамайды. Ал әзірге шағын шаһар ферроқорытпа зауытының ескі қазандығы арқылы жылытылып отыр. Қаланың жақында тағайындалған әкімі Болатбек Шәріповтің алдында зор міндет тұр. Ол қазандықты іске қосу жұмысын реттеп, проблемалық мәселе шешіледі деген үміттеміз.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.