Біз мемлекеттегі билік пен қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл – тек саяси жаңғыру емес, қоғамдық сананың, басқару философиясының түбегейлі қайта қаралуы. Осы бетбұрыстың құқықтық негізін Конституциялық өзгерістер қалыптастырып отыр. Демек, бүгінгі реформалар саяси институттарды жаңартумен шектелмей, елдің даму логикасын қайта құруға бағытталған кешенді үдерісті білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық негізі ғана емес, оның болашаққа деген көзқарасын айқындайтын аса маңызды құжат. Сондықтан қолданыстағы және жаңа Конституцияның жобасындағы ғылым мен білімнің орнын салыстыра саралау – уақыт талабы. Мұндай салыстыру мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетке қаншалықты сенім артатынын анық көрсетеді.
Ғылымға деген көзқарас – мемлекеттің білімге, ақыл-ой еңбегіне және зияткерлік меншікке қатынасын айқындайтын басты өлшем. Жаңа Конституция жобасында адам капиталы, ғылым мен инновация алғаш рет мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде нақты белгіленуі осы өзгерістің айқын көрінісі және қазіргі жаһандық даму парадигмасының талаптарына толық сәйкес келеді. XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі олардың табиғи ресурстарымен емес, ғылыми-инновациялық әлеуетімен, адами капиталының сапасымен және технологиялық дербестігімен айқындалады. Олай болса, бұл стратегиялық бағыт – елдің ертеңін айқындайтын жаңа бағдар, дамудың зияткерлік картасы.
Ғылым – қоғамның уақыт ағынын сезетін сала. Ол тек білім мен зерттеу емес. Ғылым – ұлттық дамудың негізгі тірегі. Академик Қаныш Сәтбаев айтып кеткендей, «Ғылым – халықтың жаны». Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Ғылым таппай мақтанба» деп ескерткен. Бұл – білім мен ғылыми ізденістің қоғамның дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындайтын сөздер.
Ғылым адамдардың ой-өрісін кеңейтіп, интеллектуалдық деңгейін көтереді. Болашаққа нақты бағыт береді. Сондықтан ғылымды қолдау – тек міндет емес, маңызды қажеттілік. Тіпті, ғылым – ұлттық қауіпсіздіктің барлық құрамдас бөліктерімен тығыз байланысты. Мысалы, азық-түлік қауіпсіздігі аграрлық зерттеулерге тәуелді. Ал энергетика саласы жаңа энергия көздері мен заманауи технологияларға сүйенеді. Денсаулық сақтау медициналық зерттеулер мен вакциналарға байланысты. Демек, ғылымды дамыту — тек экономикалық мақсат емес, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құрал.
Осы түсінік қоғамдық және саяси деңгейде де кеңінен мойындала бастады. Мұндай көзқарас AMANAT партиясының TALQYLAU диалог алаңында өткен пікірталаста да айқын көрінді. Онда әлемдік экономика индустриялық модельден білімге, креативке және инновацияға негізделген жүйеге көшіп жатқаны атап өтілді. Сондықтан Қазақстанның ғылым мен инновацияға басымдық беруі – жаһандық өзгерістерге берілген уақтылы жауап.
Аталған үрдістер адамзаттың цифрлық дәуірге өтуімен тығыз байланысты. Жасанды интеллект, үлкен деректер және инновациялық технология адамның өмір салтын түбегейлі өзгертуде. Бұл – тек технологиялық емес, өркениеттік бетбұрыс. Осындай кезеңде ғылымның рөлі бұрынғыдан да арта түседі.
Алайда бұл бағыт қолданыстағы Конституцияда жеткілікті деңгейде көрініс таппаған еді. Ғылым дербес құндылық ретінде емес, жанама сипатта ғана қамтылды. Бұл жағдай ғылымды мемлекеттік саясаттың орталық элементіне айналдыру қажеттігін көрсетті.
Жаңа Конституция осы олқылықтың орнын толтырады. Ғылым енді қосалқы сала емес, мемлекеттік саясаттың іргелі басымдығына айналады. Бұл өзгеріс преамбуладан-ақ байқалады. Яғни елдің болашағы білімге, ғылымға және зияткерлік құндылыққа негізделеді. Осылайша, мемлекет даму философиясы индустриялық көзқарастан интеллектуалдық модельге көшіп отыр.
Бұл бағыттың қалыптасуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында айтылған басымдықтар негіз болды. Мәселен, 2021 жылғы Жолдауында «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» деп атап өтсе, 2023 жылғы Жолдауында «Біз мәдениетті, білімді және ғылымды өркендету арқылы ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген нақты міндет қойды. Осы бастамалардың Ата заң деңгейінде бекітілуі ғылым мен білімнің маңызы мемлекет тарапынан ресми түрде танылғанын көрсетеді.
