Photo Valeriy BUGAYEV

Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны бойынша аймағымыз базалық макроэкономикалық көрсеткіштер жағынан елімізде көшбасшылық орынға шықты. Яғни, оң нәтиже 7 көрсеткіш бойынша тіркеліп отыр. Атап өтсек, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жеке инвестиция, құрылыс, тұрғын үйлерді қолданысқа беру, көлік және сауда бағыттарында облысымыз өзге өңірлерден көш ілгері.

 

Бұл жөнінде облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы үш айында өңірімізде 784 млрд теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылған. Өсім өңдеу секторында 8,5 пайызды құраған. Тау-кен, электр энергиясын өндіруде де артқаны байқалады.

Ауыл шаруашылығында 1,1 пайыздық өсім тіркелген. Аталмыш салада 45 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. 24 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көрсеткіш өткен жылғы баламалы кезеңнен 1,4 пайызға артық болып отыр. 48 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. 139 млрд теңге инвестиция өңір экономикасына тартылған. Ішкі сауда 3,4 пайызға, бөлшек сауда айналымы 2,5 пайызға, көтерме сауда 3,7 пайызға артыпты. Көлік секторында көрсетілген қызмет көлемі 15 пайызға, байланыс саласында 9 пайызға өсіпті. Аймағымыздың үш қаласы мен Павлодар ауданында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер толық орындалған. Кейбір аудандарда 5 көрсеткіштің оң нәтижеге шыққаны тіркелсе, Май және Баянауыл аудандарында жағдайдың мәз еместігі айтылды. Мәселен, Баянауыл ауданында бөлшек сауда бойынша ғана оң нәтиже бар. Аудан әкімі Ардақ Кісентаев өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштің күрт төмендеуін «Майқайың алтын» кәсіпорнындағы ахуалмен байланыстырды. Қалған төрт бағытта сәуір айында ілгерілеушілік болатынын уәде етті.

Май ауданында инвестиция мен құрылыс көлемінің кемуі былтыр «Қазақстан теміржолы» АҚ жүргізген жаңғырту жұмыстарының ақяталуымен түсіндірілді. Облыс әкімі А.Байханов аталмыш ауданда бөлшек сауданың айтарлықтай азаю себебін сұрады. Аудан әкімі Ағыбай Әмірин мұндағы ірі құрылыс материалдарын сататын дүкеннің жабылуымен байланыстырды. Оның орнына басқа респондент табылғанын, жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Жыл соңына дейін көрсеткіш оңалады деп сендірді.

И.Назарчук ел Президентінің биыл экономика өсімін 6 пайызға жеткізу тапсырмасын еске салды. Оған қоса, ауыл шаруашылығы мен сауда секторында 20 пайыздық өсімді қамтамасыз ету жүктелген. Міне, сондықтан салалық басқармаларға тәуекелдермен күресті қазірден бастауға кеңес берді.

— Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша жетінші орыннан бірінші орынға көтерілдік. Көшбасшылық көрсеткішке жету өте жақсы, әрине. Алайда, ол орынды сақтап қалу, жыл қорытындысы бойынша көшбасшы өңірлер қатарынан табылу үшін қазіргі қарқынды бәсеңдетпеу керек. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға өңіріміздің мүмкіндіктері мен құралдары жеткілікті, — деді облыс әкімі А.Байханов.

Аймақ басшысы бөлшек сауда бойынша 20 пайыздық өсімді қамтамасыз ету үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесовке нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Құр сөзбен мұндай көрсеткішті орындаудың мүмкін еместігін ескертті.

Жиында бюджеттің игерілуі де сөз болды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов қазына түсімдері жоспарының орындалуын баяндады. Мәлімдеуінше, үш ай жоспар бойынша қазынаға 84,9 млрд теңге түсуі тиіс еді. Бұл жоспар асыра орындалып, бюджетке 91,2 млрд теңге түскен. Шығыстар жоспары да 100 пайыз орындалған.
35,7 млрд теңге пайдаланылмаған. Бұл еңбекақыны төлеу қорынан үнемделген көрінеді. Шығыстардың орындалуы жағынан облысымыз елімізде бірінші орында, деді. Аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына барлық тәуекелдерді ескеріп, жоспарлы көрсеткіштерді қамтуды тапсырды.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасын орындау барысы талқыға түсті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова үш айда аймақта 7,5 мың жұмыс орны ашылғанын айтты. Жоспардан 27 пайызға көп. Оның 47 пайызы — тұрақты жұмыс орны. Жол картасының әр бағытына тоқталған ол 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру жұмысы әзірге баяу екенін айтты. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 7 436 орын ашылуы тиіс. Қазір 1414 орын бар.

— 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру көрсеткіші көп аудандарда төмен. Ауылдарда халықты жұмыспен қамту тиісті деңгейінде атқарылмаса, адамдардың қалаға көшуін қалай тоқтата аламыз? Халықты жұмыспен қамту — әрбір әкімнің басты міндеттерінің бірі. Бірінші жартыжылдық нәтижесі бойынша жоспарды кемі 45 пайызға орындауды тапсырамын, — деді Асайын Қуандықұлы.

Есесіне, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту жоспары қазірдің өзінде 56 пайызға орындалған. Яғни, жастар практикасы, «Күміс жас» бағыттары бойынша кейбір аудандарда жоспар 80 пайыз жуық іске асқан көрінеді. Ал кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бағыты биыл екінші жартыжылдықта бастау алмақ. Себебі, елдегі ахуалға байланысты қаржыландыру уақытша тоқтатылыпты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.