Екі күн бойы Павлодар өңірі жастық жалын мен шығармашылық шабытқа бөленді. Жұмысшы мамандықтар жылы және халықаралық жастар күні аясында ұйымдастырылған шараларға еліміздің әр өңірінен белсенді, еңбекқор әрі болашағынан үміт күттіретін 100-ден астам жас маман жиналып, еңбек адамдарының беделін арттырудың жаңа жолдарын талқылады. Шаралар барысында тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды ұсыну және болашақ мамандықтарға қызығушылықты арттыруға бағытталған түрлі пікірталас пен кездесу ұйымдастырылды.
Жергілікті кәсіпорындарды аралады
Алдымен форум қатысушылары облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарына саяхат жасады. Экскурсия барысында кәсіпорын өкілдері зауыттардың тарихы, бірегей технологиялар, өндіріс ерекшеліктері мен қызықты фактілер туралы айтып, түрлі цех пен бөлімшелердің жұмысын көрсетті. Экскурсиялық маршрутқа «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан алюминийі» зауыты, «Нефтехим LTD компаниясы» және «TROYA компаниясы» кәсіпорындары енді. Сапар барысында қатысушылар зауыттардың өндірістік қуаттылықтарын, технологиялық процестерін, заманауи жабдықтарды көрді.
«Қазақстан алюминийі» зауытында келу-
шілерге алюминий өндірісінің боксит-терді дайындау мен байытудан бастап дайын метал алуға дейінгі толық циклы көрсетілді. Қатысушылар шикізаттың қайта өңдеуге түсуінен дайын өнімнің сапасын бақылауға дейінгі жолын қадағалап, жоғары
технологиялық жабдықтар мен заманауи автоматтандырылған жүйелердің жұмысын көре алды. «TROYA компаниясы» ЖШС-де лазерлік станоктардың, дәнекерлеу робо-тының, 3D-иілу станоктарының және автоматтандырылған бояу желілерінің жұмысын қоса алғанда, кәсіпорынның өндірістік процесі таныстырылды. Сондай-ақ, кәсіпорынның өз өндірісіндегі жиһаз үлгілері туралы ақпарат берілді.
Тәжірибе алмасып, пікір бөлісті
Кейін кездесу Павлодар қаласының «Достық» үйінде жалғасын тапты. Мұнда халықаралық жастар күніне арналған республикалық жастар форумы салтанатты түрде ашылды. Форумның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова және еліміздің әр өңірінен келген жастар қатысты.
Форумға қатысқан Айгүл Қайыртасқызы биыл Жұмысшы мамандықтар жылы екендігін әрі қай салада болсын жастардың еңбегі әрқашан зор екенін тілге тиек етті.
— Жұмысшы мамандықтар орындарын дамыту — ел болашағына, оның технологиялық және экономикалық дамуына салынған инвес-
тиция. Павлодар өңірі — өнеркәсібі дамыған аймақ. Ел экономикасының ілгерілеуіне айтарлықтай мол үлесін қосып отыр. Бүгінде облыс бойынша 250 мыңнан астам жас буын өкілі бар. Олар жүздеген мамандықты игеріп, өздері қалаған салада табанды еңбек етіп жүр.
Жұмысшы мамандықтары жылында біз қарапайым еңбек адамдарын көпшілікке үлгі етіп, жастардың назарын осы салаларға аударамыз, — деп атап өтті
А.Қайыртасқызы.
Ал вице-министр Евгений Кочетев тұрғындардың үштен бірін жастар қауымы құрайтынын жеткізді. Оның сөзінше, заманға сай кәсіптік-техникалық мамандықтарды игерген жастарға өндіріс орындарынан сұраныс күннен күнге өсіп келеді.
— Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамытуға бағытталған «WorldSkills» қозғалысы, «Дарын», «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлықтары, түрлі гранттар мен шәкіртақылар, жобалар, конкурстар жастар үшін мамандық таңдауда үлкен серпін берді деп ауыз толтырып айта аламыз. Орта кәсіптік оқу орындарында соңғы үш жылда шәкіртақы көлемі екі есе өсті. Жас отбасыларды баспанамен қамтуға арналған «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы да қабылданды. Одан бөлек, көптеген ірі кәсіпорын өз жас мамандарын қолдап, жеке әлеуметтік бағдарламалар түзіп жатыр. Мұның барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың өз орнымен іске асып жатқанын білдіреді. Бұл тұста Павлодар облысы жастар саясатын дамытуда көшбасшылар қатарында екенін айтып өткім келеді, — деді ол.
