2025 жылға аяқ бастық. Тағы бір жыл артта қалды. Ұлу жылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірі сан алуан оқиғаға толы болды. Еліміз қаланы да, даланы да дамытуды назардан тыс қалдырмады. Қазақстанның өркендеуі үшін өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, түрлі маңызды шешімдер қабылдады. Оның бәрі — біз бен сіздің жайлы өміріміз үшін жасалған нық қадамдар. Ел азаматтарын сөзге тартып, ескі жыл несімен есте қалғанын білген едік.
Илья ТЕРЕНЧЕНКО, облыстық мәслихат депутаты:
— 2024 жыл саяси оқиғаларға толы болды десек, қателеспейміз. Жалпы, кез келген бастаманың астарына үңілсеңіз, саяси маңыз бар. Айталық, биыл Екібастұз қаласындағы жылу магистральдары жөнделіп, жаңартылып, қысқы маусым ойдағыдай жүріп жатыр. Қордаланып қалған бұл инфра-құрылымдық мәсе-ленің түйіні саяси шешімнің арқасында тарқады. Сол сияқты кеншілер шаһарында Президенттің тікелей тапсырмасымен «Самғау» балалардың шығармашылық орталығы салынып, таяуда ел игілігіне тапсырылды. Ал облыс орталығында аймақ басшысының бастамасымен «Алтын сақа» орталығы өз жұмысын бастады. Ауылдық жерлер де назардан тыс қалған жоқ. Бұған дейін облыстық мәслихат депутаттары елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездескенде жергілікті жұрт емдеу орнын салуды жиі сұрайтын. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бес бірдей ауданда көптен күткен медициналық пункттер салынды.
Саяси оқиғаларға тереңінен үңілер болсақ, атом электр станциясын салуға қатысты референдумды бөле-жара айтуға болады. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін мұндай станция керек-ақ. Әрине, тұрғындардың бойында Чернобыль, Фукусима станцияларындағы жағдайдан соң қауіп пен үрейдің болғаны рас. Бірақ біз көпшілікпен кездесіп, қазіргі заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін айтып, атом электр орталығының маңызын түсіндіре білдік деп ойлаймын. Келешек үшін керек мұндай шешімді халық болып қабылдағанымыз дұрыс. Сондықтан болашаққа бей-жай қарамайтын азаматтар референдумда өз ұстанымдарын білдірді.
Бұл ретте мәслихаттардың 30 жылдығын да атап өтпеске болмас. Биыл облыстық, аудан-қалалық мәслихаттарда босаған депутаттардың орнына жаңа азаматтар сайланып, мандатқа ие болды. Осындай науқандардың барысында өңір тұрғындарының саяси сауаттылығы мен мәдениеті жоғары екені байқалады. Сонымен қатар, осы желтоқсан айында біздің өңірде республика көлемінде алғаш рет кең ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Мұндай шара елімізде алғаш рет өтті. Тізер болсақ, есте ерекше қалған осы іспетті саяси оқиғалар баршылық. Бастысы, олардың нәтижелі болуы әрі ел игілігін жақсартуға бағытталуы. Келесі жылы да осындай сүбелі саяси оқиғалар көп болады деп сенемін.
Жұмкен СЕЙІТОВ, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
— Биыл аймағымыздың мәдениет саласы үшін мерейлі жыл болды деп ауыз толтырып айта аламын. Бір Баянауылдың баурайында қазақ халқының көрнекті ғалымы, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан әйгілі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, Қазақстан археология мектебінің негізін салушы Әлкей Марғұланның 120 жылдығы кең көлемде атап өтілді.
Ұлттық қазынамыз — ақындар айтысы да өз деңгейінде өткізілді. Ауылдарда мәдениет үйлері бой көтеріп, ескі нысандар жаңа кейіпке енуде. Республика күні қарсаңында Естай атындағы мәдениет сарайында өңіріміздің өнерпаздары Ақмола облысынан келген өнер өкілдерімен сайысқа түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Дүбірлі додада қос аймақтың ақындары айтыстың түре, сүре, қайым жанрлары бойынша сынға түсіп, жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер ән мен күйден шашу шашты. Осы сайыстан-ақ, облыс мәдениет қызметкерлерінің әлеуетін анық көруге болады. Жуырда аймақ басшысы Асайын Байханов зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өнерде жүрген жастарға да марапат табыстады. Осындай жаңалықтарды естіп, марқаямын. Өнер адамдары алқалап, қошемет-құрмет көрсеткенді ұнататын қауым.
2024 жыл өзімнің шығарма-шылығыма да жақсы жаңалықтар әкелді. Осыған дейін әр жылдары менің өлеңдерім 10-нан астам кітапқа енген екен. Зейнет жасына шығуыма байланысты отбасылық «Өлең ұя салған шаңырақ» атты жеке жинағымды жарыққа шығардым. Баянауылда өткен кешіме жиналған халықтың қарасы қалың болды. Өте риза болдым. Мәдениет саласына қосқан үлесім бағаланып, талай марапатқа ие болдым. 2025 жылы аудандағы ауылдарды аралап және облыс орталығында жеке кеш ұйымдастыруды жоспарлап отырмын.
