Аймағымызда АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері қала-аудандарды аралап, шалғай ауылдардағы тұрғындармен жүздесуде. Апта басында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай бастаған топ Ақсу қаласы мен Май ауданындағы жұртшылықпен жүздесті.
Халықтық штаб өкілдері Ақсу қаласы мен Май ауданы Малайсары ауылының тұрғындарына атом электр станциясын салудың маңыздылығы туралы ойларын ортаға салып, кездесуге қатысушыларды республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
— Штаб өкілдері күн сайын қала-аудан, шалғай ауылдарды аралауда. Мұндағы мақсат – халыққа республикалық референдумның маңыздылығын, АЭС-тің қажеттілігін түсіндіру. Әрбір тұрғын еліміз үшін маңызды науқаннан қалыс қалмауы тиіс. Азаматтық ұстанымдарын көрсету үшін 6 қазан күні өтетін шараға қатысулары керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай.
Кездесуге қатысушылар штаб өкілдеріне АЭС-ке қатысты сұрақтарын қойды.
Бұдан бөлек, Халықтық штаб өкілдері Аққулы ауданындағы Қазантай, Малыбай, Қазы ауылдарындағы жұртшылықпен жолықты.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.