Жаңа Конституция жобасы: басым бағыттар талқыланды

Нау 12, 2026

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақ-станның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының бір топ өкілі Павлодар облысына арнайы келіп, өңір жұртшылығымен жүздесті. Кездесулердің барысында Ата Заң жобасының негізгі тұстары талқыланды. Ашық диалог форматында өткен жиындарда аймақ азаматтары жаңа Конституцияның маңызы, басты құжаттың өңір мен елге берер мүмкіндіктері туралы пікірлерімен бөлісті.

Болашақтың берік іргетасы

Алдымен облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында облыс тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Оған түрлі саланың белсенді өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы ұсынған жаңа Конституция жобасы халықтың және белсенді азаматтардың сұраныстары мен ұсыныстарына негізделгенін атап өтті. Парламенттік реформаны дайындау кезінде Конституциялық комиссияға қазақ-стандықтардан 10 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Мәжіліс спикері Павлодар облысының ғалымдары, тұрғындары, сарапшылары мен қоғам өкілдері осы ауқымды тарихи кезеңнің белсенді қатысушыларының бірі болғанын атап өтті.

– Қоғамның талабын және заман тынысын терең түсіне отырып, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұсынылған өзгерістердің ауқымы мен маңыздылығы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар екенін атап өтті. Бұл Конституциялық комиссияның жұмысы барысында нақтыланды. Президент жаңа Конституцияның тұжырымдамалық идеяларына, негізгі қағидаттары мен іргелі құндылықтарына қатысты бағыт-бағдарды айқындап, олардың мәні мен мазмұнын белгіледі, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері жаңа Конституция азаматтардың сұранысын ескере отырып, саяси жүйе мен барлық қоғамдық институттарды жаңа жағдайда жаңғыртуға бағыт беретін маңызды құжат екенін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Конституцияның жаңа жобасындағы ұлттық болмысымызға сай келетін тұстарға тоқталды.

— Жаһандану заманында біздің ұлттық құндылығымызға көлеңкесін түсіретін түрлі жат ұғымдар бар. Естеріңізде болса, былтыр Парламент Мәжілісінің қабырғасында біржынысты неке сияқты ұлттық болмысымызға жат ұғымдардың насихатына тыйым салатын норманы қабылдаған болатынбыз. Енді осы норманы заңдардың іргетасы болған жаңа Ата заңның 30-бабына шегелеп тұрып енгізіп отырмыз. Онда неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы деп айқын көрсетілген, — деді халық қалаулысы.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек енді негізгі капитал шикізат емес, адам және адамның төңірегіндегі құндылықтар екеніне назар аударды.

— Жаңа Ата Заңымыздың 3-бабында білім, ғылым, инновация, мәдениет және адам капиталы Қазақстан Республикасының негізгі басым бағыттары ретінде белгіленді. Сондықтан бұл Ата Заң жай ғана жоба емес, бұл – алдағы онжылдыққа, жүзжылдыққа дайындықтың алғышарты, – деді министр.

Өз кезегінде облыстың зиялы қауым өкілдері де жаңа жобаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Айталық, Торайғыров университетінің «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулина ел азаматтары тарихи оқиғаның куәгері екенін тілге тиек етті.

— Біздің иығымызда, жүрегімізде үлкен борыш, үлкен парыз тұр. Бұл — Ата Заңымызда ең басты жазылған дүние – Ұлы даланың мың жылдық тарихи сабақтастығы деген қағидат. Жаңа Ата Заңда адамның тәрбиесі, адамның табиғаты, ұлттық болмысы, ұлттық парасаты бірінші орынға қойылды, – деді Айман Зейнулина.

Ал Қазақстанның Еңбек Ері, «Шығыс» кенішінің механигі Ришат Әміренов Екібастұз өңірінің еңбекшіл халқы референдум өткізуді қолдайтынын білдірді.

— Конституцияға енгізілген өзге-рістер – жай ғана құқықтық түзетулер емес. Бұл —  Тәуелсіздігімізді нығайту, елдігімізді бекемдеу, ұлттық рухымызды асқақтатуға бағытталған маңызды шара. Мұның барлығы болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін жасалады. Мен — қарапайым еңбек адамымын. Көмір өндірісі саласында еңбек етіп, зейнетке шықтым. Көмірі қайнап, өмірі жайнап, өркендері өсіп жайнаған Екібастұз өңірінің еңбекшіл халқы референдумға қолдау білдіреді. Біздің бақытымыз – еліміздің дамып, өсуі, — деді зейнеткер.

