Осыдан тура 30 жыл бұрын елімізде мәслихаттар жүйесі енгізілді. Сол уақыттан бері өңірдегі түрлі деңгейлі мәслихат депутаттары ел қамы үшін еңбек етіп келеді. Бұл аралықта облыстық мәслихаттың 8 төрағасы болды. Әр кезде көтерілген өзекті мәселелер, депутаттар түйінін тарқатуға қол ұшын созған сол тұстағы түйткілдер туралы аз-кем еске алуды жөн көріп, хатшылық еткен азаматтармен тілдескен едік.
Бақыт БЕКСЕЙІТОВА, VІ шақырылымдағы облыстық мәслихат хатшысы:
— Мен облыстық мәслихаттың хатшысы болған кездегі депутаттар қатарында энономика, әлеуметтік сала өкілдері көп еді. Олардың қай-қайсысы да — өз жұмысын жақсы білетін білікті, тәжірибелі мамандар. Сондықтан жолым болды деп ойлаймын.
Мәслихатта үш жылдай еңбек еттім. Осы уақыт аралығында үлкен оқиғалардың куәсі болдым. Біріншіден, сол кезде ҚР Президентінің сайлауы өтті. Мен Президенттікке үміткер, яғни қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевті қолдау жөніндегі облыстық штабты басқардым. Екіншіден, дәл осы кезеңде елімізде ковид кең тарала бастады. Пандемия уақытында тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халық қалаулыларының да назары ауадай қажет болды. Бұл бағытта да депутаттарымыз білек сыбана бірлесіп жұмыс істеді.
Міне, осы және басқа да міндеттерден бөлек халыққа қайырымдылық жасау ісіне көп көңіл бөлінді. Осы орайда депутаттардың атқарған жұмыстары туралы ақпарат мәслихат сайтында үнемі жарияланып тұрды. Бірақ бұл атақ үшін емес, атқарылған жұмысқа есеп беру екенін атап өткен жөн. Мәселен, біздің депутаттар Тереңкөл ауданындағы жарымжан бала асырап отырған бір ананың өтініші бойынша оған баспана сатып алып берді. Ол тұрғын облыстық мәслихаттан көмек сұраған болатын. Сондай-ақ, әріптестеріміз үнемі жергілікті жерлерде қабылдаулар өткізіп, ел-жұртты толғандырған мәселелердің жедел шешілуіне көмектесті. Бұл ретте, пандемия кезінде қайтыс болған «Победа» ЖШС-нің бұрынғы директоры, марқұм Александр Владимирович Поляковтың еңбегін еске алмау мүмкін емес. Ол өте қайырымды жан болды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған көптеген адамға көмек қолын созды. Осындай асыл азаматтардың жақсылығы ұмытылмауы тиіс.
Жалпы, біздің жұмысымызға тоқталар болсақ, қоғамдағы барлық мәселе назарымыздан тыс қалған жоқ. Десе де, экологиялық мәселе күн тақырыбында үнемі қаралды. Ірі кәсіпорындар басшыларының қатысуымен жиындар ұйымдастырылды. Олар қоршаған ортаны қорғау бойынша қабылданған шаралар жайлы баяндап, есеп беріп отырды.
Облыстық мәслихаттың бастамасымен қала көшелеріндегі ақпараттық экрандарда шаһардағы атмосфераның жай-күйіне қатысты жағдайлар көрсетіліп тұрды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарына барып, қоқыстарды сұрыптауға арналған контейнерлер орнатуға ықпал еттік. Сонымен қатар, жолдардың сапасын бақылауға баса көңіл бөлдік. Сол жылдары бұл мақсатқа қазынадан қомақты қаржы бөлінді. Біз әр шақырым жолдың сапасын қадағалап, бұзушылықтардың алдын алуға тырыстық. Қысқасы, елдік мәселелерді шешіп, бюджеттің мақсатты жұмсалуын бақылауда ұстадық.
