Өткен жылмен салыстырғанда биыл өңір тұрғындарының жұқпалы респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауыру көрсеткіші артқан. Оның алдын алу үшін облыста қандай іс-шаралар жүргізілуде? Сондай-ақ, мемлекеттік деңгейде баса мән беріліп жатқан халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалардың іске асу барысы қалай? Осы және өзге де мәселелер аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында жан-жақты қаралды.
Қауіп бар…
Тұрғындардың денсаулығына алаңдаған облыс әкімі аппараттық жиында алдымен аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға назар аударды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев соңғы уақытта елімізде тұмауға ұқсас аурулармен емдеу мекемелеріне жүгінген науқастар саны артқанын айтты. Сонымен қатар, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми-практикалық орталығының дерегінше алдағы күз-қыс маусымында В вирусының қосылуымен А/Н1N1/ және А/H3N2 типті жұқпалы ауру болжанып отырғанын да жеткізді.
— Әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Негізі, ЖРВИ-дің жоғарылауы қазан айының ортасында басталады. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бері облыс бойынша осы инфекциямен ауырған 26 650 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда күн сайын аталған мәселеге қатысты мониторинг жүргізілуде. Бастысы, облыстағы медициналық ұйымдар ауырған науқастарға қызмет көрсетуге әрдайым әзір, — дейді Батырбек Әлиев. Оның сөзіне қарағанда, өңірде тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары қызу жүргізілуде. Павлодарлықтар үшін осы маусымда «Гриппол плюс» вакцинасының 90 000 дозасы сатып алынған. Бүгінде 40 мыңға жуық тұрғын вакцина алып үлгерген. Сондай-ақ, бірқатар жұмыс беруші қарамағындағы қызметкерлеріне өз есебінен вакцина сатып алып, ектіруде. Аймақ басшысы бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
Көрсеткіштер көңіл көншітеді
Елімізде халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса мән берілуде. Осы мақсатта облысымызда оң нәтиже байқалуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында 23,5 мыңнан астам павлодарлық жұмысқа орналастырылған.
— Бұл аталғандардың ішінде ұлттық жобалар шеңберінде – 7,9 мың адам, бос жұмыс орындарына – 8,8 мың адам, Мемлекет Басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 6,7 мың тұрғын еңбекпен қамтылды. Нәтижесінде, облыстағы жоспар өз деңгейінде жүзеге асуда. Әсіресе, Аққулы, Ертіс, Май, Павлодар және Успен ауданының көрсеткіші 100 пайызды құрады. Яғни, жыл соңына дейін бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ, — деді Альмира Дисюпова. Оның айтуынша, ұлтық жобалар шеңберінде 7546 адамды, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына – 6079 тұрғынды, инфрақұрылымдық жобаларға 1467 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Қуантарлығы, қайтарымсыз гранттар мен шағын несие беру жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асуда. Қазіргі таңда 272 адам 380,4 млн теңгенің грантына қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастауда. Бүгінде 3-ші лекке өтінімдерді қабылдау аяқталған. Сол бойынша өтініш берген 622 адамның 200-і комиссия шешімімен тағы да ақшалай гранттың иегері атанбақ. Ал мемлекеттен 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие алып, іс бастағысы келетін белсенді жастарға да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Басқарма басшысының сөзінше, жалпы сомасы 698,8 млн теңгені құрайтын 153 шағын несие берілген. Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл бағыттағы жұмыстарға оң баға беріп, десе де, облысымызда жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішінің төмен екенін тілге тиек етті. Аталған мәселеге қатысты жауап берген Альмира Аманқызы жастарға арналған үш жобаның шарттары мен талаптары бірдей екенін айтып, бұл да бір себеп болып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол биыл диплом алған облыстағы 6 мыңнан астам түлектің көбі дуалды оқу оқып, ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасып кеткенін, ал еңбекке қабылданбағандарын жұмысқа тартуға бағытталған шаралар жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Дайындықты пысықтау қажет!
Көп ұзамай күн суытып, қар жауатыны анық. «Қыстың қамын жаз ойла» деген қағиданы қатаң ұстану керектігін меңзеген Асайын Байханов аймаққа қарасты жолдардың қысқа дайындық барысымен де таныс болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров ағымдағы жылы автокөлік жолдарын күтіп ұстауға жергілікті қазынадан 600 миллион теңге бөлінгенін айтып, қысқы уақытта жолдардағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін басқарма мердігерлік ұйымдармен келісімшартқа отырғанын жеткізді.
— Алдағы қысқы кезеңге дайындықты пысықтау мақсатында әкімшілік полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мердігер ұйымдардың мамандандырылған техникасының дайындығын тексерді. Облыс бойынша 28 мердігер ұйым 218 бірлік жол техникасын және 3,8 мың тонна көктайғаққа қарсы материал мен 387 тонна жанар-жағармай дайындады. Бұл жұмыстар үздіксіз жалғасуда, — деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол 3 мың шақырымға жуық жолдарды қыста күтіп ұстап тұру үшін 383 млн теңге қаржы жұмсалатынын айтып, соған қарамастан Павлодар, Май, Успен аудандары осы мақсатқа аз қаражат бөлгенін де мәлімдеді. Қыстың күні жолдарды таза ұстау — қауіпсіздікті сақтаудың кепілі екенін айтқан Асайын Байханов аталған аудан әкімдеріне бұл мәселеге немқұрайлы қарамау керектігін ескертті. Ал үш ауданның басшылары да биыл жыл соңына дейін жолдарға қажет қаражат жеткілікті екенін айтып, келесі жылы бюджетті нақтылаған кезде оның мөлшерін арттыратындықтарын алға тартты. Сонымен қатар, Железин, Баянауыл, Аққулы аудандарында жолды күтіп ұстау бойынша конкурстық рәсімдер әлі де аяқталмағаны, Тереңкөл және Ертіс аудандарында қысқа қажетті техниканың жеткіліксіз екені белгілі болды. Облыс әкімі күн тақырыбында өткір тұрған осы мәселелерді 20 қазанға дейін шешу керектігін қадап айтты. Аппараттық жиында қалаларды қардан сапалы тазалау керектігі де сөз болды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов биыл бұл мақсатқа 400-ге тарта арнайы техника жұмылдырылатынын, қорда 33 мың тонна инертті материал дайын тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыстың елді мекендерінің көшелері мен жолдарын күтіп ұстауға 4,5 миллиард теңге бөлінген.
— Қардан тазарту жұмысы әрдайым бақылауымызда болады. Дегенмен, кездесіп жататын кедергілер де баршылық. Мәселен, қар тазалау кезінде көлік кептелістері көп қиындық туғызады. Жолдың шеткі бөліктері мен ауланың ішкі аумақтарында жеке көліктер толып тұрады. Мұндай жағдайларда жұмыс істеу оңайға соқпасы анық. Сол үшін қалалық жерлерде қар шығару кезінде шекаралар бойымен уақытша жол белгілерін орнату керек, — деген ұсынысын да білдірді Ержан Салханов. Десе де, соңғы уақытта аталмыш мәселеге қатысты тұрғындар шағымы азайған. Облыс әкімі жақын арада қар тазалау жұмысына дайындық шарасын тексеретінін айтты. Сонымен қатар, Асайын Байханов жауапты адамдарға Ақсу мен Павлодар қаласын жақындастырып тұрған жаңа көпірді жарықтандыруды, Кенжекөл ауылына барар жолдағы жарық шамдардың толық жанып тұруын назарда ұстауды, қала-аудан әкімдері көшелер мен жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуды, жолдардағы кептелістерді болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдауды, қысқы маусымға қажетті техникаларды дайындауды тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР.