Жылу маусымы: жағдай қалай?

Қаң 22, 2026

Павлодар облысында жылыту маусымы ойдағыдай жүріп жатыр. Екібастұз, Павлодар қалаларындағы жылу-электр орталықтары қысқы кезең алдында кешенді дайындықтан өтті. Инженерлік желілер де жөнделіп, жаңғыртылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ.

Таяуда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, энергетикалық, өнеркәсіптік және әлеуметтік жобалармен танысты. Алдымен бірінші вице-премьер Екібастұз қаласына арнайы ат басын бұрды. Аймақ басшысы Асайын Байханов жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жылу беру маусымы қалыпты режимде өтіп жатқанын атап өтті. 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 11,3 млрд теңгеге ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдары қайта жаңартылды. Бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген еді. Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша 13,5 шақырым желі жөнделіп, 341 ақау жойылды. Жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлініп, 19 шақырым желі жөнделді.

Сондай-ақ, Роман Скляр шаһардағы жылу-электр станциясының жаңғырту жұмыстарын байқады. «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаев негізгі жабдықтарды жөндеудің кешенді бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Айтуынша, 2023-2025 жылдары мұнда №5-9 энергетикалық қазандықтар мен №11-15 су жылыту қазандықтарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал №6-8 қазандық агрегаттарында негізгі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жабдықтарды жаңартумен қатар атқарылды. Бұл жұмыстар Үкімет резерві мен облыс әкімдігінің қаражаты есебінен жүзеге асырылды. 2026-2027 жылдары әкімшілік-тұрмыстық кешен салу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күл үйінділерін қайта жаңғырту және салу, генерациялау қуаттарын ұлғайту жоспарланған.

Цифрландыру мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2025 жылы станцияда қызметкерлер үшін «ақылды каскалар» енгізілді, ал 2026 жылы еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейту мақсатында бейнежетондарды енгізу жоспарланып отыр. Роман Скляр цифрлық шешімдерді өндірістік бақылау жүйесімен біріктіріп, оларды тәжірибеде қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Railways Systems KZ» холдингінің өндіріс орнында болып, жалпы инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге жуық ($976 млн) болатын, жылына 1 млн тоннаға дейін жоғары сапалы болат өндіретін заманауи электрометаллургиялық зауыттың құрылысымен танысты. Зауытты іске қосу 2028 жылға жоспарланған және 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады. Атап айтқанда,  өнімнің 40 пайызға жуығы ТМД елдері мен Еуроодаққа жіберіледі.

Ал Павлодар қаласындағы №2 жылу-электр орталығында өткен кеңес барысында облыс әкімі Асайын Байханов 2025-2026 жылғы жылу беру маусымының барысы туралы айтты. Облыс орталығын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 5,9 шақырым болатын ЖМ-20А жылу магистралі салынып, жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізіліп, жалпы ұзындығы 7,2 шақырым болатын 343 ақау жойылды. 2026 жылы жалпы құны 4,8 млрд теңгеге 21 шақырым кварталішілік желілерді қайта жаңғырту және 8,1 шақырым магистральдық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель 2025 жылы ЖЭО-2 орталығында негізгі жабдықтарға жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы есеп берді. 2026-2027 жылдары станцияда жалпы құны 17,2 млрд теңгеге қазандықтар мен турбоагрегаттарға күрделі жөндеу, күл тазалау жүйелері мен жарықтандырғышты қайта жаңғырту, заманауи цифрлық шешімдер мен IT-жүйелерді енгізу жоспарланған. Осы іспетті жұмыстан №3 жылу-электр орталығында да жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 18,6 млрд теңге жұмсалмақ.

Роман Скляр жөндеу науқаны мен инвестициялық бағдарламалардың сапалы орындалуын, мерзімдердің сақталуын, технологиялық және экологиялық көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауды, жылу беру маусымының сенімді өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Бірінші вице-премьер жұмыс сапары барысында Павлодар мұнай-химия зауытына да барды. ПМХЗ ауыр газойльдерді өңдеу және ашық мұнай өнімдерінің шығымын арттыруға бағытталған SENIM-D жобасын қоса алғанда ауқымды жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ,  кәсіпорында жасанды интеллект шешімдерін қолдана отырып, автоматтандыру және цифрландыру жүйелерін енгізу бойынша мастер-жоспар әзірленген. Зауыт басшылығына өндірістің тиімділігі мен технологиялық жарақтандырылуын арттыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Роман Скляр сапар соңында Павлодар қаласында былтыр «Келешек мектептері» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған №48 жалпы білім беретін мектептің қызметімен танысты. Мектеп 1200 оқушыға арналған және заманауи цифрлық әрі инклюзивті инфрақұрылыммен жабдықталған. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары балалардың жан-жақты дамуы үшін тең және қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Жұмыс сапары Павлодар облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған энергетика, өнеркәсіп және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы негізгі жобалардың іске асу барысын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік берді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.