Өңірдің өзге де өкілдері жобаға қатысты үн қосып, мән-маңызына тоқталды. Т.үптеп келгенде, кездесуге қатысушылар жаңа конституциялық нормалар өңірдің нақты мәселелерін шешіп, елдің табысты болашағы үшін берік іргетас қалап отырғанын мәлімдеді. Сондықтан павлодарлықтар референдумға қатысуға және жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Ортақ жауапкершілік керек

Кейін жалпыұлттық коалиция мүшелері «Достық үйінде» «TURGYNDAR AMANATY» жобасының қатысушыларымен кездесті. Бұл жоба тұрғындардың өз үйлері мен аулаларындағы мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған. Жергілікті тұрғындар, мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) өкілдері және қоғам белсенділері жаңа Конституцияның қабылдануы азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін талқылады.

Кездесуде сөз алған облыс әкімі Асайын Байханов тазалық пен мәдениеттілік әр адамның жауапкершілігі екенін тілге тиек етті. Яғни, халықтың мәдениеті, оның ішінде экологиялық тазалық мәдениеті жоғары болуы тиіс екенін алға тартты. Айтуынша, тек бір адамның немесе бір ғана мемлекеттік мекеменің талпынысымен жақсы нәтижеге жету аздық етеді. Ол үшін тұтас қоғам болып бірлесе әрекет ету керек.

— Бұл мәселеге жаңа Конституция жобасында мән берілуі тегін емес. Біз тазалықтың, қауіпсіздіктің айшығы болған, аудан-қалаларда берекесі артқан мемлекеттермен иық тірестіруді қалаймыз. Мұндай биік деңгейге жету үшін, осы іспетті мәселелерді шешу үшін мәдениетті арттыру керек. Бұл ретте әр азамат қоршаған ортаға, тәртіпті сақтауға деген жауапкершілікті тереңінен түсінгені жөн, — деп пайымдайды аймақ басшысы.

Форум қатысушылары өз тәжірибелері арқылы жаңа Конституция жобасында бекітілген принциптердің нақты жобаларда қалай жүзеге асырылып жатқанын көрсетті. Мәселен, «Гирка» ЖШС басшысы Галина Асылбекова аталған жобаның мәні мен маңызына тоқталды.

— «TURGYNDAR AMANATY» жобасының түпкі мақсаты халықты біріктіру деп ойлаймын. Адамдардың ауызбіршілігі болса, жұмысы да алға жүреді. Азаматтар жұмыстан келген кезде үйі жарық, жылы, таза болса, көңіл күйлері көтеріледі. Дәл осындай көңіл күймен жұмысын да атқарады. Сондықтан ел азаматтарына біздің қызметіміз керек деп ойлаймын. Аулаларды абаттандыруда қалай біріге білсек, жалпыұлттық диалогқа үн қосу секілді әртүрлі деңгейдегі процестерге де атсалысқан дұрыс. Бұл Қазақ-станның саяси жүйесін азаматтарға бағыттап, ашық етеді, – деді ол.

«Ремсервис-2007» ЖШС директоры Галина Алина қызмет көрсету ұйымының жұмысына тоқталып, тұрғындарың үйді күтіп-ұстауға қатысты жауапкершілігінің артып келе жатқанын атап өтті.

— Бүгінде тұрғындар бұрынғыға қарағанда анағұрлым белсенді. Жұмыстардың орындалу барысын бақылап, абаттандыруға қатысты ұсыныстарын білдіріп, қаржыны жұмсауда ашықтықты талап етеді. Олардың баспананы басқаруда ғана емес, елдің дамуында да белсенділік танытуы біздің болашағымызды айқындайды. Сондықтан кәсіпорын қызметкерлері мен біздің мекемеге қарасты үйлердің тұрғындары референдумнан да шет қалмайды, — деді Г.Алина.

Ал Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева басты құжаттың жаңа жобасында жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режимдер қарастырылғанына мән берді. Бұл норма экономиканы дамытып, инвестицияны тартуға бағытталған.

— Мұндай механизмдер әлемнің дамыған елдерінде, оның ішінде Қытай мен Оңтүстік Кореяда қолданылады. Бұл елдерде инвесторларға жасаған ерекше жағдайлар жекелеген қалалардың тез дамуына ықпал етті. Ата Заңның жаңа жобасында мұндай режимдер Конституциялық заңның негізінде ғана қарастырылуы мүмкін. Яғни, Үкімет қалаған өңірде бұл режимді енгізе алмайды. Барлығы тек заңмен реттеледі, — деді С.Имашева.

Кездесу соңында жиналған қауым белсенді азаматтық ұстанымын өз ауласы мен қаласы шеңберінде ғана емес, өз елінің тағдырын шешуге қатысу арқылы да көрсетуге ниет білдірді.

