Елімізде азаматтарға жылжымайтын мүлікті төтенше жағдайдан сақтандыруды міндеттеу мәселесі қаралуда. Мұндай мәселе биыл орын алған су тасқынынан кейін өзекті болып отыр. Құзырлы министрлік алдымен сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары үшін сақтандыруды міндетті етпек. 2028 жылға қарай тұрғын үйлерді сақтандыруға көшуді ұсынып отыр. Жалпы, жылжымайтын мүлікті сақтандыруды міндеттеген дұрыс па? Мұндай талаптан не ұтамыз? Егер міндеттесе, нені ескеру керек? Міне, осы тақырыпты «Алаңда» талқылап көрген едік.
Асқар БАХРАЛИНОВ, заңгер:
— Жылжымайтын мүлікті міндетті сақтан-дыруды еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі енгізуге мүдделі. Заңды ұсынып отырған да — аталмыш ведомство. Бұл — соңғы кездері табиғи апаттардың салдарынан туындаған бастама. Иә, міндетті сақтандыру қажет. Оған келісемін. Дүниежүзінде мұндай тәжірибе бар. Кейбір елдерде тұрғындардың 90 пайызы үйлерін сақтандырады. Бірақ, мен заңгер ретінде екі жақты да, оңы мен солын қарастырған жөн деп есептеймін. Оң әсеріне келсек, төтенше жағдайлар кезінде тұрғындар тиісінше өтемақы ала алады. Мемлекеттен шығатын шығын аз болады.
Алаңдататын жағы да жоқ емес. Тұрғындар үшін сақтандырудың бағасы маңызды. Мемлекет бұл сақтандыруды қандай жолмен жүзеге асыратынын білуіміз керек. Егер сақтандыруды толығымен нарыққа берсе, яғни, сақтандыру компанияларының қолына ұстатса, тәртіп болады. Мәселен, су тасқыны қаупі жоғары аумақта орналасқан жылжымайтын мүлік үшін сақтандыру полисі қымбатырақ болады. Ал қалалық мекендерде көпқабатты үйлерге су тасқыны қаупі жоқ. Сәйкесінше, арзанырақ болуы тиіс. Сақтандырмаған жағдайда қандай санкциялар қарастырылатыны да қоғам үшін маңызды.
Тағы бір ескеретін тұс, егер сақтандыруды мемлекеттік қор құру арқылы іске асырса, нағыз берекесіздік орын алады. Оған медициналық сақтандыру қорына қатысты әлі күнге дейін реттелмей келе жатқан келеңсіздіктер дәлел. Аузымыз күйді. Сондықтан міндетті сақтандыру енгізілсе, оны сақтандыру нарығына беру керек деген ойдамын.
Нұр-Сәуле БАЙБОЛАТОВА, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:
— Бұл – әлемдік тәжірибе. Көптеген мемлекеттерде жылжымайтын мүлікті сақтандырады. Сондықтан Қазақстанда да мұндай өзгеріс қажеттіліктен туындап отыр деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, биыл елімізде су тасқынынан қаншама адам зардап шегіп, баспанасынан айырылды. Оларды тұрғын үймен қамтуды мемлекет өз мойнына алды. Ал егер баспаналар сақтандырылған болса, сақтандыру компаниялары шығынды өтеп, үйлерді қалпына келтіретін еді. Бәріміз жылжитын мүлкімізді, яғни, көліктерді сақтандырамыз. Сол сияқты жылжымайтын мүлікті де сақтандырудан ұтылмаймыз.
Тек тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін ескеру қажет. Мәселен, үйдің иесі мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар, жалпы, қоғамның әлжуаз тобына жататындарға жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар, сақтандыру жарналары да көпшілікке айтарлықтай салмақ салмайтын мөлшерде болуы керек. Бағаларын анықтауда халықтың жалпы жағдайы басты назарға алынуы қажет.
Інжу СӘБИТҚЫЗЫ, Екібастұз қаласының тұрғыны:
— Сақтандыру қай салада болсын, ерікті түрде болуы керек деп санаймын. Міндеттеген дұрыс емес. Жылда, күнде төтенше жағдай болмайды ғой. Сонда қаншама адамның ақшасы сақтандыру компанияларының қалтасын қампитады. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілді. Жасыратыны жоқ, көп адам оның игілігін толық көріп жатқан жоқ. Мемлекеттік медициналық мекемелердегі ұзын-сонар кезек пен кейбір дәрігерлердің қабылдауына айлап жазыла алмаудан азаматтар ақылы клиникаларды жағалауға мәжбүр. Ал ай сайын сақтандыру қорына аударған ақшасы желге ұшуда. Сол сияқты жылжымайтын мүлікті сақтандырып, қаржы құюдың да қисыны жоқ деп есептеймін.
Айлығы шайлығына әзер жетіп жүрген қаншама адамға бұл қосымша шығын болады. Бәрінің бірдей сақтандыруға мүмкіндігі болмауы мүмкін.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.