ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары аудандарды аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, қоғам өкілдерімен кездесуде.
Апта басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов қоғам белсенділерімен жүздесті. Облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко құрметті мейманға мәслихаттың жұмысын атап өтіп, қолға алынған жаңашылдықтармен бөлісті. Бұл ретте ол облыстық мәслихат құрамымен таныстырып, бюджеттік кодекске толықтырулар мен өзгертулер енгізу бойынша 12 депуттатық сауал жолданғанын айтты. Биыл 16 кеңейтілген отырыс өткізілген.
— Облыстық мәслихат жұмысы жаңғыртудан өтті. 2021 жылдың ақпан айынан бастап 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін «Instagram» парақшасында 700-ден астам ақпарат жарияланды. Тұрғын-дардың мәселесін тыңдауға ерекше мән берілуде. Бұл ретте жұртшылықтың шағымы мен өтініштерін қабылдау үшін WhatsApp желі-сінде 87754041555 нөмірі іске қосылды. Сонымен қатар, 7 тұрақты комиссияның жеке парақшасы да жұмыс істейді. Мәслихат депутаттары облыстық полиция департаментімен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірлескен жұмыс жоспарын бекітті. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы депутаттар туралы деректер 2 GIS мобильді қосымшасына енгізілді. Павлодар қаласының тұрғындары осы қосымша арқылы тұрғылықты мекенжайы бойынша округке жауапты депутатты біліп, хабарласа алады. Азаматтармен жұмыс жасау секторы құрылды. Астана қаласы, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаттарымен және «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдерімен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Оның аясында депутаттар инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырып, тәжірибе алмасады. Бұдан бөлек, «Halyk Tumar» мобильді қосымшасы іске асырылып, ерікті көмекшілер мен еріктілер құқықбұзушылықтарды бақылайды, — деді И.Теренченко.
Мәслихат жұмысымен танысқан Магеррам Магеррамов мұндай жаңғыртуды барлық облыстағы мәслихатқа енгізуді жөн санады.
— Облыстық мәслихатқа енгізілген жаңғырту шаралары көңілден шықты. Бірінші кезекте тұрғындармен байланыс берік орнатылуы тиіс. Өзге аймақтарға да осындай жаңашылдық енгізілсе, ұтарымыз көп болары сөзсіз.
Жұмыс сапары барысында жаңадан қабылданған заң аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысамын. Кейбір заң ережелеріне өзгеріс енгізуді қажет ететін мәселелер болса тыңдап, Үкіметке жеткіземіз. Жұмыс сапары аяқталған соң депутаттармен қорытынды жасап, шешуді қажет ететін сұрақтарды негізге аламыз. Өз басым облыстағы құқық қорғау органдарын аралап, сала өкілдерімен кездесемін. Адвокат және жеке сот орындаушыларымен де жүздесемін. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарымен кездесу жоспарда бар, — деді М.Магеррамов.
Атап өтерлігі, облысқа келген халық қалаулыларының қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары — Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантайұлы, Вера Ким бар. Осы аптада Ернұр Әйткенов Ақтоғай ауданына, Вера Ким Успен ауданына, Жарқынбек Амантайұлы, Вера Ким Баянауыл ауданына іссапармен барып, тұрғындармен жүздесіп, жөндеу жүргі-зіліп жатқан әлеуметтік нысандардағы жұмыс барысын бақылады.
Сенат депутаты Ернұр Әйткенов облыс орталығындағы «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамына тиесілі 3-ЖЭО-ны аралап, ТМ-13 жылу магистраліндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
Успен ауданына іссапар барысында Вера Ким құрылысы жүргізіліп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Мұндағы жұмыс 55 пайызға орындалған. Мердігерлер аталған нысан күз мезгілінде пайдалануға берілетінін айтты. «Аmanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова мен облыстық мәслихат депутаты Сандуғаш Қалижанова жергілікті спортшыларды халықаралық жарыстарға қатыстыруда қолдау көрсету мәселесін талқылады. Сонымен қатар, Вера Ким Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке барды. 1972 жылы салынған білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Депутаттар бұл мәселені шұғыл шешу керектігін атап өтті. Вера Ким жергілікті өрт сөндіру бөліміне барып, қызметкерлермен материалдық-техникалық базаны нығайту барысын сөз етті.
Баянауыл ауданына іссапар барысында Вера Ким және Жарқынбек Амантайұлы Майқайың ауылына барып, «Майқайың-алтын» кәсіпорнында болған апат кезінде зардап шеккен адамдармен жүздесті. Сонымен қатар, делегация аудандағы әуежай жұмысымен танысты. Оның инфрақұрылымын қарап, даму көрсеткіштерін саралады. Сапар қорытындысы бойынша депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар ұсыныс дайындауды жоспарлады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.