Жуырда аймақ басшысы Асайын Байханов Шідерті ауылы және Екібастұз қаласына барды. Сапар барысында Шідерті ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін жаңарған балабақшаның жұмысымен танысып, қаладағы қатты жел салдарынан зақымданған тұрғын үйлердің қалпына келуі, кәсіпорындарда жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстарын тексерді.
Заманауи балабақша
Бүгінде Шідерті ауылында жөндеуден өткен №11 сәбилер бақшасы бүлдіршіндердің уақытын тиімді өткізуге арналған заманауи жаңа жабдықтармен толықты. Ғимараттың терезелері, қасбеті, инженерлік желілері жаңартылды, аумағы абаттандырылып, ойын алаңдары жабдықталды, сонымен қатар, сапалы жиһаздар сатып алынды. 1966 жылы салынған 100 шаршы метрлі мекемеде 103 бала тәрбиеленеді. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында тағы 40 бала жолдама алатын болады.
– Осыдан екі жыл бұрын ауыл тұрғындары аталмыш балабақшаның ескіріп, жөндеу жұмыстарының қажеттілігін айтқан еді. Бүгінде жоспарымыз Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының қолдауымен іске асып отыр. Бастысы – істен шыққан қазандық жаңарып, бұдан былай ата-аналар балабақшаның жылуына еш алаңдамайтын болды. Мұндай ірі кәсіпорындардың
қаржылық көмегінің арқасында тұрғындарымыздың өзекті мәсе-лелері шешілуде, – деді Асайын
Байханов.
Балабақшаның басшысы Назерке Кенжинаның айтуынша, бүгінде «Индиго» платформасы бойынша 67 бала кезекте тұр. Ұжымда 22 педагог қызмет етеді. Сонымен қатар, «KazМineralsВozshakol» демеушілігімен 2013 жылы 24 млн теңгеге қазандық салынып, биыл 295,4 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қалпына келтіру жұмысы қарқынды
Сондай-ақ, Асайын Байханов сапар барысында Екібастұз қаласында қатты жел салдарынан зақымданған тұрғын үйлердің қалпына келуі мен кәсіпорындардың жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстарын тексерді. «Grappa Stroy», «Energy Solutions Center», «РЛК Строй», «АльянсПромСтрой» ЖШС басшылары жаздың соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауға уәде берді.
– Жел салдарынан оңтүстік және шығыс Қазақстанды электр энергиясымен қамтамасыз ететін «KEGOC» АҚ желілері істен шықты. Жергілікті «KEGOC» компаниясы және көрші аймақтар қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты. Қазіргі уақытта тиісті істер аяқталды. Алты шағын ауданның 90 көпқабатты үйі жарықсыз қалып, екі-үш сағат аралығында электр энергиясы қалпына келтірілді, – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Аталмыш кәсіпорын филиалының директоры Азамат Әміреновтің айтуынша, бұған дейін мұндай жоғары жылдамдықты жел ешқашан болған емес.
– Балқашқа қарай өтетін 17 транзиттік желі желдің салдарынан үзілген. Қысқа мерзімде Ресей Федерациясының Ертіс қосалқы станциясы 1-ші ГРЭС-ке жарық қосылды. Семей қосалқы станциясында күндіз сағат 12-ден түнгі екіге дейін ақауларды жою жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта 130 қызметкер, 90 техника үздіксіз қызмет еткен, – деді Азамат Әміренов.
Сапар барысында аймақ басшысы қатты дауылды желден кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына ерекше назар аударды. Апаттың салдарынан 66 көпқабатты үй, 9 жеке тұрғын үй, 1 колледж және басқа да бірқатар нысан зақымданды. Жалпы ауданы 7700 шаршы метрден асатын алты әлеуметтік және әкімшілік ғимараттың шатыры
қирады.
Одан бөлек, дауыл салдарынан екі әйел адам зардап шегіп, олардың бірі – 1948 жылы туған Бутина Раиса Алексеевна үйінің жеке учаскесіндегі ағаштың құлауынан жарақат алып, бір аптадан кейін ауруханада қайтыс болды. Әкім марқұмның отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
Жылу маусымына дайындық жүргізілуде
Екібастұз қаласының жылу-электр станциясында қорытынды жиын өтті. Қала әкімі Аян Бейсекин жартыжылдық еңбектің оңтайлы нәтижелерін алға тартты.
– Жылыту маусымы бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл сайынғы тәжірибе негізінде жұмыс үш бағытта жүзеге асуда. 5-ші қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның ішінде күрделі жөндеулер бар. Бүгінгі таңда №8 және 11 қазандық агрегаттарында жұмыс аяқталды. Сондай-ақ, гидравликалық сынақтар бойынша 195 ақау анықталған. Оған тиісті жұмыстар жүргізіліп, қалпына келтірілді. Осы күнге дейін онға жуық желі ауыстырылды. Қаламызда 599 көппәтерлі тұрғын үй және 69 әлеуметтік нысан сумен қамтамасыз етілген, – деді қала әкімі.
Кездесу соңында облыс әкімі барлық қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру жұмыстарын күшейтуді және барлық жөндеу-қалпына келтіру іс-шараларының белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Салтанат ҒАББАС, Екібастұз қаласы.