Елімізде электр қуаты тапшылығын болдырмау үшін құзырлы министрлік бірқатар жобаны қолға алды. Солардың екеуі Екібастұзда іске аспақ. Нақтысы, кеншілер шаһарында жаңадан ГРЭС-3 салынады. Оған қоса, бүгінде ГРЭС-2 станциясында үшінші энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті. Үкіметтің Telegram-каналындағы ақпаратқа сүйенсек, электр қуатының тапшылығын жабу және жаңа қуат қосу үшін 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт энергия өндіретін генерацияны дамытудың кешенді бағдарламасы ісе асырылуда. Қазіргі таңда 10 ГВт электр қуатын енгізу жобасын әзірлеу әртүрлі деңгейде көрінеді. Сондай-ақ, қолданыстағы станцияларды жаңғырту есебінен тағы шамамен 5 ГВт электр қуатын қамтамасыз ету көзделген. 2025 жылы 621 МВт қолданысқа берілмек. Оның 166 МВт дәстүрлі электр қуаты болса, қалғаны жаңартылған энергия көздері болмақ.
Құзырлы министрлік ауаға шығатын қалдықтары нөлге жеткізілген таза көмір технологиясына негізделген перспективті жобаларды жүзеге асыруға мән беріп отыр. Екібастұзда бой көтеретін қуаты 2,6 ГВт болатын ГРЭС-3 станциясы дәл осы технологиямен салынбақ. Курчатов қаласында 600-700 МВт-қа лайықталған ЖЭО құрылысы да осындай жаңашылдыққа негізделеді. Мұндай бастамалар елімізде ескірген көмір станцияларын біртіндеп алмастыруға бағытталған және Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу тапсырмасына сай келеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың мәлімдеуінше, өздері іске асырып жатқан жобалардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2 кеңейту шеңберіндегі үшінші энергоблок құрылысы 2028 жылы аяқталады. Бұл энергоблоктың қуаты 540 МВт болады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, Қазақстанның әр түкпірінде газбен, көмірмен жұмыс істейтін жылу-электр орталықтарының құрылысын бастау қадамдары жасалуда. Сонымен қатар, еліміздің Батыс
аймағының энергия жүйесін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіру және Оңтүстік аймақ жүйесін күшейтуге бағытталған жұмыстар қолға алынған. Осы орайда, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ел Президентінің тапсырмаларын орындау шеңберінде жалпы құны 365 млрд теңге болатын екі ірі бастама іске асып жатқанын мәлім етті. Қысқасы, ұлттық электр жүйесінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жалпы құны 2,3 триллион теңгеге
8 ірі инвестициялық жоба жоспарланған.
Г.МАҒЖАН.