Салтанатты шара «Қазақстанның жаңа келбеті: жасампаздық жолындағы жастар» атты кейс-сессиямен жалғасты. Жиында еліміздің әр өңірінен келген жастар өз салалары бойынша ақпарат ұсынып, жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті. Мәселен, «Qbit» жобасының құрастырушы инженері, «Forbes 30 under 30» тізіміне енген ұстаз Рүстем Ермеков жас буынға табысқа жету үшін оңай жол іздеудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
– Мен ешқашан жеңіл пайдаға ұмтылған емеспін. Әрдайым ұзақ мерзімді, ауқымды нәтижеге жеткізетін, мәні терең жобаларды іздедім. Қысқа уақыт ішінде пайда тауып, соған қанағаттану туралы ұсыныстар аз болған жоқ. Бірақ мен әрдайым үлкен тарихқа айнала алатын жолды таңдадым, –
деді QBit жобасының авторы.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда жасанды интеллект – кез келген жұмысты тиімді орындаудың мықты құралы. Бастысы, одан қорықпай, оны дамыту мен жетілдірудің жолдарын іздеу керек.
– Қазіргі уақытта ChatGPT бағдарламасы арқылы білім беру гаджетін әзірлеп жатырмын. Жасанды интеллект көмегімен бір күнде 20–30 түрлі нұсқасын жасап, өзіме қолайлысын таптым, – деді ол.
Форумда өзге спикерлер де өз тәжірибесімен бөлісті. Астана қаласынан келген кәсіби бағдар маманы Жасұлан Қуандық мамандық таңдауда неге сүйену керегін айтып, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін адамдарға қатысты статистика келтірді. Семейлік музыкант, шетелдік танымал орындаушыларға ән жазатын Ерқанат Ерғазыұлы жастарға бір істі бастағанда қорықпай, батыл қадам жасап, креативті болуға шақырды. Ал Атыраудан келген фельдшер Эльвира Каримова өз мамандығының жоғары жауапкершілік пен эмоционалды жүктемені қамтитын қиындықтары жайлы ашық айтып, істі сүйіспеншілікпен атқару барлық сынақтан өтуге көмектесетінін алға тартты.
Жастар – келешек көзі
Келесі күні «Достық үйінде» «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы өтті. Аталмыш форум еліміздің барлық өңірінен жиналған жүздеген жас көшбасшының, жастар қозғалысының белсенділері мен жұмысшы мамандық өкілдерінің басын қосты. Кездесуге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Жиынды аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы жастарды құттықтау сөзімен бастады. Өз сөзінде еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен үлесін ерекше атап өтіп, білікті жұмысшы кадрлардың экономиканы дамытуда маңызы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, өңір басшысы бұл жылды жаңа мүмкіндіктер кезеңі екенін айтып, еңбек адамдарына табыс пен кәсіби жетістіктер тіледі.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл –
еңбек адамының мәртебесін көтеруге, кәсіптік-техникалық білім беру саласын дамытуға және жастардың нақты еңбекке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған ауқымды бастама, — деді А.Байханов.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев та Жұмысшы мамандықтар жылының маңыздылығын атап өтті. Ол жастарды кәсіптік білім алуға ынталандыру, өндіріс пен өнеркәсіпке жаңа буын мамандарын тарту арқылы елдің тұрақты дамуына қол жеткізуге болатынын айтты. Сондай-ақ, бұл бастаманың жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлін қайта бағалауға мүмкіндік беретінін алға тартты.
— Жұмысшы мамандықтар – еліміздің экономикасының берік іргетасы. Бүгінде білікті мамандарға сұраныс бұрынғыдан да жоғары. Сондықтан мемлекет техникалық және қызмет көрсету саласындағы кадрлардың мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жастардың кәсіптік білім алуға деген қызығушылығын арттырып, оларды өндіріс пен өнеркәсіпке тарту – біздің басты міндетіміз. Жұмысшы мамандықтар жылы осы бағыттағы нақты қадамдарға жол ашады, ал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар әрдайым құрметке лайық, — деді Ермек Беделбайұлы.
Жиын барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар өздерінің еңбек жолындағы жетістіктері, ұйымдарының атқарған қызметтері туралы қысқаша баяндады. Сондай-ақ, кездесу барысында жас буын тарапынан мамандық-тарды жақсарту, жұмыстарды оңтайландыру бойынша ұсыныс пен кеңестер айтылды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген — Е.Исабек.