Ғылым мен зияткерлік меншікке арналған арнайы баптың енгізілуі – саяси-құқықтық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл мемлекет ғылымды ұзақмерзімді даму факторы ретінде қабылдағанын көрсетеді. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде қалыптасқанын көруге болады. Германия Федеративтік Республикасының Негізгі Заңының 5-бабында ғылыми зерттеу, оқу және білім алу еркіндігі мен қауіпсіздігі Конституция деңгейінде кепілдендірілген. Испания Конституциясының 44-бабының 2-тармағы ғылымның қоғамдық мүдде үшін дамуының маңызды екенін көрсетеді. Онда мемлекет ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулерді ілгерілетуді қолдайтыны нақты жазылған. Сол сияқты, Италия Конституциясының 9-бабында мемлекет мәдениет пен білімді қолдаумен шектелмей, ғылыми және техникалық зерттеулерді дамытуға да жауапты екені көрсетілген.
Осы мысалдар ғылымның ұлттық саясаттың өзегіне айналғанын дәлелдейді. Қазақстан да осы жолды таңдап отыр. Ғылым мен инновация ұзақмерзімді өрлеудің тірек күші ретінде танылып отыр.
Жаңа Конституция білім экономикасына көшуге құқықтық негіз қалап, ғылым және инновация негізгі құндылық ретінде айқындауы маңызды қадам. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін адам капиталына инвестиция салу қажет.
Қазіргі таңда озық елдер адами капиталдың сапасын арттыруға ерекше мән беріп, білім беру мен ғылым саласына қомақты қаржы бөледі. ЮНЕСКО әлем елдерінің ғылымға бөлетін қаржысын зерттеп, рейтингісін жариялайды. 2024 жылғы көркеткіш бойынша Израиль ІЖӨ-нің 5,56 пайызын ғылымға жұмсаса, Оңтүстік Корея – 4,93, АҚШ – 3,46, Швеция – 3,42, Жапония 3,30 пайызын бөліп отыр. Бұл елдердің ғылыми және экономикалық дамудағы көшбасшылығын көрсетеді. Ал Қазақстан бюджетінің 0,14 пайызын ғылымға бөледі. Бұл дерек білім мен ғылымға инвестицияны арттыру қажеттігін айқын көрсетеді.
Бұл жерде мәселе тек қаржыда ғана емес. Бізге назар аудару қажет үш маңызды аспект бар. Бірінші – зияткерлік меншік қорғауы тек қағазда қалмай, нақты іске асуы тиіс. Екінші – ғылыми кадрларымыз тұрақтылыққа ие болуы шарт. Әйтпесе талантты, еңбегі ерек ғалымдар эмиграциялануға бет бұрады. Үшінші – ғылыми инфрақұрылым мен университеттердің зерттеу әлеуетін толық ашу маңызды.
Жаңа Конституция жобасы осы мәселелерді шешуге құқықтық негіз берді. Бірақ заңдық кепіл тек бастама ғана. Нақты іске асырылуы – біздің алдымыздағы міндет әрі парыз.
Президент алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл мақсат ғылымның рөлін бұрынғыдан да айқын көрсетеді. Цифрлық трансформация тек технологияны енгізумен шектелмей, оны ғылыми зерттеулер мен деректер талдауымен үйлестіруді талап етеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер, автоматтандыру сияқты жүйелер ғылыми негізсіз тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан ғылым мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын негізгі қозғаушы күшке айналуы тиіс.
Ғылыми және шығармашылық еркіндікке кепілдік беру — осы үдерістің маңызды шарты. Зияткерлік меншік заңмен қорғалуы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Біз өткен жылы зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін заңды қабылдадық. Бұл инновациялық экожүйенің дамуына әсер етуі тиіс.
Халықаралық тәжірибе зияткерлік меншік қорғауының экономикалық даму үшін шешуші екенін көрсетеді. 2024 жылғы Халықаралық меншік құқығы индексінде Финляндия, Сингапур, Дания, Нидерланды және Швеция көш бастап тұр. Ал 125 елдің ішінде Қазақстанның 74-орында орналасуы құқықтық институттарды одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Жаңа Конституцияның 23-бабы 2-тармағында авторлық құқық пен өнертабыстарды конституциялық деңгейде қорғауды көздеп отыр. Бұл шешім ғылыми және технологиялық дамуға ұзақ мерзімді серпін беретініне сенеміз.
Дегенмен құқықтық нормалар олардың іске асуымен ғана құнды. Сондықтан ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыру, инновацияны коммерцияландыру және «университет – бизнес – мемлекет» байланысын дамыту шешуші мәнге ие. Ғалым мәртебесін институционалдық тұрғыда бекіту де маңызды. Бұл ғылымдағы кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жастарды ғылыми қызметке тартуға мүмкіндік береді.
Осы қадамдар сәтті жүзеге асса, Қазақстан білім экономикасына көшіп, ғылым мен инновация ұлттық даму өзегіне айналады. Бұл тек ғылыми дамудың емес, елдің тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болады.
Алтынбек НУХҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Ұлттық Ғылым академиясының академигі.
