Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Әуелі Екібастұз қаласына аялдап, көмірлі шаһардың қысқы маусымға дайындығын тексерді. ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Екібастұздықтардың сабырлығын ерекше атап өтіп, мұндай оқыс жағдай енді қайталанбауы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ,
Президент әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралады.

«Жеке бақылауда болады»

Мемлекет басшысы алдымен Екібастұздағы жылу-электр орта-лығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, техникалық аудит нәтижесінде Екібастұз ЖЭО акционерлерімен бірлесіп, қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілген. Орталық Азиялық Электроэнергетикалық Корпорациясы жылу желілерінің әбден тозығы жеткен учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы және ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына қатысты техникалық шешімдерді әзірлеген. Жоспарға сәйкес «ОАЭК» АҚ-ның жеке қаржысы (8,2 млрд теңге) және Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен (8,5 млрд теңге) барлығы 10 қазандық агрегаты (5 бу және 5 су жылыту) жөнделмек. Нысанның жай-күйімен танысқан Президент Үкімет пен облыс әкіміне Екібастұз ЖЭО-сының қызметін қалпына келтіру жұмыстарының сапасы мен мерзімін айрықша бақылауға алуды тапсырды.

– Жағдай күрделі. Көп нәрсе тозған. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып, әрқашан бақылауда ұстау қажет. Былтыр қыстағы жағдай осы қалада да, басқа қалада да қайталанбауы керек. Бұл – Үкімет пен барлық әкімдердің жауапкершілігі. Болған жағдайдан ащы сабақ алдық. Ел азаматтары мен аталған қалалардың тұрғындарына шыдамдылық пен түсіністік танытқаны үшін алғыс айту керек. Бірақ үнемі төзе беруге де болмайды. Сондықтан тиісті шараларды қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Мемлекет басшысы орамішілік және магистральдік желілердің, сондай-ақ қаладағы тұрғын үй қорының алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді. Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде магистральдік және орамішілік желілерге жүргі-зілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ, Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр. Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойынша Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-ға техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдік құбырдың құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл шешім қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз
етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету пара-метрлерін айтарлықтай жақсартады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет келесі жылдан бастап аталмыш жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтап жатқанын жеткізді.

– Бес су жылыту қазандығын мемлекет балансына алып, оны жөндеу жұмыстарына Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат қондырғыны толығымен күрделі жөндеуден өткізуге жетеді. Нәтижесінде қысқы жылыту маусымында қазандықтар 90 пайыз қалыпты жұмыс істеуге қауқарлы болады. Сондай-ақ, Үкімет резервінен бөлінген 9 млрд теңгеге қаладағы 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылуда. Мұндай ауқымды күрделі жөндеу Екібастұз қаласында бұған дейін болған емес. Алдағы жылыту маусымына дайындық жоғары деуге толық негіз бар. Жөндеу жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі жылы тағы 8,9 млрд теңге қаражат бөліп, жылу жүйесін жаңғырту көзделіп отыр. Атап айтсақ, 2,2 млрд теңгеге техникалық су құбырның құрылысы жүргізілсе, 6,7 млрд теңгеге VII/1 жылу магистралін салу жоспарда бар. Екібастұз қаласында 689 көпқабатты тұрғын үймен қатар, бес жарым мыңға жуық жеке үйлер бар. Оның 4,5 мыңы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бұл қаланың жылумен қамту жүйесіне әжептәуір салмақ салады. Осы ретте, қаланың жылу жүйесін жаңғырту тетіктері қарастырылатын болады. Биыл Павлодар қаласындағы «ТМ-37» жылу магистралінің құрылысына да 4,2 млрд теңге бөлінгенін атап өткен жөн, – деді Роман Скляр. Президент жұмыс сапары барысында қыркүйек айында жарияланатын Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық саясаты туралы өзінің көзқарасын баяндауды жоспарлап отырғанын айтты.

– Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін Қазақстанның экономи-калық дамуына тың серпін беруіміз керек. Жауапты тарихи сәт келді. Демек Қазақстан экономикасы да қазіргі деңгейде қала алмайды. Сөзсіз солай боларына сенімдімін. Үкіметтің міндеті – тиісті ұсыныстар беру. Бұл – бірінші. Екіншіден, осы ұсыныстарға сәйкес дайындалатын жоспарларды іске асыруға кепілдік беру. Бірақ мен жаңа экономикалық модельді іске асыруға және дайындауға қатысты көзқарасымды жасырмаймын. Жақында Жоғары экономикалық кеңестің отырысын өткіздім. Ашығын айтқанда, сол жиында отандық экономистерді сынға алдым. Менің ойымша, олар істі соңына дейін жеткізе алмайды. Креативтілік жоқ. Біздің және жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді түсінбейді. Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет. Халқымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету еліміздің экономикасының даму тұжырымдамасына қатысты біздің ұстанымымызға тікелей байланысты. Мұны түбегейлі шешімдерсіз еңсеру қиын. Біз еліміздің экономикалық дамуына тың серпін беруге бағытталған осы өте маңызды жұмысқа бірге кірісуіміз керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы Екібастұз тұрғындарымен әңгімелесу барысында қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін алғыс айтты.

– Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек.
Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлылық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы. Екібастұз қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов Президенттен жылу жүйесіндегі жөндеу жұмыстарын жеке бақылауына алуды және қалалық «Шахтер» саябағын жөндеуді сұрады. Президент қаланы абаттандыру мәселесі шешілетінін айтты.

– Орынды сауал. Жалпы, Екібастұз – өте керемет қала. Мен өзім бұл қаланы жақсы көремін. Бұл қаланы абаттандыруды қамтамасыз ету керек. Міндетті түрде. Сондықтан мұндай тапсырманы әкімшілікке беріп жатырмын. Бұл жұмыс орындалады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Тек қана саябақ емес, басқа мәселелер де бар. Бұл түйткілдердің бәрін міндетті түрде шешу керек. Әкім жаңадан тағайындалды. Сондықтан жұмыс өте көп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтып, Президенттен қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселесін көтерді. Көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады. Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.

– Дұрыс айтасыз. Назарға аламыз. Қысқа уақытта Шығармашылық үйін саламыз. Жалпы, бізге ел көлемінде өскелең ұрпақтың игілігі үшін нысандарды көбірек салу керек. Спортпен айналысу керек екенін айтып жүрмін ғой. Балалаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайықты спорт алаң-дары, стадиондар қажет. Тіпті, ондай спорт нысандары елордада да жетіспейді. Сондықтан әкімдер бұл мәселемен міндетті түрде айналысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Инвестиция игілігі

Президент жұмыс сапары барысында Павлодар облысының кәсіпорын өнімдерімен танысты. Көрмеге тамақ және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы сондай-ақ металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы кәсіпорындардың өнімдер көрмесін аралап көріп, жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті. Бизнес-қоғамдастық өкілдерімен әңгімелесу барысында Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда соны серпіліс жасап, қажетті ынталандырулар мен преференцияларды пысықтау қажет екенін айтты. Бұдан кейін Президентке Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Облыс әкімі Екібастұзда құны 35 миллиард теңге болатын техникалық кремний өндіру зауыты салынатынын айтты. Cондай-ақ облыста EkibastuzFerroAlloys компаниясының зауыты іске қосылмақ. Жобаға 92 миллиард теңге инвестиция құю көзделіп отыр. Сондай-ақ, жоба аясында 1500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал теміржол машинасын
жасау саласында RailCastSуstems компаниясы инвестиция көлемі 78 миллиард теңгені құрайтын ұсталық-бандаж өнімдерін шығару кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысына Poly Metal International plc халықаралық компаниясы қолға алған ірі жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде де мәлімет берілді. Жоба аясында құрамында алтыны бар 300 мың тонна концентратты қайта өңдеп, одан 15 тонна алтын алу жоспарланған. Өндіріске құйылатын инвестиция көлемі – 347 миллиард теңге. Бұдан бөлек, Президентке өңірдегі электроэнергетикалық кәсіп-орындардың техникалық жағдайы туралы баяндалды. Облыс әкімі Асайын Байханов ГРЭС-1 және ГРЭС-2 энергоблоктарын, сондай-ақ Ақсу қаласындағы электростанцияны жаңғырту жұмыс-тары 2024 жылы аяқталатынын айтты. Сонымен қатар аймақ басшысы азық-түлік өндірісін ұлғайту перспективасы жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, облыста сүт өндірісі және оны қайта өңдеу көлемі артып келеді. Биыл қосымша жаңа заманауи 10 ферма салынады. Оған 30 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді және әлеуетті инвесторлар тарту бойынша жұмыс-
тарды жалғастыруды тапсырды Бұдан кейін Мемлекет басшысы «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын құрылыс материалдарын шығарумен және түрлі мақсатта қолданылатын нысандар салумен айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын цехтарын аралап, зауыт өнім-дерімен танысты. Мұнда бетон, іргетас блоктары, кірпіш секілді құрылыс материалдары өндіріледі. Таяуда зауытта төмен қысымды полиэтиленнен диаметрі үлкен құбырлар шығаратын өндірістік желі іске қосылды. Өнім шаруашылық-ауызсу және техникалық сумен жабдықтау құбырларын салуда кеңінен қолданылады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бүгінде өндіріс инфрақұрылымына 20 миллиард теңге шамасында инвестиция құйылған. Сонымен қатар зауыт мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша әлеуметтік тұрғын үйлер салуға қатысады. Кәсіпорын жаңа өндірістерді іске қосып, көппәтерлі түрғын үйлерді пайдалануға беруді, соның ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында жылына 100 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Зауыт ұжымымен әңгімелесу барысында Президент отандық құрылыс индустриясын дамытудың маңызды екенін атап өтті.

