Елдің дамуына серпін береді

Ақп 12, 2026

Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының белсенділері жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді талқылады. Партия мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, құжаттағы негізгі принциптердің қоғам өміріндегі әділдік пен теңдікті нығайтуға қызмет ететінін айтты.

Шара барысында Конституция жобасына енгізіліп отырған негізгі өзгерістер мен толықтырулар, олардың ел дамуына, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпалы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, Қазақстан Халық партиясының Конституциялық реформаларға қатысты ұстанымы, саяси жаңғыру жолындағы бастамалары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары таныстырылды.

Партияның облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы  Әлімбек Ағыбаев Ата заңның жаңа жобасы қоғамдық институттарды дамыту және адам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыруға бағытталғанын атап өтті. Жиынға қатысушылар да реформа қоғамның сұранысына сай және елдің саяси дамуына серпін береді деп есептейді.

– Жаңа Конституцияның жобасы тұтастай алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделген. Отбасы институты мен еңбек құқықтары нақты айқындалған. Адвокаттардың мәртебесі мен заң көмегін көрсету тәртібі бекітілді. Бұл қадам азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосады, – деді ол.

Оның сөзінше, Конституция мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі құжат болып саналады. Ондағы әрбір өзгеріс әр азаматтың назарында болуы керек.

Партия белсендісі Евгений Миронов Конституция жобасындағы кейбір жаңа нормалардың халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.

– Мәселен, бұрын Конституцияда қарастырылмаған табиғатты қорғау мәселесі енді негізгі құжатқа енгізілді. Бұл – азаматтардың игілігі үшін жасалған нақты қадам. Сондай-ақ, құжатта әлеуметтік сала мен еңбек құқықтары бойынша нақты міндеттемелер бекітілген, – деді ол.

Жиында партия мүшелері Конституция жобасының кіріспесіндегі негізгі ойларға да тоқталды. Олар құжаттағы құқықтық жаңалықтар мен өзгерістерді талқылап, өзге де аспектілерді атап өтті. Қатысушылар жаңа жобаның азаматтық қоғам мен мемлекет дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Жиын соңында партия мүшелері Конституция жобасын қолдайтындықтарын алға тартты. Олар бұл құжаттың елдің құқықтық жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Айдана БОРАНБАЕВА.