Жастарды жұмыспен қамтудың жолы қандай?

Сәу 24, 2025

Жастардың ешбір ермексіз, еңбексіз сандалып жүрмей, іспен айналысқаны, жұмысқа араласқаны қоғам үшін аса қажет. Себебі, бұл көп қатердің алдын алады. Түрлі әлеуметтік мәселелердің туындамауына жетелейді. Сондықтан болар, облыстық мәслихаттың дәл осы жастарға қатысты түйткілдерді жеке талқылайтын тұрақты комиссиясы бар. Комиссия мүшелері кезекті отырыста жастардың жұмыспен қамтылуы, оларды спортқа тарту бағытын сөз етті.

Тегінге құмар болмағаны абзал

Облыстық мәслихаттың жастар және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Айдар Құрымбаев жетекшілік еткен жиында жас азаматтарды жұмыспен қамтудың тетіктері, кәсіпкерлікке жетелеудің түрлі жолдары айтылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырованың мәліметінше, қазіргі таңда аймағымызда жұмыссыздық көрсеткіші 4,7 пайыз болса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі — 2,7 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,4 пайызға төмен. Былтыр 30,3 мың адам жұмысқа орналастырылса, олардың 12 мыңға жуығы – 35 жасқа дейінгі азаматтар.

Биыл бірінші тоқсанның өзінде үш мыңға жуық жас тұрғын мансап орталықтарының көмегіне жүгінген. Нәтижесінде 1736 жас азамат жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылған. Былтыр 159 жас қысқа мерзімді кәсіптік курстарын аяқтаған. Олардың 134-і жұмысқа орналасыпты. Одан бөлек, «Skills Enbek» платформасында 525 жас тұрғын онлайн оқудан өткен. Биыл мұндай оқу мамыр айында басталмақ.

Құзырлы орган жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға да ден қойған. Өткен жылы 442 грант берілсе, соның 173-і жастарға бұйырған. Биыл екінші жартыжылдықта облыста 406 грант беру жоспарланған. Осы ретте, облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссияның мүшесі Асылбек Туғанбай бөлінетін гранттардың нәтижесіне мән берудің маңыздылығын атады. Мәселен, 5 млн теңге қайтарымсыз грант алған азамат өзін ғана емес, өзгені де еңбекпен қамтуы тиіс. Алайда, басқармадағылар грант иегерлерінің ісін жалғастырып жатқанын тек зейнетақы аударымдары арқылы бақылай алады екен.

— Міндетті зейнетақы жарнасы кәсіптің жүріп жатқанының айғағы, нақты көрсеткіш емес. Депутаттар да бұл мәселені көтерейік. Қадағалаудың басқа жолы болуы керек. Жастарымыз тегін ақшаға құмар болмағаны абзал, — деді А.Туғанбай.

Бұған дейін жастар тарапынан 2,5 пайызбен шағын несиелендіру шарасы кең сұранысқа ие болыпты. Алайда, бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмай жатқан көрінеді. Жастарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің де жәрдемі көп, дейді басқарма өкілі. Биыл 295 жұмыс беруші қатысқан 38 жәрмеңке өтіпті. Нәтижесінде, 105 адам тұрақты жұмысқа қабылданса, 96 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.

Естеріңізде болар, депутаттардың бастамасымен жазда өрендерді еңбекпен қамту қолға алынды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Қазіргі таңда облыстың 28 кәсіпорны 380 орын ұсынып отыр. Жалақылары 45-150 мың теңге көлемінде болады. Талапқа сай мектеп оқушылары 3 сағаттық абаттандыру жұмыстарына тартылмақ.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы кәсіпкерлікке бет бұрғандар да бар. Басқарма басшысының орынбасары Дархан Ермағамбетовтің мәлімдеуінше, биыл 132 жоба мақұлданса, олардың 24-і — жастардың бастамалары.

Комиссия мүшесі Саят Елгонденов жұмыспен қамтуда кездесетін күрмеулі мәселелерді сұрады. С.Қадырова олардың бірнешеуін атап өтті. Мәселен, азаматтарды субсидияланған жұмыс орнына тартқанымен, зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударымдары төленіп тұрса да, олар бәрібір жұмыссыздар қатарына болады екен. Яғни, заң талабы сондай. «Бастау» арқылы оқығандар да жұмыссыздар ретінде тізімде тұратын көрінеді. Сонымен қатар, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін көмек алу үшін де өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар «жұмыссыз» ретінде тіркеуге тұрады. Ал мұның бәрі жұмыссыздық деңгейі көрсеткішіне әсер ететінін айтты. Қазіргі таңда облыста 19 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде болса, жоғарыда аталғандар санатын жұмыссыздар қатарынан алып тастаса, нақты еңбекпен қамтылмағандар 5 мыңнан ғана асатынын алға тартты.

