Қоян жылы әлемнің көптеген елі үшін қиындықтарымен есте қалды. Бірқатар шет мемлекетте қайғылы оқиғалар мен қақтығыстар болды. Салдарынан сан мыңдаған адам ажал құшты, қалалар қирады, бейбіт тұрғындар жапа шекті. 

Осылайша, төрткіл дүниеде түрлі жайсыз жағдайлар орын алып жатқанда, тәуелсіз Қазақ елінде тұрақтылық пен тыныштық салтанат құруда. Шүкір делік! Әлемдік аренада әрдайым биіктен көрініп, дамудың даңғыл жолына бет алған тәуелсіз Қазақстан бұл жылы да байырғы бағытын берік ұстана білді. Соның дәлеліндей, биыл егемен еліміз жан-жағымыздағы геосаяси шиеленістерге қарамастан еларалық қарым-қатынасты нығайтып, өзге жұрттарға өнеге көрсетуде.

Келіссөздер – даму кепілі

Қазіргі таңда Қазақ елі әлемнің көптеген мемлекетімен қоян-қолтық араласып, инвестициялық-экономикалық ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуде. Еларалық байланысты бұрынғыдан да нығайтуды көздеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен және ресми іссапармен биыл бірқатар шетелдік Президенттер Қазақстанға ат басын бұрды. Атап айтар болсақ, 2023 жылы елімізге Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Чехия, Сингапур, Катар, Германия, Албания, Франция, Венгрия, Түркия, Ресей, Того мемлекетінің басшылары келіп, келіссөздер жүргізді. Бұл – егемен еліміз үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз. Сонымен, ағымдағы жылы Қазақстанға арнайы келген бірнеше шетел басшысының сапарына тоқталар болсақ, мамыр айында Сингапур Президенті Халима Якоб келді. Бұл оның Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы сапары екен. Келелі кездесуде тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-саттық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс-тарды кеңейту мәселелеріне баса мән бере отырып, екі ел қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады.

— Сингапур Президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, ел Президенті Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асқанын, ал былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтағанын айтып, бұл өте жақсы нәтиже екенін атап өтті. Өз кезегінде Халима Якоб те Қазақ еліне ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы саяси диалог пен тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

— Қазақстан — біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені, еліңізді шын мәнінде аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Көп жылдан бері жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды, – деді Сингапур Президенті. Қараша айында елімізге ресми сапармен Француз Республикасының Президенті Эммануэль Макрон келді. Достық пен өзара түсіністік рухында өткен келіссөздер барысында екі ел басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарады. Негізі, Франция Қазақстан экономикасы үшін басты инвесторлардың бірі болып табылады. Есесіне, Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық әріптесі саналады екен. Қос ел басшылары түрлі сала бойынша байланыстарды дамытуға уағда-ласты. Әсіресе, жоғары білім жүйесіндегі ынтымақтастықтың басымдығын айрықша атап өтті. Осы орайда, «Абай-Верн» екіжақты бағдарламасы аясында грант санын ұлғайту және «Болашақ» бағдарламасына қатысатын француз университеттерінің тізімін кеңейту есебінен қазақ студенттерінің Францияда білім алуын арттыруға мән берілмек. Екі ел арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған жобалар аясында алдағы уақытта Парижде Қазақстан Республикасының Ұлттық көрмесін өткізу жоспарлануда. Жақында елімізге көршілес Ресей Президенті Владимир Путин де ресми сапармен келді. Екі ел басшылары келіссөздер барысында Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа негізделген құжаттарға қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев ХХІ ғасыр-дағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Ресей Президентінің ресми сапарының мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.

— Ресей – Қазақстанның страте-гиялық серіктесі және одақтасы. Ортақ тарихқа, берік достыққа, өзара құрмет пен сенімнің мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, біз көптеген сала бойынша өзара мүддені жүзеге асырудың айқын дәлелі саналатын мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетерлігі, әлемдік ахуалға байланысты көрші ел басшысының Қазақстанға келуі көпшілік арасында түрлі пікір тудырған еді. Алайда екі ел арасындағы мызғымас достық бәрінен биік тұрғанын дәлелдеді. Тіпті, Қазақстан Президенті ресейлік «Известия» басылымына, ал Ресей президенті «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берді. Онда екіжақты байланыстың нығая түсетінін айтқан Мемлекет басшысы ендігі кезекте Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыс-тарында мектептер ашу керектігін тілге тиек етті.

