Елімізде соңғы жылдары мәслихат депутаттарының қоғамдағы рөлін арттыруға күш салынуда. Оған осымен екінші жыл қатарынан Астанада еліміздің барлық деңгейлі мәслихат депутаттарының басын қосқан II республикалық форумы дәлел. Алқалы жиынға Мемлекет басшысы тікелей қатысып, аталмыш институттың ел дамуына қосар үлесінің қаншалықты салмақты екенін атап өтті. Алғысөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз» деді. Демек, жер-жердегі мәслихат депутаттары жергілікті халықтың хал-ахуалынан әрдайым хабардар болып, дер кезінде құзырлы органға құлағдар етуге міндетті. Осы орайда, облысымыздың астықты әрі шекара шебінде орналасқан аудандарының бірі – Железин аудандық мәслихатының төрағасы Темірболат Дәулетовті әңгімеге тартып, ел сенімін ақтау жолындағы атқарып жатқан істерін білген едік.

— Темірболат Мұхамет-қалиұлы, Сіз төрағалық ететін аудандық мәслихат депутаттары сайланғаннан бері екі жылға жуықтады. Осы аралықта  қандай   жұмыстар атқарылды? Аудан халқына қандай пайда әкеле алдыңыздар?

— Иә, аудандық мәслихат депутаттары сайланғанына екі жылдың жүзі болып қалды. Осы аралықта негізгі жұмысты тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға, ауданымыздың әлеу-меттік-экономикалық дамуына бағыттадық. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, елді мекендерді ауызсумен қамту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу істеріне атсалыстық. Әсіресе, олардың сапалы жүргізілуін бақылап келеміз. Ауданның өзекті мәселелері қарастырылатын үш тұрақты комиссия құрдық. Біріншісі — әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет мәселелері жөніндегі комиссия. Оған депутат Марат Махметов төрағалық етеді. Мұнда аудандық бюджетті бекітуден бастап барлық әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері сүзгіден өтеді. Екіншісі — заңдылық, құқықтық тәртіп және азаматтардың өтініштері жөніндегі комиссия. Бұл комиссияға әріптесіміз Азат Серғазин жетекшілік етеді. Үшінші аграрлық және экология мәселелері жөніндегі комиссияға жеке кәсіпкер, саланың оңы мен солын бір кісідей білетін Владимир Неупокоев төрағалық етеді. Жалпы, аудандық мәслихат депутаттары қатарында жеке кәсіпкерлер, БАҚ және ұстаздар қауымы өкілдері бар.

— Жуырда өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутат-тарының екінші форумында Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керектігін атады. Бұл бағытта сіздер қандай шаралар қолға алдыңыздар?

— Біліктікті арттыруға былтырдан бері көп көңіл бөлінуде. Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асу үшін депутаттардың да білімі мен білігі барынша жоғары болғаны жөн.  Астана қаласында өткен форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасынан кейін де жаңа жоспарлар түзілді. Ағымдағы аптада аудандық мәслихат депутаттары біліктіліктерін арттыру курсынан өтеді. Бұдан бөлек, әртүрлі деңгейдегі семинарлар мен конференцияларға қатысып отырамыз. Одан қалды өзге өңірлердің озық тәжірбиелерімен алмасуға да мән береміз.

— Сіздер халық пен атқарушы билік арасын жалғап, тұрғындардың бұйымтайларын билікке жеткізу жолында қызмет етесіздер. Осы ретте, өкілдік органға тұрғындар қаншалықты сенім артып жүр? Алдарыңызға халық қандай талап-тілектерімен келеді?

— Тұрғындардың аудандық мәслихат депутаттарына сенімі бар деп айта аламын. Олай дейтінім, әр депутат өзі сайланған округтерінде жеке қабылдау өткізеді. Міне, осы кездесулерге келушілер қатары аз емес. Түрлі талап-тілектерімен, бұйымтайларымен келеді. Кейбір мәселелер сол мезетте шешімін тапса, кейбіреулеріне тиісті органдарға сауалдар жіберіледі. Оны соңына дейін жеткізу үшін мәселені бақылауда ұстаймыз.  Ауданымызда орталықтандырылған жылу жүйесі барын білесіздер. Тұрғындар тарапынан осы желіге қосылуға қатысты көп сұрақ түседі. Азаматтардың бір қатары тұрғын үймен қамту, көмір, дәрі-дәрмек алуға жәрдем сұрай келеді. Мұндайда құзырлы органдарға хат жолдап, шешу жолдарын қарастырамыз. Кейбір мәселелерде депутаттарымыз жәрдем сұрай келген тұрғындарға кейде өз тараптарынан көмек көрсетіп те жатады.

— Мәслихаттың төрағасы ретінде жүктелген міндеттерді қаншалықты деңгейде атқара алып жатырсыз? Нақты қай бағытта жұмысты өрбітуге күш салып жүрсіз?

