Облыста тұрғындардың жеке мәселелерін қарап, өтініштеріне құлақ түріп, түйткілдерді тарқату мақсатында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні бастамасы қолға алынған болатын. Соның аясында бірнеше мемлекеттік мекеме өкілдері көпшілік жиі жиналатын аумақтарда арнайы қабылдау өткізеді.
Бұл жолы азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні Павлодар қаласындағы Орталық жағалауда ұйымдастырылды. Тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған жағалау бойында бірнеше мемлекеттік орган қызметшілері еңбек етті. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, спорт саласына жауапты мекемелер, облыстық полиция мен әділет департаменттерінің өкілдері болды.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің хабар-лауынша, бұл күні мемлекеттік органдардың басшыларына 100-ден астам адам жүгінді. Әрбір тұрғын өзінің мәселесін айтып, сұрағын қойып, ұсыныстарын білдірді. Өтініштердің басым бөлігі маусымдық сипатта болды. Олардың қатарында аумақтарды абаттандыру, үйлерді жылу беру маусымына дайындау, пәтер иелері кооперативтері жұмыстарына шағымдар және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, 1-сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орналастыруға қатысты сауалдар түсті. Барлық сұрақ бойынша тұрғындарға түсініктемелер берілді.
Өз тілшіміз.