Бұрнағы күні облыс орталығындағы Достық үйінде «Бірлік-Единство.kz» атты жастар форумы өтті. Шара барысында өңірдегі «Ассамблея жастарының» белсенділері, этномәдени бірлестіктердің жастары, мемлекеттік мекемелердің жас мамандары, студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдері бас қосты.
Форумға аймақ басшысы Асайын Байханов, облысымызға іссапармен келген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Павлодар облысының «Жастар Ассамблеясы» РҚБ өкілдігінің төрағасы Рамиль Смаилов және елдегі жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен өзге де сала мамандары қатысты.
Облыс әкімі Асайын Байханов биыл осымен оныншы рет өткізіліп отырған шара қатысушыларын құттықтап, «Бірлік-Единство.kz» форумы бүгінде павлодарлық жастар үшін белсенді диалог алаңына айналғанын атап өтті.
— «Жастар — заманауи реформалардың негізгі қозғаушы күші», — деп Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі жастардың жан-жақты ізденіп, ауқымды бастамалар мен нақты жобаларды ұсынып жатқаны қуантады. Мен облыстық жастар Ассамблеясының қызметін үнемі қадағалап отырамын және жастар бірлестігінің белсенді әрі нәтижелі жұмысын айрықша атап айтқым келеді. Шығармашыл жастардың қатары көбейіп, жаңа жобалар ұсына беріңіздер. Мен сіздерді қолдауға әрдайым дайынмын, — деді аймақ басшысы.
Вице-министр қазіргі жастарға үлкен үміт артатынын жеткізді.
– Ел Президенті Ұлттық құрыл-тайдың III отырысында «Адал азамат» тұжырымдасын ұсына отырып, ұлт сапасын жақсарту үшін бірлік пен жаңа құндылықтарды орнықтыру керек екенін айтқан болатын. Сондықтан жастардың бойындағы білімге деген құштарлық пен еңбекқорлық қасиеттерін дамыту – баршаға ортақ міндет екенін түсінгеніміз жөн, – деді Евгений Кочетов.
Ашық диалог форматында өткен форумға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ой-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Жастардың бірі мемлекеттік тіл тағдыры мен еріктілер қызметі жайлы ойын ортаға салса, енді бірі елімізде жастар саясатын дамытуға бағытталған жоба-жоспарлар жайлы сұрады.
Форумға келген қонақтар назарына жастар этномәдени бірлестіктерінің жобалар көрмесі ұсынылды. Бұдан соң вице-министр өңір тұрғындарымен кездесіп, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті. Оның айтуынша, былтыр елімізде 44 мәдениет нысаны салынып, 260 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл 45 мәдениет ошағының құрылысы жоспарланған. Тек соңғы үш жылда Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында және жергілікті қазына қаржысы есебінен 38 ғимарат қалпына келтірілген. Сонымен қатар, ол отандық кино өндірісін дамыту, авторлық құқықты сақтау мәселесі жайлы ойларын білдіріп, алдағы 4-5 жылдың ішінде мәдени саясатты дамытудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес шығармашылық индустрияны қолдауға басымдық берілетінін мәлімдеді.
Келелі кездесу барысында облыс тұрғындары мәдениет тақырыбына қатысты өздерін мазалаған, қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Ал түстен кейін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде павлодарлық журналис-термен жүздесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Павлодардағы тарихи нысандарды жаңғырту, ауылдық жерлерде пошта бөлімшелерінің жабылуы баспа-сөздің таралуына қиындық тудырып жатқаны, облыс орталығында қуыршақ театрын ашу, ақпарат және мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру, елді мекендерде салынып жатқан мәдениет үйлерін қажетті кадрлармен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерді көтерді. Соның ішінде көпшілікті толғандырған мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты сұраққа жауап берген Евгений Кочетов:
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін жыл сайын лауазымдық жалақының белгіленген мөлшеріне арттыру коэффициентін қолдану есебінен мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын 100 пайыз көтеру жүзеге асырылуда. Мәселен, республикалық театрлардың орташа айлық жалақысы 2021 жылы — 117 748 теңгені, 2022 жылы — 144 387 теңгені, 2023 жылы 172 010 теңгені құрады. Соңғы 2 жылда жалақы 46 пайызға, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 73,2 пайызға өсті. Сонымен қатар, бүгінде 7 республикалық мәдениет ұйымына «Ұлттық» мәртебе берілгенін атап өту қажет. Бұл лауазымдық жалақыға 1,75 арттыру коэффициентін қолдануға мүмкіндік берді, — деп атап өтті.
Журналистер тарапынан қойылған өзге де сұрақтарға барынша жауап берген вице-министр кейбір күрделі мәселелерді назарына алатынын жеткізді.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.