Ринат ГАФУРОВ, III-IV шақырылымдағы облыстық мәслихат хатшысы:
— Мәслихаттардың өкiлеттiлігі жергiлiктi мәселелерді шешумен байланысты. Сайлауға түскен әр адам өзінің білімі мен қабілеті арқылы маңызды сұрақтардың шешімін таба білуі керек. Жергілікті мемлекеттік басқару ісімен мәслихаттан бөлек, әкімдіктер, министрліктің аумақтық бөлімшелері, өзге де мекемелер айналысады. Десе де, мәслихат Конституцияны негізге ала отырып, жергілікті халықтың еркі мен мүддесін білдірумен ерекшеленеді. Олар халық пен билік арасындағы көпір іспетті. Сондықтан мәслихат депутаты адамдардың сенімі мен үмітін арқалап, мәселені көтеру, шешу жолын қарастыра білуі керек. Міне, мен облыстық мәслихатқа басшылық еткен жылдары осы қағиданы негізге алып жұмыс істедім.
Ең алдымен азаматтарды, депутаттарды жеке қабылдаудың тұрақты кестесін құрдым. Бұл – жұртшылықпен тікелей байланыс орнатып, маңызды мәселелерді депутаттардың бақылауына алуға мүмкіндік берді. Халықпен және мемлекеттік басқару органдарымен жұмыс жүргізе білген депутаттардың еңбегі де еленуі тиіс. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қараған депутаттардың ішінде «үздіктер» де болды. Мәселен, Николай Шабрат, Гүлнәр Досжанова, Юсуп Алекпаров, Айман Оспанова, Александр Касицин, Александр Терентьевтің облыс үшін атқарған жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Бір мақалада сол уақыттағы барлық депутаттың есімін атап шығу мүмкін емес.
Мәслихат — алқалы орган, әрбір шешім дауысқа салыну арқылы көпшілікпен қабылданады. Жұмыс та жүйелі жүргізіледі. Сондықтан қол жеткізген барлық іс — бірлескен еңбектің нәтижесі. Біздің шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары ауланы абаттандыру, халыққа жүйелі қызмет көрсету, автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру сынды бірқатар өзекті мәселелерді шешуге атсалысты.
Ернұр ӘЙТКЕНОВ, VII шақырылымдағы облыстық мәслихат төрағасы:
— Мен 2021 жылы сол тұстағы «Nur Otan», қазіргі «AMANAT» партиясының атынан депутат болып сайландым. Сол уақыттан 2023 жылдың қаңтарына дейін, тура екі жыл бойы облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқардым. Бұл аралықта партияның сайлауалды бағдарламасын сәтті жүзеге асыруға, маңызды нысандарды салу мен қолданыстағы ғимараттарды жөндеуге баса назар аударылды. Бұл ретте Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылы мен Теміржолшылар кентіндегі мектептің, облыстық аурухана жанынан құрылысы ұзаққа созылып кеткен инфекциялық бөлімшенің, елді мекендердегі, әсіресе Баянауыл ауданындағы су құбырларының құрылысын қатаң қадағалауға тура келді. Аталған нысандарға жауапты басқарма, департамент мамандарымен бірге барып, мердігерлермен тілдесіп, тұрғындармен кездесіп, жағдайды назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Кейбірі партияның комиссиялық отырыстарында қаралып, тиісті шешімдер де шығарылды.
2022 жылы ірі мердігердің облыстағы бірнеше мектептің жөндеуін бір-ақ мойнына алып, кейін ауқымды істі атқаруға қауқары жетпей жатты. Салдарынан Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда, Ертіс ауда-нындағы Голубовка ауылындағы білім мекемесінің жөндеуі біраз титықтатты. Мердігер 1 қыркүйекке дейін нысандарды тапсыра алмады. Осындай міндетіне селқос қарайтын компания өкілдерімен біраз «арпалысып», шаруаларын ширатуын жіті бақыладық.