Қаржыландыру артса…

Отырыста талқыланған тағы бір тақырып – спорт саласындағы жұмыстар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев өткен жылды қорытындылап, биылғы жылдың жоспарлары мен айтулы додаларын баяндады. Сонымен қатар, салаға елімізде енгізілетін бірқатар өзгерістерге тоқталды. Айтуынша, биыл Ақмола мен Ақтөбедегі спорт мектептеріне жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізілмек. Қаржыландырудың бұл жаңа моделі келесі жылы жаппай Қазақстан бойынша қолға алынса, бір спортшыға қарастырылатын ақша 415 мың теңгеге дейін көтеріледі.

— Бұл өзгеріс енгізілсе, жаттықтырушылар мен спортшыларға барынша жайлы жағдай жасауға, спорттық инфрақұрылымдарды жақсартуға қосымша қаржы бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда республика деңгейінде әр өңірге тиісті есеп жүргізілуде, — деді А.Имашев.

Бас спортшының сөзінше, тұрақты және жеткілікті қаржыландыру ғана өңір спортшыларының әлеуетін ашуға, жоғары нәтижелерге жол ашады. Биыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға 19 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Алайда, қаржыны тиісті бағыттарына бөлгенде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру мардымсыз. Ал бұл спортта айтулы жетістікке жету үшін аса маңызды саналады. Өзге өңірлермен салыстырғанда мұндай мектептерді қолдауға қарастырылатын қаржы айтарлықтай жеткіліксіз, дейді. Қаржы жетпеген соң спорттық құралдарды жаңарту, залдарды жабдықтау, көлікпен және түрлі шығындарын қамту көңілге қонымсыз көрінеді. Сонымен қатар, басқармаға бертін келген басшы бұған дейін спортқа бөлінетін қаржы дұрыс жұмсалмағанын айтты. Яғни, басым бөлігі, 87,2 пайызы жарыстарға қатысуға кетсе, тек 12,8 пайызы оқу-жаттығу жиындарына бағытталыпты. Сәйкесінше, сыртқа шықпаған, қарсылысымен жарысқа дейін кездеспеген спортшыдан жоғары нәтиже күту – қателік, дейді. Енді осы олқылықты жоюға тырысып көрмек.

Бүгінде облыста спорттың 98 түрі сәтті дамытылуда. Оның 24-і — олимпиадалық спорт, 10-ы — ұлттық, алтауы – қысқы спорт түрлері, қалғаны олимпиадалық емес спортқа жатады. 10 паралимптік, 8 сурдолимптік спорт түрлері бар.

Аймақта 13 280 бала спортпен тегін айналысады. Олардың 4398-і «Artsport» арқылы қабылданған. Облыста кейде қаржының тапшылығынан келешегінен үміт күттіретін спортшыларды ұстап қалу қиынға соғатынын да жасырмады. Сондықтан, балалар мен жасөпірімдер спорт мектебін тұрақты дамыту талап етіледі.

Дегенмен, биыл қаржыландыру жағынан сәл ілгерілеу бар, деді. Мәселен, биыл спортшыларға арналған тамақтану нормасы 4 мың теңгеден 6 мың теңгеге көтерілген. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін кейбір спортшылармен ұлттық құрамадан тыс жеке дайындық жұмыстарын жүргізу де көзделген. Жалпы, басқарма басшылығы сабақтастықпен, жүйелі жұмыс жүргізуге бекініп отыр.

Құзырлы басқарма 2025 жылы бірқатар спорт түрлерін өңірімізде өркендетуге ден қоймақ. Мәселен, олимпиадалық спорт түрлері семсерлесу, ескек есу және каноэ спорты бойынша секциялар ашу жоспарланған. Семсерлесуден екі жаттықтырушы Өскеменнен шақырылуда. Облыс орталығы мен Екібастұз қаласында үш ірі спорт нысаны салынбақ.

Алдағы уақытта бұқаралық спорт, ұлттық спортты дамыту жалғаса бермек. Осы орайда, Асылбек Туғанбай көкпардың кең қанат жаюына қолдау күшейсе деген тілек білдірді. Оған қоса, Қызылжарда орын алған оқыс жағдайды алға тартып, қауіпсіздік шараларын да күшейту керектігін атап өтті. Бірақ бұл келеңсіз жайт ұлттық спортқа тұсау болмауы қажет, деді. Басқарма басшысы Азамат Болатұлы ұлттық спорт түрлеріне Көшпенділер ойындарынан кейін қызығушылық та артқанын атап өтті. Бүгінде ИнеУ-дің колледжімен бірлесіп, ауылдарда ұлттық спортқа баулитын жаттықтырушыларды дуалды оқытуға тарту жоспарланыпты.

Ал Айдар Құрымбаев Павлодар қаласында өзі сайланған №6 округ аумағындағы спорт мектебінде жуынатын орынның жоқтығына байланысты азаматтардан өтініш түскенін алға тартты. Басқарма басшысы бюджеттік өтінім берілгенін, алайда қаржы әлі бөлінбегенін мәлім етті. Жалпы, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базаларды жаңарту тұрғысында күрмеулі тұстар аз еместігін бүгіп қалмады.

Депутаттар спортты дамыту бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екендіктерін атап өтті. Жүйелі жұмыс жемісін беретініне сенім білдірді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – К.Музалевский.

WhatsApp