Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Павлодар ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Жиында ауыл әкімі Аманбек Ұнатұлы 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылға арналған жоспарды таныстырды.
Аманбек Ұнатұлының айтуынша, 2025 жылы жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында 29 көше жөнделген. Қыс мезгілінде 24040 тонна қар шығарылып, 3480 метр еріген су тартылған. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 35 көшеде жол белгілері ауыстырылып, 24 жаңа белгі орнатылған.
Кездесу барысында әкім ауданның бюджет көрсеткіштеріне де тоқталды. 2025 жылға бекітілген бюджет көлемі
515086 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 329204 мың теңге – субвенциялар, 185882 мың теңге – транс-
ферттер. Салық кірістерінің жоспары 32812 мың теңге болса, нақты орындалуы 32 215 мың теңгені құраған. Сонымен қатар, жыл басынан бері 23 аялдама кешені жөнделіп, 9 жаңа аялдама мен 2 ойын алаңы салынған. Жарықтандыру жұмыстары бойынша 631 шам орнатылып, 18 бағана ауыстырылған.
2026 жылы Павлодар ауылында бірнеше көшеге асфальт төселеді. Сонымен бірге 4 жаңа ойын алаңы салынып, абаттандыру жұмыстары жалғасады. Көшелерді жарықтандыруды жетілдіру, шамдарды ауыстыру, тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару, заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары да күн тәртібінде тұр.
Кездесу кезінде тұрғындар жол сапасы мен қоқыс жәшіктерінің жоқтығына қатысты сұрақтарын қойды. Ауыл әкімі бұл мәселеге байланысты сұраққа былай деп жауап берді.
— Тұрғындарға сұрау хат жіберілген, алайда көпшілік келіспегендіктен қоқыс жәшіктері қойылмады, – деді Павлодар ауылының әкімі Аманбек Ұнатұлы.
Ал, тұрғындар мұндай хат алмағандарын айтты. Сондай-ақ, қоқыстың бірнеше күн бойы жиналмай тұратынын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл әкімі ауыл тұрғынының жол мәселесі бойынша қойған сұрағына да жауап берді.
– Жөндеу жұмыстары тек ұзын көшелермен шектелмейді. Қиылыстардағы бұзылған учаскелер де міндетті түрде жөнделеді, — деді ол.
Хасар Хабылбеков әр мәселені жеке тыңдап, ауыл әкіміне проблемаларды мерзімінде шешуді тапсырды. Оның айтуынша, Павлодар ауылының түйткілді мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Кездесу кезінде тек сұрақтардан бөлек ауыл тұрғындары Павлодар ауылының әкіміне өздерінің алғыстарын айтты. Жиынға қатысқан Сона Зинченко Аманбек Ұнатұлы ауылдың көркеюіне біраз еңбек еткенін атап өтті.
– Біздің әкім тәулігіне 24 сағат байланыста. Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды. WhatsApp-та арнайы топ бар, қажет кезде тікелей телефон арқылы да сөйлесе аламыз. Ауылдағы әлеуметтік әлсіз топтарға және ата-әжелерге жыл сайын көмір, азық-түлік жиынтықтары және мерекелік сыйлықтар беріледі. 80 жастан асқан қарияларға көмір тегін жеткізіледі, — деді Сона Зинченко.
Кездесу барысында көтерілген мәселелердің барлығы тіркеліп, ауыл әкімі мен қала басшысы оларды кезең-кезеңімен шешуге уәде берді. Павлодар ауылы 2026 жылы да абаттандыру жұмыстары қарқынмен жалғасатын елді мекендердің бірі болмақ.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК, Павлодар қаласы.
