ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты негізгі мәселелерді көтерді.

Мемлекет басшысы медициналық сақтандыру жүйе-сіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырғанын айтты. Сонымен қатар, науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес екенін алға тартып, бұған жол берілмеу керектігін атап өтті. Бұл ретте бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін іске қосуды тапсырды.

Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бірақ ол жетілдіруді талап етеді. Бұл жүйеде қызмет түрлері жалпылама негізде ғана көрсетілген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілетін қызмет түрі жеке көрсетілуі тиіс. Сондықтан да болар, халық тегін және МӘМС аясында көрсетілетін қызмет түрлерін ажырата алмай жатады.

Кезек күту мәселесіне келетін болсақ, медициналық талапқа сай сақтандыру жүйесі аясында маманға жазылу немесе қандай да бір зерттеуден өту мерзімі  10 күннен аспауы тиіс. Күту уақыты осы мерзімнен асса, заң бұзушылық болып есептеледі. Ал тұрғындар бүгін емханаға келсе, қажетті көмекті сол күні алғысы келеді. Ешкім 10 күн күте алмайды. Сондықтан тексеруден тез өтулері үшін жекеменшік клиникаларға барғанды жөн көреді. Адамдардың дәрігер кезегін немесе зерттеу шараларын 10 күн күтуінің тағы бір себебі бар. Бұл жерде маман тапшылығы мәселесі туындайды. Салдарынан емделушілердің саны да көбейеді. Медицина саласында 9 жыл білім алған жастар жекеменшік мекемелерде жұмыс істеуге құштар. Өйткені, ондай жерде жұмыс істеу жеңіл әрі жалақысы көп. Бұл мәселені шешу үшін емхана, ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысын арттыру қажет. Жекеменшік клиникалардағы мамандарды емханалар мен ауруханаларға шақыру керек. Оларға барлық жағдай жасалуы тиіс. МӘМС жүйесі елімізде  алғаш 2018 жылы пилоттық жоба негізінде енгізіліп, 2020 жылы іске  қосылды. МӘМС жүйесі енгізілген уақыттан бастап 2023 жылға дейін осы салада  жұмыс істедім. Сол себепті бұл жүйедегі күрмеулі мәселелерді жақсы білемін. Алдағы уақытта Президент тапсырған шаралар қолға алынса, саладағы өзекті мәселелер шешіледі деген ойдамын.

 

Алма Мұқатова,  денсаулық сақтау саласынынң ардагері.