Инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды

Жел 25, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Сонымен қатар, тұрғындармен тұрақты кездесу өткізіп, көпшілік көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды.

Алдымен аймақ басшысы шаһардағы тұрғын үйлер құрылысының алаңына барды. Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, баспаналардың құрылысы қарқын алып келеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 75 мың шаршы метр көлемінде үйлер салынса, биыл 100 шаршы метрге жетті. Келесі жылы бюджет есебінен төрт, жеке инвестициялар қаржысына бес баспана құрылысы қолға алынбақ. Дей тұрғанмен, күрмеулі мәселе де бар. Айталық, биыл шілде айында құрылысы аяқталған пәтерлер әлі күнге дейін тұрғындарға үлестірілмеген. Белгілі болғандай, бұған «Отбасы банктің» үйді тапсыруға байланысты құжаттары мен пәтер ішіндегі тұрмыстық қажеттіліктердің дер кезінде дайын болмауы себеп. Банк өкілдері алдағы 3 айда мәселенің шешімі табылып, аула мен подъездегі жарық іске қосылатынын айтты. Нәтижесінде, төлеу қабілеттілігі расталған 180 пәтер иелері  көптен күткен қуанышына қол жеткізеді.

Одан бөлек, Асайын Байханов 1987 жылы салынған, бірақ кейінгі кездері қараусыз қалған ғимаратқа барды. Жергілікті билік бұл нысанды «KazMinerals» компаниясының қаржылай көмегімен қалыпқа келтіріп, оны балабақшаға айналдырмақ ниетте. Қазан айында басталған қалпына келтіру жұмыстары келесі жылдың тамыз айында аяқталмақ. Қазіргі таңда ескі жабдықтар мен жиһаздар алынып, орнына жаңа терезелер орнатылды. Енді сыртқы инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сөйтіп, жаңа балабақшада психикалық дамуы кешеуілдеген, тірек-қимыл аппараты, зияткерлік дамуы мен әлеуметтік өзара әрекеттесуінде ерекшеліктері бар балаларға арналған сегіз топ ашу жоспарланып отыр.

Кейін облыс әкімінің сапары тұрғындармен тұрақты түрде өтетін кездесумен жалғасын тапты. Аймақ басшысы Екібастұзда атқарылған ауқымды істерге тоқталып, алдағы уақытқа жүйеленген жоба-жоспармен бөлісті.

— Қала мен оған қарасты ауылдық аймақтарда қордаланып қалған мәселелерді шешіп, жұртшылықтың жайлы жағдайда өмір сүруіне баса көңіл бөлініп келеді. Соңғы үш жылда Екібастұз қаласын дамытуға 224 млрд теңге қарастырылды. Бұл ретте инфрақұрылымды жаңғыртуға баса мән берілді, — деді аймақ басшысы.

Әсіресе, инженерлік-коммуни-кациялық желілер әбден тозып, апаттар жиі орын алып, тұрғындар жылусыз, сусыз қалатын болғандықтан магистральдар тарту, құбырларды ауыстыруға басымдық берілді. Соңғы үш жылда ең проблемалы алты жылу магистралі қайта жаңғыртылып, олардың жалпы ұзындығы 21 шақырымнан асты. Сонымен қатар, ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын жаңа ЖМ-7/1 жылу магистралі салынды. Одан бөлек, тозу деңгейі мен апат қаупі жоғары болған аумақтарда 100 шақырымнан астам жылу желісі жөнделді. Сөйтіп, үйлер жылынып, жылуға қатысты наразылықтар айтарлықтай азайды. Сол сияқты үш жылда қаланы абаттандыруға 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл сомаға 12 мың көше шамдары, 186 аулада балалар мен спорт алаңдары орнатылып, 194 аула асфальтталды. Сондай-ақ, 20 жаңа футбол алаңы мен 10 хоккей корты салынды.

Әлеуметтік сала да ескерусіз қалған жоқ. Атап айтқанда, «Самғау» шығармашылық орталығы салынып, Шідерті ауылындағы балабақша қайта жаңартылды. Бүгінде Атығайда жаңа мектептің құрылысы аяқталып қалды. Ал келесі жылы №21, №35 мектептер мен Сарықамыс ауылындағы мектеп жаңартылмақ. Оған қоса, 31-ші шағын ауданда балабақша, Бәйет пен Әлкей Марғұлан ауылдарында медициналық пункттер ашылады.

Сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар жаңадан бой көтерген 21-інші шағын ауданға да мектеп керек деген ұсыныс білдірді. Мұнда көпқабатты 15-тен астам үйде тұратын балалар өзге аудандардағы білім ордаларына баруға мәжбүр. Сондықтан аудандағы бос аумаққа оқу орнын салу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Асайын Қуандықұлының айтуынша, алдымен қазіргі мектептердің жүктемесін теңестіріп алу керек. Содан соң ғана жаңа мектеп жайлы сөз қозғауға болады.

Ал Мәншүк Мәметова көшесінің бойындағы көпқабатты үйдің тұрғын-дары жертөледегі құбырлардың жаппай жарылып, салдарынан жиі су басатынына шағымданды. Бұл ретте аймақ басшысы үйдің ішкі комму-
никациялары тұрғындардың мүлкі екенін алға тартып, әкімдік тарапынан тек уақытша көмек көрсетілуі мүмкін екенін алға тартты.

Сонымен қатар, тұрғын үй кезегі, экология, ағаштарды кесу, қоғамдық көліктер жүрісіне қатысты сауалдар қойып, облыс басшылығы тұшымды жауап берді. Жылу, жолға қатысты мәселелердің шешілуі, ауылдағы іргелі істердің атқарылуына байланысты алғысын білдірген тұрғындар да болды.

С.ҒАББАС, Екібастұз қаласы.