Өндіріс өкілдері шет қалмайды

Сонымен қатар, бұл күні жалпыұлттық коалиция мүшелері өңірдегі алюминий кластері мен энергетикалық кәсіпорындар өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Зауыт мамандары жаңартылған Конституция жобасындағы елдің өнеркәсібінің дамуына тікелей әсер ететін жаңашылдықтарды талқылады.

Коалиция мүшелері талқылау барысында павлодарлық өндіріс саласы қызметкерлерінің назарын еңбек адамының мүддесін қорғау мәселесіне аударды. Жобада жұмыс орындарының қауіпсіз жағдайлары, әділ және кемсітусіз еңбекақы төлеу, заңға сәйкес әлеуметтік қорғау нормалары бекітілген. Мемлекет минималды әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтуды қолдауға міндеттеме алады. Өндіріс саласының өкілдері атап өткендей, ірі өндіріс орындары мен энергетикалық нысандар үшін бұл ережелер зор маңызға ие. Сол арқылы өндірістік қауіпсіздік пен еңбек ұжымдарының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.

«Қазақстан алюминийі» АҚ өндірістік алаңында өткен кездесу барысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының ауқымын атап өтті.

— Біз барлық өңірді аралап, ауылдарда, аудандарда, қалаларда, облыстарда ондаған мың іс-шара өткіземіз. Халық қазір елде болып жатқан өзгерістерді оң қабылдайтынын байқадық. Еңбек ұжымдарының кері байланысы қоғамдық үміттерді дәлірек түсінуге және реформалардың әлеуметтік бағытын күшейтуге мүмкіндік береді, — деді депутат.

Зауыт қызметкері Александра Гнедаш негізгі Заң әр азамат үшін маңызды екенін айтты.

— Конституция — елдің басты регламенті, мемлекеттің негізі. Біздің тұрақтылығымыздың,  өндіріс үшін өсім мен еліміздің әл-ауқатының сақталуы біз үшін маңызды, — деді ол.

Кездесу негізгі қоғамдық мәселелердің өнеркәсіптік ортада резонанс тудыратынын көрсетті. Коалиция өкілдері атап өткендей, еңбек ұжымдарымен диалог барысында өндірістік сектордағы құқықтық кепілдіктер, экономикалық даму мен азаматтардың өмір сүру сапасы арасындағы байланыс айқын көрінеді.

Кездесу соңында өңірдегі өнер-кәсіп саласының өкілдері конституциялық өзгерістерді қолдайтынын және алдағы референдумда белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

Дамуға мол мүмкіндік бар

Жаңа Конституцияның қабылдануы аясында жастарға цифрлық ортада, білім, ғылым, мәдениет және саясат салаларында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл туралы жалпыұлттық коалиция өкілдері ІТ-колледжде Павлодар облысының креативті жастарымен өткен кездесу барысында атап өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі – Конституция жобасында қарастырылатын жаңа цифрлық құқық нормалары. Студенттер бұл ережелерді цифрлық кәсіпкерлерге, IT-сарапшыларға және медиа авторларға құқықтық кепілдіктерді күшейтуге арналған қадам деп жоғары бағалады.

Жаңа Конституция жас мамандарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, инновацияларды енгізуге нақты мүмкіндіктер ашып, заманауи білім беру бағдарламаларына қолжетімділікті кеңейтеді және адал еңбекке жол ашады. Жастар осы нормалардың Ата Заң деңгейінде бекітілуінің нәтижесінде өз болашағына сенімді қарап, өмірін және кәсіби қызметін туған елінде өз халқының игілігі үшін жоспарлай алатындарын айтты.

Өз кезегінде тәжірибелі мамандар бар білім-білігімен бөлісті. Айталық, жерлесіміз, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин бәсекеге қабілетті болып, Павлодарда, басқа да қалалар мен мемлекеттердегі дата орталықтарда жұмыс істеу үшін шетел тілін үйреніп, көкжиекті кеңейтуге кеңес берді. Сонымен қатар, алдағы уақытта жасанды интеллект басқа түгілі дәрігер мен мұғалімнің көп жұмысын алмастыруға қауқарлы болады деп болжады. Сондықтан терең білім алу маңызды. Конституцияның жаңа жобасында оған барлық жағдай жасалған.

Кездесу соңында павлодарлық жастар негізгі құжаттың жаңа жобасын қолдады. Себебі мұнда өмірді жақсарту, шығармашылықты дамыту, кәсіби өсуге мол мүмкіндік қарастырылған деп біледі.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.