— Жұмысыма халық, сайлау-шыларым бағасын береді деп ойлаймын. Төраға ретінде аудандық мәслихаттың жұмысының барынша нәтижелі болуына жауаптымын. Сондықтан депутаттарды ауданды өркендету жолындағы жұмыстарға ұйыстыра білуім керек. Соған күш саламын. Шығарылған шешімдердің орындалуын қадағалаймын. Ең басты міндетіміз – сайлаушылармен байланыста болу, олардың өтініш-тілектеріне дер кезінде құлақ асуға маңыз беремін. Депутаттарға бағыт беріп, сайлаушыларымыздың сенімін арттыру, сайлауалды бағдарламамды орындауға күш-жігерімді аямаймын.

— Жасыратыны жоқ, ауданда бірқатар әлеуметтік нысандардың жөндеу, құры-
лыс жұмыстарының сапасына қатысты мәселелерді кейде облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері көтеріп, дабыл қағып жатады. Осы ретте, сіздер мұндай маңызды нысандардың талапқа сай салынып, қолданысқа берілуіне неге араласпайсыздар?

— Неге араласпаймыз, араласамыз. Биыл ауданымызда салынған әлеуметтік нысандарды аралап, сапалы салынуын бақылап, ескерту жасап отырдық. Мәселен, аудандық мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстарын, кіреберіс жолдардың салынуын, ауызсу құбырларының құрылысын бақыладық. Мердігер фирмалардың  басшыларын шақыртып, ескертулер жасалды, нұсқаулар да берілді.

— Сіздердің тікелей күш салуларыңызбен нақты түйіні шешілген бірқатар мысалдарды келтірсеңіз…

— Депутаттардың араласуымен Есқара ауылында су құбырын тарту мәселесі көтеріліп, сессияда қаралып, тиісті мекемелерге хаттар жолданды. Халқының саны аз деп қаражат республикалық бюджеттен берілмеді. Дегенмен, облыс әкімі Асайын Қуандықұлының қолдауымен облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, қазіргі уақытта ауыл ауызсумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Береговое ауылында ауызсу мәселесі шешілді. Қазіргі таңда Моисеевка ауылында да су құбыры аяқталуда. Әлбетте, бұл жұмыстардың барлығы жергілікті атқарушы билікпен бірлесе іске асырылуда.

— Соңғы сайлауда аудандық мәслихат құрамы қалай өзгерді? Қатарларыңызды жастар да толықтырған болар? Әріптестеріңіз белсенділік таныта алуда ма?

— Екі жыл бұрынғы сайлауда мәслихат құрамы елу пайызға жаңарды. Жастар да аға буынмен иық тіресе еңбек етуде. Қазіргі таңда барлық депутаттар санының 28 пайызын жастар құрап отыр. Депутаттар өз құзыреттіліктеріне қарай өз округтерінде тұрғындармен барынша нәтижелі жұмыс істеуге тырысып жатыр.

— Железин шекаралас аудан екенін білеміз. Сондықтан мұндағы халық санының да азаймағаны абзал. Өкінішке қарай, шалғай елді мекендерде түтін саны кеміп жатқаны бар. Мәселені шешу үшін ел билігі еңбек күші көп өңірлерден отбасыларды көшіру бағдарламасын қолға алғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстарға сіздер үлес қосып жүрсіздер ме?

— Железин ауданы — Ресеймен шекаралас ауданның бірі. Ауданымызда еңбек күші көп өңірлерден отбасыларды әкелу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда ауданымызға 97 отбасы қоныс аударды. Бұл бағытта депутаттар тарапынан көмектер көрсетілуде. Қоныс аударып келген отбасыларға төлемақыларының уақытылы аударылуына, құжаттарының дер кезінде толтырылып, тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселелеріне көмектесеміз. Әсіресе, ауданымызға қажетті мамандардың көптеп келуіне, олардың мәселелерін шешуге атсалысамыз.

— Аудан үшін қазіргі таңда шешімін күткен қандай мәселелер бар? Оларды шешу үшін қандай әрекет жасалуда?

— Қазіргі таңда шешімін таппаған мәселердің бірі — шағын ауылдарда ұялы байланыстың болмауы. Әсіресе, 250 адамнан аз тұрғыны бар ауылдар осы түйткілдің зардабын шегіп отыр. Бұл жерлерге ұялы байланыс операторлары барғылары келмейді. «Халықтың саны аз» деп қаражат шығарудан бас тартады. Қанша хат жолдасақ та, жалғыз жауап – «келетін халық саны аз». Енді бұл мәселенің де түйіні тарқауға жақын.  Жергілікті атқарушы билік тұрғыны аз ауылдарға құрылғыларын орнататын матчталарын қойып береді. Ал қалған жұмыстарын ұялы байланыс операторлары өздері орнататын болды.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.