Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды сөз етті. Президенттің айтуынша, мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі.
Ата-аналар мемлекеттің жекеменшік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуі тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады.
Иә, жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың мәні зор. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке алғыс айтамыз. Жекеменшік мектептерге мемлекет қолдауы қажет. Өйткені онсыз білім ордасын дамыту қиынға соғады. Облыс орталығындағы «Академия успеха» жалпы білім беретін жекеменшік мектебінде 1-4-сынып оқушылары білім алады. Біздегі әр балаға қаржы орталығы тарапынан орташа есеппен 50 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұл ретте ақпараттық стенд орналастырылған. Онда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі ашық көрсетіледі. Біздің мектеп ұстаздарға жұмыс орнын ұсынады. Сонымен қатар, мұғалімдердің категориясы, еңбек өтіліне, денсаулығын жақсартуға еңбек демалысы көлемінде ақша төленеді. Шыны керек, жекеменшік мектептер мемлекеттік білім ордаларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті деп айта алмаймын. Өйткені, қаржылай қолдау орталығынан бөлінетін ақша мектептегі еңбек қара-жатын жаппайды. Білім ордасында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп күзеті, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау талаптарының бәріне көп ақша жұмсалатыны сөзсіз. Өз қаражат есебімізден мектеп ауласына бейнебақылау құрылғыларын, дабыл батырмаларын орнатамыз. Бұдан бөлек, жыл сайын оқу бағдарламасына өзгертулер енгізіледі. Сәйкесінше, жаңа оқулықтар шығарылады. Егер мемлекеттік мектептерде оқулық тегін берілсе, біз оқушыларға өзіміз сатып аламыз. Бұл да көп қаражатты талап етеді. Әрине, мемлекет тарапынан жекеменшік мектептерге қолдау көрсетілгені жақсы. Білім ордасында оқитын әр балаға ата-аналар ай сайын 120 мың теңге төлейді. Қазіргі уақытта 200-ге жуық бала білім алады. Одан артық оқушыларды қабылдай алмаймыз. Әр сыныпта 16-20 бала оқиды. Бұл да оқушылардың өздерін еркін сезінуі үшін жасалған. Әр сыныпқа арнайы жетекші белгіленген. Бұдан бөлек, қосымша үйірмелер де бар. Бұл ретте спорт, шахмат, шығармашылық үйір-мелері, қазақ тілі мен ағылшын тілі қосымша сабақтары ай сайынғы оқу ақысына кіреді. Мектепте балалардың білімі мен талабын ашу мақсатында барлық жағдай жасалған.
Бүгінде Астана, Алматы қалаларындағы жекеменшік мектептерге зор қолдау көрсетіледі. Ал Павлодар қаласында мұндай білім ордалары әлі ірі қалалардағы деңгейге жеткен жоқ. Біздегі орташа еңбекақы көлемі 300-350 мың теңгені құрайды. Сондықтан оқу бағасын одан әрі асыра алмаймыз. Бұл жағдай ата-аналардың қалтасына салмақ түсіреді. Біз 3 жыл көлемінде жұмыс істеп келеміз. Сондықтан мемлекет тарапынан жекеменшік мектептерге көрсетілетін қолдауға алғыс айта отырып, бұл жұмыстың жалғасқанын қалаймыз. Болашақта қолдау көлемі арта түссе деген тілегіміз бар.
Наталья ЛОПАТИНА, «Академия успеха» жалпы білім беретін жекеменшік мектебінің директоры.