– Cіздер экономикамыздың лайықты секторына айналдыңыздар. Осы сала мемлекет тарапынан қолдауға ие болуына мүдделімін. Әлбетте, біз адал серіктес ретінде қолдау білдіреміз. Тағы да қайталап айтамын. Шағын және орта бизнестегі ахуал бүкіл экономикамыздың дамуына елеулі түрде ықпал етеді. Сондықтан сіздер менің ұдайы назарымда боласыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Жастарға сенім мол

Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ASTANA VISION PAVLODAR клиникасына барды. Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарға офтальмологиялық қызметтер көрсететін медицина мекемесінің жұмысымен танысты. Президент диагностикалық-емханалық кешенін, стационар бөлімін, сондай-ақ лазер орталығы мен операциялық блокты аралап көрді. Мекеме басшылығының айтуынша, клиника ай сайын көз ауруына шалдыққан 1000-ға жуық науқасты қабылдап, 200-ге тарта ота жасайды. Пациенттер ақылы түрде де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында да диагностикадан өте алады. Клиника қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Президент өңірлерде осындай жоғары технологиялық арнаулы медицина мекемелерінің ашылуы өте маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы орталық ұжымының жауапты қызметіне табыс тіледі. Бұдан кейін Президент аймақтық IT Hub-қа барды. Мемлекет басшысы Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің негі-зінде құрылған аймақтық IT-Hub қызметімен танысты. Мұнда ақпараттық қауіпсіздік және машина жасау саласының болашақ мамандары ІТ-нарықтағы заманауи машықтарды меңгеріп, бизнес серіктестер табады. Қала оқушыларына мектеп жасынан кәсіптік бағдар беру үшін IT-Hub базасында «Робототехника», «Графикалық дизайн», «3D-прототиптеу» бағыттары бойынша курстар ұйымдастырылған. Сондай-ақ ересектерге арналған компьютерлік сауат ашу курсы бар. Президент желілік және жүйелік басқару, 3D-прототиптеу зертханаларын, сондай-ақ металды лазермен кесу цехын аралап көріп, оқытушылармен әңгімелесті. Кейін Мемлекет басшысы Павлодар облысының креативті жастарымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, еліміздің келешегі жоғары технологиялардың даму деңгейіне байланысты екенін атап өтті.

– Бір ғана Павлодар облысында осыншама талантты жастар бар. Сондықтан сіздер еліміздің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосатындарыңызға ешқандай күмәнім жоқ. Мен жастарға әрдайым көңіл бөлемін. Біздің жастарымыз, ең алдымен, ұқыпты, еңбекқор, ойы ұшқыр, креативті, іскер болуы керек. Мен жастарға үлкен үміт артамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Павлодар облысына жасаған жұмыс сапа-рында өңірдің әлеуметтік-эконо-
микалық дамуында көрсеткіштерді арттыруды тапсырды.

 

akorda.kz сайты мәліметтері бойынша әзірленді.