Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты. Аталмыш шараға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.
Құрмет қарауылы ҚР жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұраны орындалды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады. Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл халық атынан ҚР Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйлеп, барша халықты құттықтады. Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енетінін мәлімдеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтілетіні белгілі болды.
– Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі, – деді Президент.
Сондай-ақ, ол референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болғанын атады. Мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғысын білдірді. Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата Заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына ризашылығын айтты. Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын айрықша атады. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсеткенін мәлім етті.
– Ата Заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары –
жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету. Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды. Демек, көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүрмек. Сайлау жаңа сессияның ашылуына дейін өткізіледі. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін.
Жиында Президент азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланатынын мәлімдеді. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақым-шылық алғаш рет жасалмақ. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымас тұғыры болатынына сенім білдірді. Бұдан кейін Президент жаңа Конституцияны іске асыру жөнінде жұмыс кеңесін өткізіп, тиісті заңдарды Парламент сессиясы аяқталғанға дейін қабылдауды тапсырды.
Өз тілшіміз.
