Кез келген зайырлы мемлекеттің негізгі тірегі – Конституция. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы басты құжаттағы баптардың орындалуына байланысты. Халық аманатын арқалаған Парламент депутаттары өз қызметін жүзеге асыруда Ата Заңға сүйенеді. Құқықтық жүйені дамытудың кепілі де — осы құжат. Заң шығару ісінің жемісті жүзеге асуы да Конституцияға тікелей байланысты. Осы орайда, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ернұр Әйткеновпен тілдескен болатынбыз.
— Ернұр Нұрмұханұлы, кез келген зайырлы мемлекеттің тірегі – Конституция. Сіз үшін басты құжаттың маңыздылығы неде?
— Конституция – мемлекетіміздің мызғымас тірегі, заң үстемдігінің басты іргетасы. Адамдардың негізгі құқығына кепілдік беретін құжат. Татулықты ту еткен халқымыз үшін береке-бірліктен асқан бақыт жоқ. Сондықтан бейбіт елдің ырысын арттырып отырған да — осы Ата Заң.
Еліміздің өркендеуіне қазіргі Конституцияның ықпалы зор. Cаяси, экономикалық және қоғамдағы жетістіктердің барлығы Ата Заңның арқасында қалыптасты. Себебі Ата Заң — мемлекеттегі әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруіне, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын құжат.
Бейбіт елдің ауасымен тыныстап, қалаған қызметте еңбек етіп, таңдаған оқу орындарында емін-еркін білім алуымыз, балаларымыздың балабақша, мектепке еш кедергісіз баруына да осы құжат себеп. Тәуелсіз елде өмір сүріп, ұрпақ өсірудеміз. Дамыған мемлекеттермен иық тірестіріп, шет ел аралаймыз. Осындай мүмкіндікті бізге Конституция сыйлап отыр. Сондықтан басты құжаттың маңыздылығы жоғары.
— Биыл Ата Заңымызға — 29 жыл. Осы уақыт аралы-ғында басты құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соңғы өзгертулер 2022 жылы бүкілхалықтық референдум кезінде қабыл-данды. Жаңартылған Конституция ұлтқа қалай қызмет етуде?
— Кез келген елдің азаматы секілді біздің елдің азаматтарына да Конституциясы қадірлі. Ол — заңдардың атасы, адам құқық-тары мен бостандықтарының кепілі. Референдум осы Конституциямызды нығайту, әділетті, азаматтық қоғам орнатудың жолындағы жемісті қадам болды деп есептеймін. Атап айтсақ, Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот құрылды. Бұл — азаматтардың құқығының қорғалу сапасы артты деген сөз. «Құқығым бұзылды», «барар жер, басар тауым қалмады, әділеттікке жете алмадым» деген кез келген азамат Конституциялық Сотқа шағым түсіре алады. Тағы бір маңызды қадам — өлім жазасының алынып тасталуы. Мұны ізгілендіру процесінің жалғасы дер едім. Басқару тетігінде халықтың тұрмыс-салты, саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы ескерілуде. Мұны демократиялық, зайырлы қоғамға ұмтылудың озық үлгісі деп қабылдауымыз қажет. Мысалы, қазір Конституциялық Кеңес, Конституциялық Сот, Есеп комитеті, өзге де үкімет мүшелері енді қандай да бір партияға мүше бола алмайды. Партияға мүше билік өкілінің оның қызығушылығын, мүддесін қолдап кететінін алдыңғы тәжірибе көрсетті. Сондықтан бұл оңды өзгерістің басы дер едім.
Бұрын Сенаттың он бес адамы Президенттің пәрменімен депутат атанатын еді. Қазір 10-ын Президент тағайындап, бесеуін Ассамблея белгілейді. Біз осылай суперпрезиденттік жүйеден Президенттік-Парламенттік басқаруға көштік. Мұндай саяси реформалар ел өміріне айтарлықтай өзгеріс әкелуде.
— Демек, Парламент депутаттарына артылатын жүк те еселене түсті ғой…
— Сөзсіз. Жоғарыда атап өткенімдей, еліміз суперпрезиденттік басқару формасынан парламенттің күші басым жүйеге көшті. Қарапайым тілмен айтсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев қолындағы билікті бөліп берді. Ол өз өкілеттігінің бірқатарын Парламентке беріп, заң шығарушы органның ықпалын арттырып отыр. Иә, расында саясаттағы, экономикадағы монополия жақсылыққа апармайтынын көз көрді. Осылайша, Парламент депутаттарының міндеті де, жауапкершілігі де артты.
Жаңашылдық Парламентке ғана емес, Үкіметке де зор жауапкершілік жүктеп отыр. Жаңа өзгерістерге сәйкес енді үкіметтің ерекше құзыреті бар. Яғни, төтенше не шұғыл жағдайларда министрлер кабинеті заң жобасын әзірлеп оны Парламент жедел қарауы тиіс. Мысалы пандемия, қаңтар оқиғасы сынды жағдайларда жедел әрекетке қағазбастылық кедергі келтіріп, уақыт ұттырып алған жағдайлар болды. Енді Үкімет заң күші бар нормативтік-құқықтық акт қабылдай алады. Яғни, атқамінерлер бұрынғыдай «заң кедергі болды», «бұл ұзақ процесс» деп ақтала алмайды. Ел аумағындағы кез келген мәселені жедел шешуге мүмкіндік бар.
— Ата заңға енгізілген күрделі, маңызды жаңашылдықтар іс жүзінде қаншалықты нәтижелі жүзеге асырылуда?
— Қазір тұтас саяси жүйе жаңғыру жолында. Бұл бір күндік реформалар емес. Яғни, жүйелі, бірнеше жыл қатарынан жүретін, еліміздің дамуын келесі бір сатыға көтеретін демократиялық реформалар деп білеміз. Дей тұрғанмен, Конституцияда көрініс тапқан жаңа талаптар жедел жүзеге асырылып келеді. Оны соңғы жылдардағы саяси науқандардан-ақ айқын көруге болады.
— Заң үстемдігін қамтамасыз етуде ел азаматта-рының міндеті қандай болуы тиіс? Халыққа жүктейтін жауапкершілігі қандай?
— Кез келген елде Конституцияның құндылығы өте жоғары болып саналады. Ел Президенті өз Жолдауында азаматтардың құқықтық санасын арттыру мәселесіне ерекше мән берді. Заңның үстемдік құруындағы басты баспалдақтың бірі – азаматтардың Конституцияны түсіне білуі. Бізде құқықтық сауаттылық тек заңгерлерде болуы керек деген түсінік бар. Қарапайым азаматтардың да өз құқықтарын білуі маңызды. Сонда ғана адамдар өздерін қорғауды үйренеді. Азаматтылық деген ұғымның өзі мемлекетпен құқықтық байланысты заңдастыру дегенді білдіреді. Бұл — мемлекетпен тұрақты саяси-құқықтық байланыс. Сондықтан жұртшылықтың құқықтық сауатын арттыруға ерекше мән берген жөн.
— Конституция күніне орай оқырмандарымызға қандай тілек айтар едіңіз?
— Ардақты жерлестер! Баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын. Бейбіт ел болып, береке-бірлігіміз арта берсін! Тәуелсіз еліміз өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!
— Айтқаныңыз келсін. Рахмет!
Сұхбаттасқан — Айдана ҚУАНЫШЕВА.