Май ауданында алдағы екі жыл ішінде өңір экономикасын дамытуға бағытталған алты ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған цехтар мен мыс концентратын өндіретін заманауи фабрика бар. Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов ауданға жұмыс сапарымен барып, аталмыш жобалардың жүзеге асырылу барысымен жақынырақ танысты.
Алғашқы бассейн
Алдымен аймақ басшысы Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында алғаш ашылған бассейннің салтанатты ашылуына қатысты. Сөзінде жаңа нысанның аудан өміріндегі айрықша маңызын атап өтіп, ғимараттың тек спортпен шұғылданатын орын емес, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік бастама екенін алға тартты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Сондықтан біз ауыл-аймақтарды жаңғыртып, жаңаша тыныс беруді жалғастырып келеміз. Басты мақсатымыз – ауыл өмірін жайлы етіп, әр адамға мүмкіндік жолын ашу, ал жастарға туған жерінде қалу үшін шынайы серпін беру.
Екі жыл бұрын аудан ақсақалдары бассейн салу туралы өтініш білдірген еді. Енді сол уақытта берген уәдемізді орындап отырмыз. Бұл – өткен жылы өңірдің ауылдық елді мекендерінде қолға алынған 3 ірі нысанның бірі. Бұл нысан болашақта талай жас спортшының ірі жеңістерге бастар жолына айналады деп сенемін. Араларыңыздан олимпиада чемпионы шығатынына сенемін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа бассейн заманауи талап-тарға толықтай сай. Ұзындығы 25 метрлік төрт жолақпен жабдықталған нысанның су тереңдігі 1,5 метрден 2,1 метрге дейін жетеді. Мұнда бір мезетте 14 бала жаттыға алады. Қазірдің өзінде алғашқы топ жасақталып, 15 оқушы медициналық тексерістен өтіп, жаттығуға кірісуге дайын. Олардың спорттық шеберлігін шыңдауға екі білікті жаттықтырушы жұмылдырылған.
Бұрын аудан балалары жүзу спортына ден қою үшін қалаға қатынап, түрлі қиындықты еңсеруге мәжбүр болса, енді олар өз туған жерінде, қолайлы жағдайда жыл бойы жаттыға алады. Сондай жастардың бірі – Көктөбе ауылдық мектебінің оқушысы Әлішер Қуанханов.
— Бұрын аптасына бір рет қаладағы бассейнге барып жаттығатынмын. Өйткені, жолдың шалғайлығы спортқа деген мүмкіндігімді шектейтін. Енді өзіміздің ауылымызда заманауи бассейн ашылғандықтан, аптасына үш рет жүйелі түрде жаттығамыз. Бұл шеберлігімізді шыңдауға зор мүмкіндік береді. Мұнда жаттықтырушылардың да кәсіби қолдауы бар. Достарымызбен бірге жаттығу — қызықты әрі шабыт беретін тәжірибе, — дейді ол.
Сондай-ақ, бассейн ересек адамдар үшін де ашық. Кешкі уақытта тұрғындар арнайы кесте бойынша келіп, денсаулықтарын нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады. Нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық жағдай қарастырылған. Ересектер үшін бір реттік кіру құны – 700 теңге.
Айта кетейік, аталмыш бассейн аудан тарихында алғаш рет салынды. Бұған дейін мұндай бассейн Баянауыл және Успен аудандарында ашылған болатын.
Инвестиция көлемі артады
Бассейннің ашылуынан соң аймақ басшысы жергілікті инвес-торлармен кездесті. Кездесу барысында ауданның экономи-касын дамыту аясында 6 ірі инвестициялық жобаның іске асырылу барысы талқыланды. Инвесторлар жаңа бағыттардың даму перспек-тиваларын ортаға салып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жолдарын қарастырды.
Аудан әкімі Қадылжан Сәтиев сөзінде аудандағы инвестиция-ларды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда жалпы сомасы 34,4 миллиард теңге болатын 6 жоба іске асырылуда. Ал бұл аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
– Экономика екі бағытта дамып келеді. Біріншісі — ауыл шаруашылығы: егістік жерлерді қайта айналымға енгізу, суармалы жерлерді дамыту және мал шаруашылығын кеңейту. Шаруа қожалықтары мемлекет қолдауымен техниканы жаңартып, өндіріс қуатын арттырып, көкөніс сақтау орындарын дамытып жатыр. Ал екінші бағыт – тау-кен кен орындарын игеру, – деді Қадылжан Сәтиев.
Мәселен, «Ақжар Өндіріс» ЖШС-і қазіргі уақытта мал етін өңдеу және консерв цехтарын салуды бастап кетті. Жобаның жалпы құны 600 миллион теңгеге шақталған, ал құрылыс алаңы 540 шаршы метрді құрайды. Бұл цех — аудандағы мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық бастамалардың бірі.
Жиын барысында компания директоры Гүлзира Қазылова аталмыш жобаның маңызын баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Біз 2010 жылдан бері мал шаруашылығымен қатар өнімдерді өңдеуді де дамытып келеміз. Құрылып жатқан жаңа консерв цехында қой мен ешкі етінен, сондай-ақ пайдалы бұршақ дақылдары мен өсімдік шикізатынан түрлі ет және балық консервілері шығарылады. Өнім тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталады. Алдын ала келісімдер жасалып, халықаралық серіктестермен келіссөздер жүргізілген. Бұл жоба біздің инвестициялық саясатымыздың жалғасы болып табылады әрі өңір тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етеді, – деді Г.Қазылова.
Тағы бір ірі жоба – мыс концентратын өндіруге арналған фабрика. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 6 миллиард теңгені құрайды және іске асу мерзімі 19-20 жыл деп жоспарланған. Бұл кәсіпорын ауданның тау-кен саласын дамытуға және жергілікті экономикаға айтарлықтай үлес қосуға бағытталған.
«Демеу Көк-Тас» компаниясы жалпы мәселелер жөніндегі дирек-торының орынбасары Олжас Самажанов фаб-
риканың техникалық мүмкіндіктері мен даму жоспарын баяндады.
– Біз Баянауылдан бес шақырымдық электр желісін тарттық. Шамамен 350 тірек орнаттық. Бұл 30-35 шақырымдық желіге тең. Фабрика үшін 4,9 мегаватт қуат бөлінді, қосымша резерв қарастырылған. Себебі, 2027 жылдан бастап жаңа кен орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Рудадағы мыс мөлшері шамамен 3,5 пайызды құрайды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін жылына 300 мың тоннаға дейін мыс концентраты шығарылады. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырады, – деді О.Самажанов.
Қазіргі уақытта фабрика жобасы PSD әзірлеу кезеңінде, мамыр айында сараптамаға жолдануы жоспарланған. Жобаның іске асырылуы аудан экономикасына тұрақты инвестиция әкеліп, өндірістік қуатты арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асайын Байханов кадрлық мәселелер мен вахталық қалашық құрылысымен танысып, тәжірибелі кәсіпорындар үлгісінде білікті мамандарды оқытуды қолға алуды тапсырды.
Аталмыш жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде ауданда 500 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылуы жоспарланып отыр. Бұл аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Көктөбе ауылы,
Май ауданы.

