«Жаңартылған Конституция – тұрақты даму негізі»

Ақп 12, 2026

Еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа Ата заңның жобасы қызу талқылануда. Бұл саяси науқанға «Ауыл» партиясы да үн қосты. Аталмыш партия облыс әкімдігімен бірлесіп, Конституциялық реформаның мән-маңызын халыққа түсіндіру мақсатында «Жаңартылған конституция – тұрақты даму негізі» деген тақырыпта форум ұйымдастырды. Оған республикадан арнайы шақырылған қонақтар, жергілікті сарапшылар, саясаткерлер және студент жастар қатысты.

Алқалы жиында алғаш болып сөз алған «Ауыл» партиясы орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш реформада ұсынылған өзгерістерге тоқталып, партияның негізгі ұстанымын атап өтті.

– Біз Павлодар облысындағы сарапшылық кеңеспен кездесуге арнайы келдік. Басты мақсат – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның ұсыныстарын талқылау. Бұл – халықтық мәселе болғандықтан, оған барлығымыз жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Өз тарапымыздан алдыңғы аптада партияның кеңейтілген саяси кеңесін өткізіп, үндеу қабылдадық. Сол бойынша конституциялық жобаны қолдап, оны халық арасында түсін-діріп, насихаттаудамыз. Бұған дейін Астана қаласында да жастармен кездесіп, сарапшылардың қатысуымен жиналыстар ұйымдастырдық. Ендігі кезекте павлодарлықтардың ұсыныстарын тыңдап, талқылағанды жөн көрдік. «Ауыл» партиясы үлкен саяси күш болғандықтан, әр партияласымыздың пікірін білу маңызды, – деді Нұрхат Ораш. Сондай-ақ, ол осы жолы Ата заң жобасы көпшілік арасында ашық талқыға салынып жатқанын айрықша атап өтті.

– Мәселен, бұған дейін қабылданған Конституция 12 азаматтың ғана еңбегі болса, қазіргі Конституциялық кеңес құрамына енген 130-дан астам түрлі саланың өкілдері белсенді жұмыс істеуде. Бастысы, олардың барлығы жай адамдар емес, партиялардың жетекшілері, үлкен ұжымдардың басшылары. Осы орайда ел Президенті үнемі айтып жүретін «ашықтық» ұстанымының іс жүзінде көрініс тапқанын байқауға болады, – деді ол. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда конституциялық кеңеске 4 мыңнан астам ұсыныс түскен екен. Олардың қатарында «Ауыл» партиясы тарапынан жолданған ұсыныстар да бар екенін айта кеткен жөн.

Форумда сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының басшысы Жазира Сұлтанқұлова да сөз алып, Ата заң жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын құжат екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол тарихи құжаттың қазақстандықтар үшін маңыздылығына жан-жақты тоқталды.

«Ауыл» партиясының Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Болат Аманжолов қоғамда тал-қыланып жатқан жаңа Конституция жобасы тек заңгерлер мен саясаттанушыларға ғана емес, елдегі әр азаматқа қатысты тарихи құжат екенін тілге тиек етті.

– Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, қоғамның құндылықтарын, даму бағытын, билік пен халық арасындағы сенім деңгейін айқындайтын негізгі құжат. Жаңартылған Конституция кездейсоқ қабылданған шешім емес. Ол – қоғам сұранысына, уақыт талабына, ел ішіндегі өзгерістерге берілген жауап. Заң мен тәртіп қоғамда әділ ереже орнатса, адал азамат сол ережені өмірде жүзеге асырады. Ал таза Қазақстан – осы үдерістердің нәтижесінде қалыптасатын жаңа сападағы мемлекет пен қоғам бейнесі. Бұл тұжырымдама – «Әділетті Қазақстан құру» идеясының идеологиялық негізі, – деді Болат Әменұлы. Ол сондай-ақ, «Ауыл» партиясының мүшелері көтеріп отырған басты мәселенің бірі – аграрлық саясат екенін айтып, осы саланы, жалпы ауылдарды дамытуға қатысты ұсыныстарды басты орынға қойып отырғанын жеткізді.

Жиында Торайғыров университетінің проректоры, профессор Салтанат Әубәкірова да маңызды құжатқа қатысты ойын білдірді. Ол өз сөзінде конституциялық реформаның маңыздылығын алдымен жастарға түсіндіру керектігін алға тартты.

– Егемен ел ертеңі – жастар. Сондықтан бірінші кезекте бұл құжат – жастар алдындағы жауапкершілік екенін түсініп, оларға өз тілдерінде жеткізуіміз қажет. Ең бастысы, біз Ата заңның жобасын талқылап, ұсыныс білдіргенде осы жағын да ескеріп, қателеспегеніміз жөн.

Тағы бір айтарым, мен жоғары оқу орнының өкілі ретінде Конституция жобасындағы ғылым, білім, инновация саласына назар аударғым келеді. Себебі, қазір әлемде креативті жастарға сұраныс жоғары. Біздің қыз-жігіттер түрлі бағдарлама арқылы шетелде білім алып, елге қызмет етуде. Сондықтан құжаттағы ғылым мәселесі өте өзекті дер едім. Сонымен қатар, ХХІ ғасырдың басты талабы – цифрландыру және жасанды интеллект екені ескеріліп, бұл мәселенің Конституцияда пайда болуы өте орынды деп санаймын. Бірақ қазір жасанды интеллектің көмегімен неше түрлі әрекет жасауға болатындықтан, бұл жағдай адамның абыройына, жеке басына нұқсан келтірсе, жауапкершілік те бар екенін жастар жағы сезінуі тиіс, – деді Салтанат Советқызы.

Форум барысында Конституциялық реформалардың негізгі ережелері қаралды.

Шараға қатысқан өзге де сарапшылар сөз алып, заң үстемдігіне, қоғамдық жауапкершілікке және азаматтың қадір-қасиетіне негізделген жаңа құжатты қолдайтындықтарын айтып, ой-пікірлерін ортаға салды

Нұржайна ШОДЫР.