ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері «Ертіс орманы» резерватына арнайы барып, орманшылардың жағдайымен таныс болды. Сондай-ақ, қорықтың күн тәртібінде тұрған мәселелерін талқылады.

Халық қалаулыларының қатарында павлодарлық Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантайұлы және Вера Ким бар. Орман шаруашылығын қорғау қызметінің бөлім басшысы Қобыланды Атығаев атқарылған жұмыстармен қатар, саладағы мәселелерді де тілге тиек етті. Оның айтуынша, былтыр орманшылардың жалақысы өскенімен, жүргізушілер мен өрт сөндірушілердің еңбекақысы көтерілмеген. Бұл жағдай кадр тапшылығын тудырып отырған жайы бар.

– Сала ардагерлері біртіндеп зейнетке шығып жатыр. Ал жастар бізге жұмыс істеуге келмейді. Жүргізушілер, тракторшылар, тазалаушылар және өзге де жұмыс-шылар азаматтық қызметкерлер санатына жатпайды. Бұған қоса, олар ауылдық жерде жұмыс істегені үшін 25 пайыз үстемеақы да ала алмайды. Олардың медициналық жәрдемақысы жоқ. Жалақысы төмен жұмыс орындарында адамдар ұзақ уақыт еңбек етпейді, — деді ол.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тек өрт сөндірушілердің жалақысы өскенін түсіндірді. Сондай-ақ, болашақта техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі қарастырылатынын жеткізді.

– Біздің мақсатымыз – қайғылы оқиғалардан сабақ алып, жағдайдың қайталануына жол бермеу. Тиісті жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Жабдықтарды жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Орман шаруашылығы мекемелерін толғандырған бұл мәселе өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынатын 3 пайыздық лизинг арқылы шешіледі, – деді мәжілісмен.

Ал депутат Вера Кимнің айтуынша, орман шаруашылығы саласына кадр тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану қажет.

– Мамандығы орман шаруашылығы саласына сәйкес келетін жоғары оқу орындарын тәмамдаған жастар шалғайдағы орман шаруашылықтарына жұмысқа орналасуға асықпайды. Себебі, оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайын ұсынатын мүмкіндік жоқ. Кадрларды ұстап қалу үшін салада жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен білім беру гранттарын ұсыну, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй, жұмыс орнын ұсыну тәжірибесін енгізу қажет, – деді ол.

Сонымен қатар, «Ертіс орманында» техника паркін жаңарту жұмыстары сәтті жалғасып жатқаны да сөз болды. Мәселен, бүгінде мұнда 8 трактор сатып алынған.

– Біз Бурабай паркінен кейін екінші болып ерте анықтау жүйесін орнаттық. Биыл сәуір айынан бастап 23 бейнебақылау мұнарасы іске қосылды. Оның кейбірі ақпаратты интернет арқылы емес, телефон желісі арқылы жібереді. Мәселен, 70 өрт ошағының 50-і осы камералар арқылы анықталды. Қызметкерлерді жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру — маңызды іс, – деді орман шаруашылығы бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Аметов.

Айта кетерлігі, резерватта тәулік бойы жұмыс істейтін қосымша 18 өрт бақылау мұнарасы бар. Олар жаңа жүйенің қателігін нақтылау үшін қызмет көрсетуде.

Өз тілшіміз.