Ерекше балалар өсіріп отырған ата-аналардың зейнетке шығу жасын төмендету қажет. Осындай талапты аймағымызға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумовамен Respublica партиясының облыстық филиалында өткен кездесуде павлодарлық «Алтын бата» қоғамдық қорының мүшелері алға тартты.

Қоғамдық қордың директоры Евгения Стельвага елімізде күні-түні өмірін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап жатқан ата-аналар ерте зейнетке шығу керек деген пікірде. Бұл ұсыныстарын бұған дейін де билікке білдіріпті.

— Ерекше балалардың ата-аналарының зейнетке шығу жасын төмендетудің кезі келді. Елімізде қанша адам ауру баласын бағып, денсаулығынан айырылып, ерте кетіп жатыр. Бірақ, олардың есебі де жүргізілмейді, жалпы жағдай сараланбайды. Тірек-қимыл, менталдық бұзылыстары бар балалар өскен сайын көп күшті қажет етеді. Көтеріп бір жерден екінші жерге жеткізудің өзі оңай емес. Күні-түні қасынан шықпай, жағдайын жасайды. Бұл — адамның денсаулығы үшін айтарлықтай салмақ. Шыны керек, уақыт өте көп ата-ананың денсаулығы сыр беріп, кейбірі өмірден де кетіп жатыр. Сондықтан, бұл мәселені шешу керек, — деді Евгения Александровна.

Айта кетейік, аталмыш қор мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналардың басын қосып, ортақ мәселелерін жоғары жаққа жеткізу мақсатында 2015 жылдан бері жұмыс істеуде. Қор мүшелері өздері сияқты қамкөңіл ата-аналардың жанайқайын құзырлы органдарға жеткізуден аянбауда.

Депутат Динара Наумова бұл мәселені жақсы білетінін, Мәжіліс мінберінен көтеріп жүргенін атап өтті.

— Бұл мәселені Мәжілісте қозғадым. Бір оң шешімге жету үшін, әрине, біраз уақыт қажет. Мемлекеттік органдардың барлығы мұндай өзге-ріске баруға құлықсыз. Өздерінің дәйектерін келтіруде. Ахуалды барынша салмақты етіп, жіліктеп жеткізу үшін нақты қадамдар айқындалып жатыр. Бірқатар әріптестерім бұл мәселеге қатысты депутаттық сауалыма үн қосты. Одан бөлек, өзім бастамашыл болып мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы заң жобасын өз атымнан ұсынбақпын. Бұл құжатта да сіздер айтып отырған зейнет жасына қатысты мәселе де кіреді. Бәріміз бірлесіп, ортақ күшпен оң нәтижеге жетеміз деген үміттемін, — деді Динара Рустамқызы.

Одан бөлек, ата-аналар зейнет жасын төмендетумен қатар осы санаттағы азаматтарға төленетін жәрдемақыны есептеу тәртібі де өзгеруі тиіс екенін атап өтті.

— Аптасына екі күн екі сағатқа келіп, балаға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ауыр деген санатқа жатқызылады. Айлықтары — 200 мың теңге. Ал тәулік бойы баласын бағып, еңбекке араласа алмайтын ата-аналардың жәрдемақысы мардымсыз. Оларға физикалық ауыртпалықтан бөлек психологиялық та салмақ түсіп отыр. Мұны да ескеру керек, — дейді «Алтын бата» қорының директоры.

Кездесуде ерекше балалардың тісін емдеуге қатысты да мәселе көтерілді. Әсіресе, 18 жастан асқаннан кейінгі ахуал алаңдатады. Себебі, есейді деп оларды наркозбен тегін емдеу тізімінен шығарып тастайды. Ал аналар менталды бұзылыстары бар балалар құжат жүзінде есейгенмен, шын мәнінде кішкентай сәби күйінде қалып жатқаны ескерілмейтініне налиды. МРТ сияқты аппараттық зерттеулерді де наркозбен тегін жүргізу мүмкіндігі жоқ көрінеді. Міне, осы және өзге де мәселелер кең талқыланып, депутат қағазға түртіп алды. Мәжіліс деңгейінде көтеруге уәде етті. Динара Наумова ата-аналармен алдағы уақытта да зум арқылы байланысқа шығып, нақты дәйектермен мәселелерді назарға алмақ. Ал өңір деңгейінде шешу мүмкіндіктері бар сұрақтармен партияның облыстық филиалының төрағасы Махамбет Амангелдіұлы айналыспақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.