Болашақта өнер адамдарына көңіл бөлініп, баспанамен қамтылса екен тілегім бар. Мәдениет саласының қызметкерлері —
рухани бай жандар. Бір Димаш Құдайбергеннің өзі Қазақстанды әлемге танытып отыр. Елімізде мұндай дарынды жастар жетерлік. Сол себепті ауылға жас мамандарды қызметке шақыру қажет деп санаймын. Ауыл – жастарымен көрікті. Қаладағы театр, филармония қызметкерлері ауылдарды аралап, өнерлерін елді мекен жұртшылығына көрсетсе деген деймін. Осы жұмыстар қолға алынса, өнеріміз өрге баса береді. 2025 жыл мәдениет саласына табыс пен береке әкелсін деп тілеймін!
Қабылқайыр РАЙЫМҚҰЛОВ, Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы (Екібастұз ауылдық аймағы):
— Биылғы өтіп бара жатқан Ұлу жылына ешқандай өкпеміз жоқ. Еліміз үшін де, Екібастұз аймағы үшін де есте қаларлық ерекше оқиғалар мен жан сүйсіндірер жақсы жаңалықтарға толы болды. Мен Ақкөл ауылының тұрғыны болғандықтан, өзіміздің ауылда нендей жұмыстар атқарылғанын айтып кетейін. Ең әуелі, көп жыл күткен Басқамыс-ГРЭС-1 бағытындағы 63 шақырым жолды аяқтады. Ақкөлдің аумағын басып өтетін жол болғандықтан біздің ауылдың тұрғындары үшін маңызды болып саналады. Сондай-ақ, Екібастұз бен Ақтоғай арасын жалғап тұрғандықтан облыс үшін де маңызды.
Біздің Ақкөл ауылдық округінің құрамына үш ауыл қарайды. Олар – Ақкөл, Зеленая роща және Жақсыат елді мекендері. Биыл сол Зеленая роща мектебіне қосымша ғимарат салынып, ауыл ішінде екі шақырымнан астам жолға жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, екі пәтерлік бір тұрғын үй салынып, кезекте тұрғандарға берілді. Ал округ орталығы Ақкөл ауылында
4 тұрғын үй салынып, жұмысы аяқталды.
Биыл ауылдарды көріктендіру, жарықтандыру бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылды. Атап өтер болсам, келесі жылы болатын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Жеңіс алаңына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, үш ауылға бірігіп 90 жарық шам орнатылды. Одан бөлек, екі балалар ойын алаңы салынған болса, екі футбол алаңы жөндеуден өтті.
Ауыл әкімі келесі жылға да маңызды жұмыстар жоспарлап отыр. Оның біріншісі – Исабек ишан кесенесіне баратын
14 шақырым жолдың жобасы, екіншісі – Ақкөл ауылының ішіндегі төрт көшеге асфальт төсеу жобасы. Келесі жылы біздің ауылдың құрылғанына — 90 жыл. Қазір осы мерейтойымызды мәнді де мағыналы өткізу жағын ойластырудамыз.
Александр Терентьев, «Ақтоғай-АГРО» ЖШС директоры:
— Биыл ауа райының жауын-шашынды болуы шаруалар үшін айы оңынан туған жыл болды. Шаруалар қауымы ала жаздай күтіп-баптаған дәнді дақылдарын жинап, төрт түлік жайылатын өрістің де көлемін ұлғайтты. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы.
Бүгінде өздерін-өздері жұмыспен қамтып, өзгелерге де жұмыс орнын тауып беріп отырған Ақтоғай ауданының шаруашылық саласындағы кәсіпкерлері егістік алқаптарын жылма-жыл ұлғайтуда. Мал басының саны да артып келеді. Әсіресе, ауылды жерлерде кәсіпті диқаншылық пен төрт түлік өсіруді қолайлы көргендер субсидия алып, қам-қарекет жасауда. Ауылшаруашылық саласы бойынша ауданымыз айтарлықтай жетістікке жетіп, заманауи технологияларды да өндіріс саласына енгізуде. Мәселен, биыл біздің шаруашылық картоп жинайтын комбайн, заманауи тракторлар, 5 жаңбырлатып суару құрылғыларын сатып алды.
Бұдан басқа, биыл аймақ басшысы Асайын Байхановпен кездесу барысында жыл сайынғы индекстеу және қарапайым жұмысшылардың жалақысын арттыру мәселесін талқылап, қазіргі уақытта шаруашылықта жұміс істейтін барлық қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға көтердік. Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Жалаулы ауылында көктемгі су тасқыны кезінде үйлері зардап шеккен тұрғындар үшін 5 жаңа тұрғын үйдің құрылысын жүргіздік. Ұлу жылы осындай ұлы істермен есімізде қалмақ.