— Қазақстанның оңтүстік облыстарында Қазақстан-Ресей бірлескен білім беру мекемелерін ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл ретте, біз Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында осындай мектептер ашуға мүдделіміз – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша, алдағы уақытта Ресейдегі қаракөздеріміздің өз ана тілінде білім алуына мүмкіндік жасалмақ. Түсінген адамға, бұл –зор бақыт!

Ынтымақтастыққа апарар жол

Бүгінде әлемдегі азуын айға білеген бірқатар алып мемлекеттер бір-бірінен алыстап жатқанда, керісінше, Орталық Азия елдері бірігіп, оның ішінде, Қазақстан айналадағы саяси ахуалға қарамастан көпжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселесін дұрыс жолға қоя білді. Айталық, ағымдағы жылдың мамыр айында Қытай Халық Республикасында «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммиті өткен болатын. Оған арнайы қатысқан Қазақ елінің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш саммит саяси маңызы зор, тарихи оқиға екенін атап өтті.

— Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын, — деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Президент бұл жолғы сапарында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойылғанын, екі елдің сауда-саттық көлемін 40 миллиард долларға дейін жеткізу жөнінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен уағдаласқанын мәлім-деген еді. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Қазақстан тарапынан көтерілген бастамалардың барлығы еліміздің жан-жақты ынты-мақтастық пен мызғымас қарым-қатынасын нығайта түсуге деген ұмтылысын көрсетпек. Сонымен, осынау самиттің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдады. Айрықша атап өтерлігі, келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда ұйымдастырылатын болып бекітілді. Бұған қарап, Қазақ елінің әлемдік аренадағы орынының ерекше екенін аңғаруға болады, дейді сарапшылар. Биыл сондай-ақ, маусым айының басында жаңа геосаяси жағдайларды ескере отырып, толығымен халықаралық қауіпсіздік мәселесіне арналған Орталық Азия – ЕО-ның екінші саммиті де ұйымдастырылған еді. Нәтижесінде, 5 маусымда Қазақстан Президенті «Орталық Азия өңірлік экономи-калық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтының құқықтық мәртебесін, жұмыс тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Саясаткер мамандар Қазақстанның мұндай қарым-қатынастарды дамытуда жетекші рөл атқаратынын ерекше атап өту керектігін тағы да алға тартуда. Сонымен қатар, осы жылдың шілде айында Қазақстан Респуб-ликасы 2023-2024 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төра-ғалықты қабылдап, Алматы қаласы аталған кезеңге ШЫҰ туристік және мәдени астанасы мәртебесін алды.

 Спортта да жетістік бар

Биыл Қазақстанның көк байрағы әлемнің көптеген елінде көтерілді. Яғни, бірқатар мықты спортшыларымыз дүниежүзілік деңгейде өткен спорт сайыстарында жеңіс тұғырынан көрініп, мемлекетіміздің мерейін асырды. Атап айтар болсақ, Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 80 медаль жеңіп алды. Біздің спортшылардың қоржынына 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлде бұйырып, 4 спортшы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды. Сондай-ақ, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 5 медаль қанжығасына байлады. Әлемдік турнирдің жеңімпаздарына IBA-ның екі еселенген сыйақысы –  200 000 доллардан тарту жасалмақ. Бұған қоса, Қазақстан бокс федерациясынан (ҚФС) да жүлдегерлерімізге 100 000 доллардан қарастырылған. Бұл – спортшыларымыз үшін үлкен қолдау. Қоян жылы қазақстандық футболшылар үшін де сәтті өтуде. Тіпті, биыл бүкіл Еуропа басылымдары қазақстандық футболшылардың жетістіктері жайлы жарыса жазуда. Әсіресе, ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің голын УЕФА жылдың үздік голдарының қатарында атауы тағы да Қазақ елінің абыройын асқақтата түсті.

Жалпы, жылдан-жылға Қазақ елінің әлем алдындағы бет-беделі өсуде. Береке-бірлікті бәрінен биік ұстанған көпұлтты еліміз еларалық татулықты, саяси байланыстарды дұрыс жолға қоюмен қатар, өзге салаларда да алға басу үстінде. Бұған қарап, керегеміз кең, өзгелермен тереземіз тең екенін көруге болады. Бұл — тәуелсіз мемлекетіміз үшін үлкен жетістік!

 

Бетті әзірлеген —  Нұржайна ШОДЫР.