Жақын арада республикалық жолдағы бірнеше бағыт бойында жолаушыларға тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық бекет іске қосылады. Сонымен қатар, Павлодар қаласында азаматтарды қабылдау орталығы жұмысын бастайды.
Облыс әкімдігінде денсаулық сақтау саласы жұмысының алдын ала қорытындылары қаралды. Ағымдағы жылдың 10 айында өңірде бала туу, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының, жол-көлік оқиғалары кезіндегі жазатайым оқиғалардың теріс динамикасы байқалады.
Бұл ретте аймақ басшысы Асайын Байханов денсаулық сақтау басқармасымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша идеологиялық жұмысты да сынға алып, анықталған ауруды емдеу емес, оның алдын алу ең жақсы тәжірибе екенін атап өтті. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдардың ұзақтығын ескере отырып, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлімді азайту үшін Ақсу-Курчатов, Тереңкөл-Железин бағытындағы республикалық жолдардың бойында тәулік бойы қосымша шұғыл медициналық қызмет бекеттерін ашуды тапсырды.
Сондай-ақ, Асайын Байханов азаматтарды қабылдау орталығының тұжырымдамасымен танысты. Облыс орталығындағы генерал Дүйсенов көшесі, 80 мекенжайы бойынша орналасқан әкімшілік ғимаратта бірыңғай кеңістікте жайлы күту аймағы бар кеңейтілген супер-ХҚКО, мемлекеттік органдардың өкілдіктерін, қоғамдық қабылдау бөлмесін, 109 және 112 қызметтерін, салтанатты рәсімдерді өткізуге арналған залы бар АХАТ, психолог, заңгер және медиатор кабинеттерін орналастыру жоспарлануда. Мемлекеттік қызметтерді алатын немесе бірқатар мемлекеттік органдарға әртүрлі мәселелері бойынша жүгінетін өңір тұрғындары үшін мұндай орталықтың ашылуы қолайлы болмақ. Өйткені, ғимарат қаланың әкімшілік орталығына жақын орналасқан және осы аумақта қатынайтын қоғамдық көлік көп.
Аймақ басшысы тұрғындар барлық қажетті қызметтерді бір жерден ала алатын, басқа да осындай қызметтермен функциялары қайталанбайтын азаматтарды қабылдау орталығының жұмысын ұйымдастыру жүйесін пысықтап, орналастыру мәселесін жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.