Павлодар қаласында жаңа Конституциялық реформаны талқылау мақсатында ардагерлер кеңесінің жиналысы өтті. Мұнда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, ардагерлер кеңесінің өкілдері, жастар көшбасшылары, салалық кәсіподақтар, бизнес-қоғамдық өкілдіктері, заң саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері қатысты.
Конституциялық реформаның негізгі мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын алдыңғы орынға қою арқылы ел дамуын жаңаша бағытта жүзеге асыру.
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко Конституцияға енгізуге ұсынылған түзетулер мен толықтырулар негізгі заңның барлық тарауына қатысты екенін айтты. Ол өзгерістерді үш бағытқа жіктеді.
— Алғашқысы — мемлекеттік бағдар. Жаңа заң бойынша мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бірінші орынға қояды. Ақпараттық технологияның өрістеген кезеңінде жеке тұлғаны қорғау маңызды болып табылады. Ол Конституцияның барлық нормасын қамтиды. Екіншісі – шикізаттық экономикадан адами капиталды дамытуға қадам жасау. Үшіншісі –саяси жүйені жаңғырту және демократияны нығайту, — деді ол.
Жаңа конституция жобасының ерекшелігі туралы Павлодар облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Борис Поломарчук те өз пікірін білдірді.
— Ең басты өзгеріс – ол Парламенттің атауы Құрылтай болып өзгеруі. Бұдан бөлек, «Халық кеңесі» деп аталатын кеңестің жұмыс істеуі. Мұндағы ерекшелік – қоғамдық кеңес жетекшілері, мәслихат өкілдері, қоғам белсенділері арқылы мемлекет пен халық арасын тығыз байланыстыру жолында қызмет ету, — деді ол.
Елдің басты ресурсы ретінде табиғи байлықтармен қатар, адам капиталы, яғни интеллект пен әлеуетке көңіл бөлінбек. Табиғи ресурстарды қорғау да конституциялық деңгейде бекітіледі.
Сара ӘБДОЛ.
Суретті түсірген — автор.
