Жаңа мәтін ұсынылды

Ақп 5, 2026

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде жазылды.

2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Парламенттік реформаны іске асыру аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Алайда жұмыс барысында өзгерістер көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды. Сондықтан 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерін қоса алғанда 130 адам кіріп,  Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылды. Комиссияның барлық отырыстары толықтай ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Оның жұмысы БАҚ-та кеңінен және егжей-тегжейлі баяндалды. Өз пікірлерін, ескертпелерін және ұсыныстарын белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері, депутаттар, саяси зерттеушілер және басқа да сарапшылар білдірді.

Комиссия өкілдері Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шықты. Бұл түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтыды. Осылайша, Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін алға тартты.

Қазақстан Республикасы Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Әділеттілік, Заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Ата Заңның жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл — мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.

Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.

Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған. Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады. Конституция жобасының негізгі жаңашылдықтары ретінде Құрылтай, Халық кеңесін, Вице-президент институтын құру, алғаш рет адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған бап бекіту, зияткерлік меншік құқығын қорғауды да атап өтуге болады.

Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады. Ұсыныстарды e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылдау жалғасып жатыр. Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Ал бұл уақытта конституциялық комиссияның жұмысы жалғаса береді.

Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.