Photo Valeriy BUGAYEV

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) жүзеге асқанына бірнеше жыл өткенімен, әлі де мыңдаған тұрғын мүлдем сақтандырыл-маған. Ағымдағы жылдың 31 мамырындағы жағдай бойынша аймағымызда осындай 113 173 адамның бар екені анықталды. Олардың МӘМС жүйесінен шет қалуына не себеп? Орын алған олқылықты жою үшін не істемек керек? Осы және өңір экономикасына қатысты өзге де мәселелер бұрнағы күні аппараттық жиында талқыланды.

 

Сақтанғанды сақтайды…

 Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында павлодарлықтарды МӘМС жүйесіне тарту мәселесі жан-жақты қаралды. Бұл жөнінде баяндаған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетов тұрғындардың медициналық сақтандыру жүйесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

– ҚР Премьер-Министрі орын-басарының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап «Е» санатына жататын әлеуметтік қамсыздандырудан қорғалмаған тұрғындардың тізімін нақтылауға бағытталған шаралар қолға алынды. Осы санаттағы сақтандырылмаған азаматтардың жалпы саны 7 165 адамды құрады. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта әлеуметтік қамсыздандырудың «D» санаты бойынша жұмыс басталып кетті. Қор мамандары жеке тұлғалардың деректерін жаңарту алгоритмі бойынша олардың әлеуметтік мәртебесін көрсете отырып, әрқайсысымен телефон арқылы хабарласты. Бұл санат бойынша сақтандырылмаған халықтың жалпы саны 27 829 адам болса, қазіргі таңда 25 337 адамды құрап, 8,9 пайызға төмендеді, – деді Жангелді Шайымбетов.

Оның айтуынша, осы жылдың бес айының ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек алу ережелерін және қорға жарналарды аудару тәртібін түсіндіру мақсатында филиал өкілдері түрлі санаттағы тұрғындармен 206 кездесу өткізген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 56 980 жұмысшының аударымы уақытылы түспегені, 1 540 тұрғын ресми түрде жұмыспен қамтылмағаны, 10 160 азаматтың облыс аумағынан тыс жерде тұратындығы анықталған. Сондай-ақ, биыл білім беру саласының қызметкерлері және ұзақ мерзімді демалыстағы жұмысшыларға арналған түсіндіру жұмыстары да қолға алынған. Өйткені, өткен жылы өңірде жұмыс істейтін салымшылар ұзақ мерзімді демалысқа кеткен кезеңде медициналық көмек алу құқығынан айырылып қалған жағдайлар кездескен. Аталған мәселені шешу мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры былтыр ұзақ мерзімді еңбек демалысына кеткен 6 943 қызметкердің міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі жоғалған мәрте-бесін қалпына келтірген.

Филиал басшысының сөзіне қарағанда, тұрғын-дарды МӘМС жүйесіне белсенді қатыстыруға бағыт-талған жұмыстар үздіксіз жүгізілгенімен, кейбір қызмет-керлер және жеке кәсіпкерлер сақтандыру жарналарын уақытылы төлемейтін көрінеді. Тіпті, кейбір тұрғындар түрлі жеке меншік мекемелерде, серіктестіктер мен шаруа қожалықтарында бейресми түрде жұмыс істейтіні, бірақ медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден жалтарып жүргені де айтылды. Аймақ басшысы әр аудан, ауыл әкімдеріне мұндай бассыздыққа жол берілмеуі керектігін тапсырды.

– Азаматтардың осындай әрекетке баруына түрлі себептер әсер етуі мүмкін. Біреуінің қарызы, алименті бар болса, енді бірі атаулы әлеуметтік көмек алатын шығар. Бірақ қандай жағдай болса да, кез келген жұмысшы мен жұмыс беруші заңнан аттамағаны жөн. Мәселен, жұмысшы мал бағып жүріп жоғалып кетсе, бұл – бізге сын. Сондықтан біз жұмылып жұмыс істеп, осындай адамдарды анықтауымыз қажет. Бұған еңбек инспекциясы да араласуы керек. Шаруашылықта, серіктестікте еңбек етіп жүрген адамның құжаттары толық болуы қажет. Яғни, екіжақты еңбек келісімшарты жасалып, салық төлеуі, жұмысшы кезекті еңбек демалысына шығуы сынды талаптар орындалуы тиіс. Көлеңкеде жатқан осындай мәселемен айналысу үшін жұмысты күшейтіңіздер, – деген аймақ басшысы жауапты мамандарға қатаң тапсырма берді. Сонымен қатар, ол өңірдегі жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, МӘМС жүйесіне уақтылы жарна аудармайтын үй шаруасындағы әйелдер мен ешқайда еңбек етпейтін азаматтардың мәселесіне тереңірек үңіліп, түсіндіру жұмыстарын ширатуды тілге тиек етті.

Көрсеткіштерді көтеру керек

Аппараттық жиында ағымдағы жылдың алғашқы бес айында аймақтың әлеуметтік-экономикалық саласында атқарылып жатқан жұмыс жайы да талқыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің айтуынша, өңірдегі барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Алайда бірнеше ауданда инвес-тиция тартуда артта қалушылық бар екені белгілі болды.

– Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,9 пайыз деңгейінде тіркелді. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлемінің индексі 105,7 пайызды құрады. Соның ішінде өңдеу секторында 8,5 пайыз, электрмен жабдықтау жүйесінде 4,4 пайыз өсім байқалды. Бірақ тау-кен өндіру секторының қарқыны 0,1 пайызға төмендеп кеткен. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының көлемі 84,2 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстары 52,8 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық екенін атап кеткен жөн. Жалпы, бүгінгі күні өңір экономикасына 247 млрд теңге инвестиция тартылды. Өсу қарқыны 105,3 пайызды құрап отыр, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, өңірдегі ішкі сауда 6,4 пайызға, бөлшек сауда айналымы 3,2 пайызға, көтерме сауда 9 пайызға өскен. Көлік секторында қызмет көрсету көлемі 11,8 пайызға, байланыс саласы 9,3 пайызға артқаны байқалады. Нәтижесінде, облыс өңірлері арасында Павлодар, Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданында барлық индикатор бойынша оң динамика байқалады. Ал Железин, Тереңкөл, Аққулы аудандарында бірнеше индикатор бойынша төмен көрсеткіштер бар екені сынға алынды. Мәселен, Железин ауданында жалпы инвестиция көрсеткіші 71,9 пайыз, Аққулыда 76,7 пайыз, Тереңкөлде 48,6 пайызды ғана құраған. Аймақ басшысы экономиканың белгіленген өсу қарқынын сақтап, макро көрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар, қала-аудан әкімдеріне аталған мәселелерді пысықтап, 2 күннің ішінде қандай шара қабылданғаны жайлы салалық басқармаларға ақпарат беруін тапсырды. Төмен көрсеткіш көрсеткен үш ауданның әкімдері осы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша барлық көрсеткіш толығымен өз деңгейінде орындалатынын мәлім етті.

Облыс басшысы Асайын Байханов бұл бағытттағы жұмыстарды ширатып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын бұдан да көтеруге күш салу керектігін алға тартты.

 

Нұржайна ШОДЫР.