Павлодар облысындағы бірнеше мекеменің басшысы ауысты.

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының өкімімен Еркебұлан Берікбайұлы Қарақонысов Ұлттық Банктың Павлодар филиалының директоры болып тағайындалды. Еркебұлан Берікбайұлы 1986 жылы туған. 2008 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітіріп, 2010 жылы іскерлік әкімшілендіру магистрі біліктілігін алды. Еңбек жолын 2010 жылы Алматы қаласы Ұлттық Банктің сарапшысы болып бастады. 2017-2020 жылдары Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары қызметін атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ұлттық қордың және бухгалтерлік есеп департаментінің еншілес ұйымдарының қаржылық есептілік басқармасы бастығының орынбасары болды.

Павлодар облысы әкімінің өкімімен Ержан Бейбітұлы Иманзаипов кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Ержан Бейбітұлы 1984 жылы туған. Еңбек жолын 2006 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2006-2011 жылдар аралығында ҚР индустрия және сауда министрлігінің, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы болып қызмет етті. Кейін Ақмола облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, Павлодар, Екібастұз қалалары әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2017-2019 жылдары облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. 2019-2020 жылдары Екібастұз қаласының әкімі болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының әкімі болып еңбек етті.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен Ғалымжан Жаппарұлы Байсейітов Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды. Ғалымжан Жаппарұлы 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2005 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару», 2014 жылы Cornell University «Экономика және қаржы саласындағы мемлекеттік басқару», 2018 жылы Қазақстан халықтар достығы инженерлік-педагогикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы Астана қаласының «Санжар Индастриз» ЖШС экономист-менеджері болып бастаған. 2006-2016 жылдары көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің, Көлік және коммуникациялар министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің жетекші маманы, сарапшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді. 2016-2018 жылдары Мемлекеттік қызмет істері министрлігі департаментінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас сарапшысы, бас консультанты болды. 2018 жылдың қараша айынан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқармасының бұйрығымен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры болып Ерқанат Қайратұлы Әбенов тағайындалды.  Ерқанат Қайратұлы 1981 жылы туған. «Қаржы және несие», «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Іскерлік әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 2003 жылы «Казкоммерцбанк» АҚ менеджері болып бастаған. Әр жылдары «Каспи Банк» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ банктерінде кредиттік офицер, бизнесті кредиттеу бөлімінің басшысы лауазымдарында жұмыс істеді. 2007-2017 жылдары аралығында Астана қаласының «Даму» Қоры АҚ директоры, осы лауазымға тағайындалғанға дейін «SAMRUK S. A.» АҚ атқарушы директоры, «Ақ Ырыс» ШҚ басшысы болды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.