VII шақырылым депутаттарының қызметі кезінде облыс орталығында «Достық» шағын ауданының құрылысы қарқын ала бастады. Біздің депутаттар жаңа аудандағы тұрғын үйлердің сапалы салынуы үшін құрылыс алаңына бірнеше рет барып, бұл бағыттағы жұмыстарға баса көңіл аударды.
Екі жылдан астам уақыт аралығында депутаттар ауылдағы ағайынның мәселесіне ерекше ден қойды. Көпшілікті әркез алаңдататын басты мәселелер – тегіс жол мен таза ауызсу. Тұрғындардың осы бағыттағы талап-тілектеріне құлақ түруге тырыстық. Жалпы, біздің шақырылым депутаттары бюджетті талқылағанда халық көтерген мәселелерге қаржы бөлуге назар аударды. Біз үшін басты мақсат ретінде халықтың әл-ауқатын арттыру белгіленді. Бұл мақсатқа жету үшін барымызды салдық. Бұған дейінгі шақырылым депутаттарының жұмыс жүйесін жалғастырып, бізден кейін сайланған депутаттарға аз да болсын үлгі болғымыз да келді. Ал VII шақырылым депутаттарының жұмысына бағаны халықтың өзі берер.
Владимир БЕРКОВСКИЙ, V-VI шақырылымдағы облыстық мәслихат хатшысы:
— Мәслихатқа басшылық еткен жылдары депутаттық корпус өз сайлаушыларының сұрағын, мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлді. Сол уақытта депутаттар еңбекқор әрі жұмысқа белсенді араласа білді. Депутаттық корпус құрамының әлеуеті өте жоғары еді. Өйткені олардың қатарында ірі кәсіпорын басшылары, өңірге танымал тұлғалар болды. Мәселен, Павлодар алюминий зауыты, Қазақстан электролиз зауыты, Павлодар мұнай өңдеу зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Ақсу ГРЭС-і, Екібастұз ГРЭС-1, «Галицкое», «Победа», «Пахарь» және «Ақтоғай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды өзге де ірі шаруашылық иелері еңбек етті. Мұндай адамдар уайымға салынған жұртшылықты жұбата, сендіре білді. Көмек қолын созу тетіктерін ұсынды. Бұдан бөлек, депутаттар комиссия, сессия отырыстарында әлеуметтік мәселелерді көтерді. Олардың көмегімен алғаш рет жоғары сынып оқушылары жазғы демалыста кәсіпорындарға жұмысқа қабылдана бастады. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сол уақытта жыл сайын жасөспірімдер үшін 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Өсіп келе жатқан ұрпақты еңбекке баулуға үйреткен және еңбек ұжымында тәрбиелеуге мүмкіндік берген мұндай жұмыстың маңызы зор деп білемін. Сонымен қатар, жаз мезгілінде оқушылардың уақытын тиімді пайдалану арқылы құқықбұзушылық әрекеттерден құтқардық деп ойлаймын. Депутаттарды жетім балалардың тағдыры да алаңдатпай қоймады. Олардың бастамасымен үш қалада жетім балаларды баспанамен қамту мақсатында облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді.
Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Арман Есенжолов жетімдер үйіндегі 5 баланы өз кәсіпорын аумағындағы шипажайға орналастырып, барлық жағдайды жасады. Мектепті бітіргеннен кейін олар кәсіпорынға маман даярлайтын колледжде білім алды. Ал «Победа» ЖШС-ның директоры марқұм Александр Поляков жетім балаларға өз қаражаты есебінен Павлодар қаласында 3 бөлмелі пәтер сатып әперді. Депутаттар діни мәселелерге де атсалысты. Олар қаражат жетіспеушілігі салдарынан құрылысы тоқтап қалған шіркеуді тұрғызу үшін 1 миллион доллар қаржы жиналды. Осындай игі істер үшін халық алғысына ие болды. Әр депутат бірінші кезекте осындай өткір мәселелерге назар аудара білуі қажет деп ойлаймын.